Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРҚЫРА, ЖАҢА ЖЫЛ: Ерекше балаларға арналған кеш

ЖАРҚЫРА, ЖАҢА ЖЫЛ: Ерекше балаларға арналған кеш

Жаңа жыл – бұл ертегі мен ғажайыпқа толы мереке. Әсіресе, балалар үшін бұл ерекше сәт. Алайда әр баланың жүрегінде шынайы қуаныштың ұшқынын ояту үшін кейде сәл көбірек мейірім қажет. Ерекше балаларға арналған шырша кеші – осындай жүрек жылуын сыйлайтын, өмірдің сиқырлы сәттерін сезіндіретін шараның бірі.
Бәріміз білетіндей, соңғы жылдары ерекше балаларға қоғам тарапынан көп көңіл бөлініп, аудан көлемінде түрлі кештер ұйымдастырылып жүр. Солардың бірі жақында №71 мектептеөткен «Жарқыра, жаңа жыл!» жаңа жыл мерекесі.
Арал аудандық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалия Тоғысова, Арал аудандық түзету кабинетінің басшысы Мақпал Тұяқбайқызы және демеушілер Айгерім Әбдикалыкова мен Нұргүл Ерболатқызы қонақ болған шараны мектеп директоры Салтанат Абдуллаева ашып, сөз бастап:
 2024 жыл біздің мектеп үшін жемісті, олжалы жыл болды. Атап айтсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде мектебіміздің түлектерінің орташа балы 82 болд және 90 пайыз оқушыларымыз түрлі грант иегерлері атанды. Оқушыларымыз түрлі аудандық, облыстық олимпиадалардан, ғылыми жобалардан және жас ақындар мүшайрасынан жақсы жетістіктерге жетіп, жүлделі орындармен оралды. Сонымен қатар мектептегі әріптестеріміз Айгерім Сыдықова «Бес асықтан» Әлем чемпионы атанды. Бейнелеу пәнінің мұғалімі Нұржан Балов ағайымыз бос құтыдан түрлі әшекейлер жасап, облысқа және республикаға танылып, Қазақстан Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында көрсетілгендегінің өзі біз үшін үлкен жетістік.
Келер жылда да осы жетістіктер, игі істеріміз жалғасын табарына сенемін, – деп тілек білдірді.
Кеш Назым Шынболаттың әуезді әнімен басталып, балалар қуанышына Аяз ата мен Ақшақардың шырша жағу рәсімімен жалғасты. Кейін оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, ата-аналармен ойын ойнады, сыйлық алды.
Сонымен қатар «Монако» ретро барының басшысы Ақбота Ерболатқызы балаларға арнап дастархан жайса, жеке кәсіпкер Индира Жанбаева тәтті торт сыйлап, қонақтардың алғысына бөленді. Аналар мен ұстаздар да сыйлықтан құр қалмай, Айгерім Тұрсынбайқызының жасаған сабынды гүлін сыйлыққа алды.
Қоғамда ерекше балаларға көп көңіл бөлінуі керек. Көп жерде жалғызбасты аналар, ерекше балалар, қарттардың шетте қалып қоятыны жасырын емес.
 Өзім қалада «Аналар үйіне» бірнеше рет қонақ болып, олардың жағдайымен танысқанмын. Содан бұл идея бірнеше жыл бұрын келіп, ерекше балалардың үйін аралап, аниматорлармен құттықтаудан бастадым. Кейін келе осындай ауқымды шараларды ұйымдастырдық. Бұдан бұрын №64, 220 мектептерде концерттік бағдарлама ұйымдастырылған болатын. Барша атсалысып, көмектескен жандарға алғысым шексіз, – деп ұйымдастырушы Нұргүл Сақташқызы пікірін білдірді.
Кеш соңында Арал ауданы бойынша білім бөлім басшысы Санира Жанназарова демеушілерге, Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалия Тоғысова белсенді ерекше балалардың аналарына Алғыс хат берді.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
31 желтоқсан 2024 ж. 75 0