Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық мәслихаттың кезекті 22 сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың кезекті 22 сессиясы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті 22 сессиясы өтті. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Төрахметов төрағалық етіп, күн тәрібіндегі мәселелерге тоқталып өтті.
Кезекті сессияда алдымен Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев Арал ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы хабарлама жасады. Аудан басшысы жыл бедерінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, қолға алынған баянды бастамаларды атап өтті. Сонымен қатар елге қызмет етуде барлық халық қалаулыларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Сессияда баяндаманы талқылау барысында аудандық мәслихаттың депутаты Ш.Жангүшікова ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі екенін алға тартып, өзі сайланған аймақ бойынша да қолға алынып жатқан жұмыстар легіне тоқталды.
Мұнан соң Қосжар ауылдық округінің әкімі М.Әбдікеров өзі қызмет жасап жатқан Қосжар ауылы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, елдің талап-тілегінен туындайтын мәселелерді шешуде аудан басшысының үлкен қолдауы бар екенін атап өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы ауданда есепті кезеңде атқарылған жұмыстар көңіл көншітетінін жеткізіп, оң көрсеткіштерге иек артқан аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Сессияда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Р.Тапалов «Арал ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Арал аудандық мәслихатының 2023 жылғы 11 қазандағы №103 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады.
Сосын аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Төрахметов Арал ауданы көлемінде жаңадан құрылған №388 учаскелік сайлау комиссиясын сайлау туралы және «Арал ауданы көлемінде құрылған №№1-55 және №382 учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Арал аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы №175 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде баяндады.
Сессия барысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, көтерілген ұсыныстардың шешім жобасы бір ауыздан мақұлданды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
29 тамыз 2024 ж. 194 0