Өзекті мәселелер күн тәртібінде қаралды

Ең алдымен аудан әкімі Аралда жаңадан іске қосылған аспалы көпір және тұрмысқа қажетті ұнтақ шығаратын цехтың ашылуы елдің қуанышын еселегенін атап өтті. Сонымен қатар денсаулық сақтау және білім беру салалары мен тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытында біршама ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын мәлім етті.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында көктемгі егіс жұмыстарының барысы және вегетациялық кезеңнің өтуі туралы мәселе талқыланған болатын. Аудан әкімі бұл мәселе бойынша бірқатар жұмыстарды пысықтап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Шаруашылықтарды егін егуге қажетті жанар-жағар май, тыңайтқыш, тұқым материалдармен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын кеңінен пайдаланып, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаруалармен тығыз жұмыстар жүргізу керектігін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарды кент және ауылдық округ әкімдері де ұқыпты әрі белсенді жүргізу керектігін айтты.
Жиын барсында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де назарға алынды. Осы мәселеге қатысты орын алып жататын келеңсіз жайттарды атап өткен аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы адам өмірін сақтау барсында кез келген қауіпсіздіктің алдын алу маңызды екенін тілге тиек етті.
Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша жауапты сала басшыларына алдағы суға шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздік шараларын қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар су айдындарына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына, мекемелерде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша арнайы түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыруды атап өтіп, бұл мәселеде бақылаудың қатаң болатынын жеткізді.
Фото: Арал ауданы әкімдігі