Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжілісте бірқатар мәселелер талқыланды

Мәжілісте бірқатар мәселелер талқыланды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралды. Жиында аудан әкімі сайлау қорытындысына сәйкес Қосаман, Бөген, Сазды ауылдарының жаңадан сайланған әкімдерін жиналғандарға таныстырып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылап, бірқатар олқылықтарды назарға алды. 2024 жылға «Ауыл аманаты» жобасына құны 381,4 млн теңгенің 56 жобасы жинақталған. Қазіргі таңда, 12 жоба мақұлданса, 19 жоба алдағы болатын комиссия отырысында қаралады деп жоспарлануда. Аталған жоба аясында мардымды жұмыс атқара алмай келе жатқан ауылдық округтер бойынша сын-ескертпелер айтылып, халық арасында түсіндірме жұмыстарының әлі де өз деңгейінде жүргізілмей келе жатқандығын атап өтті.
Аудан аумағындағы санитарлық тазалық мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар ұдайы назарда болғанмен кемшіліктер де бар. Аудан әкімі жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша олқылықтарды арнайы слайд арқылы жауаптылардың назарына ұсынып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.
– Зерделеу жұмыстары жүргізілген елді мекендердің тазалық мәселесі көңілден шықпайды. Елді мекендердің іші мен айналасы қоқысқа толы, демалыс саябақтары қираған, ойын алаңдары тозған. Тіпті, кейбір мекеме басшыларының Мемлекеттік Рәміздерге деген құрметі жоқ, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Жиын соңында аудан әкімі алда үлкен міндеттер мен ауқымды жобалар күтіп тұрғанын айтып, маңызды науқандарды уақытпен санаспай өз деңгейінде өткізу үшін тәртіп пен талап қатаң болатынын ескертті. Ортақ абырой, ортақ мүдде жолында күш біріктіруді алға тартып, жылды нәтижелі қорытындылауда барлық азаматтарды жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
18 қыркүйек 2024 ж. 142 0