“Алаңсыз сөйлеп отыр” Бекболат Тілеухан президенттің отставкаға кетуіне байланысты пікір білдірді

Төрткүл дүниенің төрт бұрышына барса да, “Мен қазақпын” деген сөзді қаймықпай, қомсынбай айтатын дәрежеге жеткен бақытты шағы!
Жауын күйіндіріп, досын сүйіндірген мұнарадай мұнартқан шағы!
Сол мұнараны қолымен қалаған қалаулы жан қараша халқына өкілеттігін өткізетінін айтты. Жүрегім шым етті. Толқып кеттім. О кісіден де толқу күттім. Селт етпеді! Алаштың алтын дәуірінің тұтқасы міз бақпады. Бейне Астанадан Алматыға ұшқан жолаушыдай алаңсыз. Неткен темір жүйке! Неткен мәрттік!
Алаштың азанын жаңғыртып, қазанын майлаған асыл тұлға алаңсыз сөйлеп отыр. Сол маңғаз, сол текті қалпы!
Тағы таңғалдым. Иә, тағы таңғалдым. Отыз жыл ел басқарғанда, қандай қадам жасарын жатқа да, жақынға да болжатпаған сарабдал қалпынан танбай сөйледі. Сұңғылаға да, сұрқияға да сыр алдырмастан тағын тапсырды. Тарих-шалдың өзі таң қалғандай.
Үйрене жүріп үйреткен, үйрете жүріп үйренген, албыртты ауыздықтап, салғыртты қамшылап, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына, елдің сабырына сүйене жүріп, қазағын шыңға бастаған бейбіт те берекелі отыз жыл отыз күндей болмай өте шығыпты. Ат төбеліндей өз елі түгілі, алпауыт өзге елдің көсемдері кеңесіне жүгініп, ара ағайындыққа салса, ақылының асқандығы да! Жұрты қимаса, қадірінің асқандығы да!
Алаштың алғысы айрықша өзіңе, асыл тұлға Нұр-ағам!“-дейді Бекболат Тілеухан Инстаграм парақшасында.