Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшілер жаңа қырымен танылды

Мемлекеттік қызметшілер жаңа қырымен танылды

Елдегі мемлекеттік қызметкерлердің рөлі зор. Өйткені, олар қоғамдық өмірдің барлық салаларында жүзеге асырылатын мемлекет саясатының жолсерігі болып табылады. Мемлекеттік қызметкер - халық үшін және ел игілігі үшін қызмет ететін адам.
23 маусым - мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында арнайы кеш өткізіліп, жан-жақты білімімен дараланып, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген сала басшылары мен білікті мамандар жаңа қырларымен көзге түсіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Еркін форматта өткен шара алдымен мемлекеттік қызметкерлер өзара бақ сынасқан асық ату ойыны жарысынан бастау алды. Одан әрі «ВИА Арал» ансамблінің сүйемелдеуімен өз өнерлерін паш етті. Аудан әкімінің аппарат басшысы Н. Бохаев әріптестеріне жүрекжарды өлеңін арнаса, аудандық спорт және туризм бөлімінің маманы Э. Отарбаева «Аралды сүю керек» атты поэзиясын орындады. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің қызметкерлері «Тақиялы періште» қойылымымен көпшілікті тәнті қылды. Аудан әкімінің аппаратының ер-азаматтары «Жігіттер жыры» әнін орындап, жұртшылық көзайымына айналды.
Мерекелік шараның Жақсықылыш кентінің әкімі П. Берсүгіров, аудандық мәслихат, аудандық қоғамдық даму бөлімі, Арал ауданы бойынша білім бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері әуезді әндерімен көркін келтірсе, аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Мемлекеттік қызметшінің өмірінен үзінді» атты сахналық көріністерімен толықтырды.
Салтанатты кеште кеш жүргізушілері жиналған тұрғындармен қаланың әсем орындарынан түсірілген арнайы фотосуреттерден ойындар өткізіп, мемлекеттік қызметшілер арасында түрлі номинациялар табыстады.
Шара аясында «ВИА Арал» орындаушылары мен мемлекеттік қызметкерлерден құралған жаңа ансамбльдің тұсауы кесілді. Ансамбль алдағы уақытта тыңдармандарын жаңа туындыларымен қуантатын болады.
Ортақ еңбек, бірлескен ізденіс, топтасқан болмыспен елдің ертеңі үшін тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметшілер қашан болса да халықтың көңілінен шығуға дайын екенін тағы бір дәлелдегендей болды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
23 маусым 2024 ж. 294 0