Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысшы мамандар арасында турнир өтті

Жұмысшы мамандар арасында турнир өтті

Бүгін Сексеуіл кентінде теміржолшылар күні және Сексеуіл темір жолы мекемелерінің құрылғанына 120 жыл толуына орай шағын фудболдан аудандық турнир өтті.
Теміржол саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында, өндіріс пен халық арасындағы байланысты нығайтуда аса маңызды рөл атқарып келе жатқан іргелі сала. Осы салада табанды еңбек етіп, күре жолдағы қатынасты дамылсыз қадағалап жүрген теміржолшылар мереке қарсаңында бір сәт салауатты өмір салтын ұстанып, турнир көркін айшықтай түсті.
Мемлекет басшысы қоғамда еңбек адамына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу керектігін баса айтқаны белгілі. Бұл еліміздің өндірістік және логистикалық әлеуетін нығайту жолында айтарлықтай септігін тигізетін маңызды бастама. Бұл турнир де жұмысшы мамандықтарға деген құрметтің белгісі іспетті. 
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев қатысып, сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, тартысты доп додасына сәттілік теледі.
– Құрметті теміржолшылар! Баршаңызды алдымен теміржолшылар күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгін өздеріңізбен кәсіби мерекеге орай темір жол мекемелерінің қызметкерлері арасында шағын футболдан өткізілгелі тұрған турнирде бас қосудамыз. Темiр жол – ел экономикасының өзегi, мемлекетiмiздiң қуатты жүйесi саналады. Осы орайда, темір жолдың темірдей тәртібіне бағынып, өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарайтын сіздердің еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз. Темiржолшы мамандығы – ерлiк пен үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн кәсiп екені белгілі. Барлық қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, – деген Нұрмұхамед Омарұлы болат жол бойындағы барыс-келісті бір сәт көзден таса қылмай, локомативтің кідріссіз әрі сенімді жұмыс жасауына жағдай жасап келе жатқан жандар жұмысшы мамандықтар жылында ескерусіз қалмайтынын айтып, жыл бойы құрмет көрсетуге лайық екенін жеткізді. 
Теміржолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында өткен тартысты доп додасына сала мамандарынан құралған 10 команда қатысты. Темір саласында жұмыс істейтін түрлі мекемелерден жасақталған командалар арасында «Сексеуіл локомотив пайдалану депосы» командасы жүлделі І орынды еншілесе, «Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясы Сексеуіл бөлімшесі» командасы ІІ орынды қанжығалады. Тартысты турнирдің жүлделі ІІІ орнын «Әсериленген теміржол күзеті ЖШС-нің Сексеуіл атқыштар» командасы иеленді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
01 тамыз 2025 ж. 55 0