Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық өңдеу саласындағы бетбұрыс

Балық өңдеу саласындағы бетбұрыс

Арал туралы айтылғанда ойға оралатыны – оның маржаны. Теңіз трагедиясын қайталай беріп қайтеміз?! Оның солтүстік бөлігін сақтау бағытында атқарылған жұмыс Сыр өңіріне, оның ішінде Арал аймағына соны серпін, тың өзгеріс бергені қуантады. Осылайша теңіз жағалай қонған елдің жағдайы, әл-ауқаты бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Ағайын кезінде қол үзіп қалған атакәсіп – балықшылыққа қайтадан бет бұрды. Бүгінде облыста 9 балық өңдеу кәсіпорны бар. Соның 5-і еурокод жүйесі бойынша жұмыс істейді, яғни Еуропа елдеріне өнімін жөнелтіп жүр. Арал ауданына барғанымызда осындай кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстық.

«Арал» сервистік дайындау орталығының балық зауыты кеңестік одақ кезінде атағы дүрілдеп тұрған комбинат болды. Кәсіпорын тарихы мен оны аяққа тұрғызу бағытындағы көзге көрінбес талпыныс туралы зауыт директоры Әділбек Айымбетов айтып берді.

– Өткен ғасырдың 90-жылдары атағы дүрілдеп тұрған «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің бас директоры болдым. 1997 жылы Алматыға ауысып кеттім, 2000 жылдан бастап он жыл бойы Қамыстыбас питомнигінің директоры болдым.

Содан зейнетке шықтым. Зейнетке шығар алдында ойландым. «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші теңіз, яғни Арал теңізінің солтүстік бөлігі пайда болды. Кіші теңіздің суы тұшығасын балықтың түр-түрі келді. Қазір су маржанының саны 22-ге жетті. Ауданда балық шаруашылығы қайтадан жандана бастады. Балық өңдейтін зауыт, цехтар салынды. Балық шаруашылығында тәжірибем болғасын соны елдің пайдасына жаратқым келді. Зейнетке шыққасын ермек болады деп бұрынғы балық комбинатының орнын сатып алдым. Реконструкция жасауға 108 млн теңге жұмсасам, 25 млн теңгеге қаржылай лизинг есебінен мұздатқыш пен автокөліктер алдым. Екінші деңгейлі банктен 18 млн теңге несие алып, 2009 жылы құрылысын аяқтадық, – дейді балық шаруашылығы саласының ардагері, Арал ауданының құрметті аза­маты Әділбек Әйімбетов.

Зауыт 2010 жылдың соңына қарай алғашқы өнімін нарыққа шығарды. Сол кездегі өнім сомасы 28 млн теңге шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2 млрд теңгеге өсті. Кәсіпорын 2012 жылы Еуроодақ пен кеден одағы мемлекеттеріне балық өнімін жіберу құқығына ие болды. Балық өңдеу зауыттарының қатарында еурокод алған мұндай кәсіпорындар санаулы.

«Арал» сервистік дайындау орталығы 2014 жылы Кіші Аралдағы 18 учаскенің 5-уін мемлекеттік конкурс арқылы иеленді, яғни Қамбаш көлінің жартысы осы орталыққа тиесілі. Жылына 2 мың тоннаға жуық балық ауланады. Өңделген өнімнің 90%-ы экспорт үлесінде, оның ішінде Ресей, Дания, Нидерланды, Чехия, Грузия, Польша, Сербияға жөнелтіледі.

– Көксеркенің сүбе, ұнтақталған еті, уылдырығы, шортанның сүбе еті, кептіріліп тұздалған торта, қылыш сияқты өнім түрлеріне сұраныс басым.

Бізде 50 шақты адам еңбек етеді, жұмысымызда үзіліс болған емес. 15 жылда көптеген нысан салынды. Оның ішінде 400 тонна балық өңдейтін цех, «Бөген», «Мер­генсай», «Ақеспе» ауылдық окру­г­терінде балық қабылдау пункттері бой көтерді. 2 гектар шамасында жер, 10 шақты цехымыз бар. 6 рет Балықшылар слеті өтіп, соның 4-інде үздіктер қатарынан көріндік, – дейді зауыт басшысы.

Ал қазіргі күні Қы­зылорда қа­ласындағы Сырдария өзенінің солтүстік жағалауында кәсіпорынға қарасты балық орталығы салы­нып жатыр.

«Қамыстыбас» балық питом­нигінің тоған бри­гадирі Қылышбек Бай­босыновпен әңгімеміз жұмыстың қиындығы мен қызығы бағытында өрбіді. Ол мұнда қырық жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Кәсіпорын Арал ауданының «Қосжар» елді мекенінде орналасқан. Қыз­метіндегі басты бағыт – мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Кіші Арал теңізін, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көлін құнды балық түрлерімен толтыру. «Қосжардан» бөлек, «Қаратерең» ауылдық округіне қарасты «Тастақ» елді мекенінде бөлімшесі бар.

Тоған бригадирінің айтуынша, питомник жұмысшылары жылына 50 млн-ға жуық дернәсіл, 12 млн-дай бір жаздық және 420 мыңдай екі жаздық құнды балық түрлерін, оның ішінде тұқы, дөңмаңдай, ақ амурды өсіріп, су айдындарына жібереді.

– Өзім өсірген су маржандарының арасынан ең кірпияз, нәзік балық деп дөңмаңдайды айтар едім. Өйткені ол көп күтімді қажет етеді. Басқа балықтарға қарағанда қатты ыстыққа төзімсіз.

Балық шаруашылығы – қиындығы мол кәсіп, ешқандай қа­телесуге болмайды. Себебі сенің бір ғана қателігің миллиондаған балық­тың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан күн мен түнді елемей, бар уақытыңды, назарыңды тек жұмысқа аударуыңа тура келеді, – дейді Қылышбек Байбосынов.

Кейіпкеріміз әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі барын айтты. Қыста тоғандардың мұзын ойып, ба­лықтардың жай-күйін бақыласа, мұзы толық ерігесін сәуір айында тұқы, дөңмаңдай, ақ амур балықтарын бөліп, жайылым тоғандарға жібереді.

– Негізгі жұмыс осыдан кейін, яғни мамыр айында басталады. Балықтардың аталығы мен аналығына зауыттық әдіспен инъекция жасап, уылдырық алуға кірісеміз. Дер­нәсілдерді жасанды жолмен шыға­рамыз. Бұл процес мамыр-маусым айларында жүреді. Осы аралықта 50 млн-ға жуық дернәсіл пайда болады, – дейді кәсіпорын өкілі.

Қамыстыбас балық питомнигі екі жыл бұрын Қазақстанның қызыл кітабына енген, жо­йылуға шақ қалған Арал қаязын жинап, өсіруге ден қойды.

– Сонымен қатар Қазақстанның қызыл кітабында кез­десетін, Арал теңі­зінде жойылып кеткен бекіре тұқым­дас Арал пілмайы әкелінді. Келешекте одан өнім алып, қорын арттыру үшін тағы да көптеп әкелуді жөн көріп отырмыз, – дейді Қылышбек Байбосынов.

Балықшы Кіші Арал теңізінің толуы ихтиофаунаның дамуына септігін тигізетініне сенімді. Себебі су келсе, балық та, балықтың қорегі де көбейеді деп есептейді.

Назерке САНИЯЗОВА,«Сыр бойы»
Фото: Нұрболат Нұржаубай

12 шілде 2025 ж. 60 0