Сенат депутаттары Жаңақорған ауданында

Сенатор алдымен «Руханият» орталығында ауданның белсенді жастарымен бас қосып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиында сөз алған Наурызбай Сейтқалиұлы елде болып жатқан бірқатар жаңалықтар жайында әңгіме өрбітті.
– Кеше халықаралық жастар мерекесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің абыройын әлем деңгейінде асқақтатып жүрген олимпиада жеңімпаздарын қабылдады. Бұл жастардың білім деңгейін көтеруге, білім бәсекелестігін қалыптасытыруға үлкен серпін береді деп санаймын. Білім саласында биік белестерді бағындырып жүрген жастарға қомақты қолдау тетігін ұйымдастыру жайында ұсыныстар айттылды. Демек, болашақта ғылым мен білімге бетбұрған жастарға мемлекеттік қолдау аясы артады, – деді ол.
Басқосуда еліміздегі жастар саясатындағы жарқын жобалар мен айқын мақсаттар жайында тереңірек түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, қабылданған заң жобаларының халыққа берер мүмкіндігі, артық жүктемелерден арылу жолдары, су, салық, бюджет кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар, студенттер степендиясының артуы жайында жаңалықтарды тарқатты.
Мұнан соң жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш-тілектері мен ұсыныстарын назарға алды. Сондай-ақ Сенат депутаты Шалқия кенті аумағындағы «Engineering & Construction Company» («ЕСС») ЖШС нің Асфальт зауытының жұмысымен танысты. Бұл жобада дайын асфальт өнімдері шығарылады. Қазіргі уақытта қажетті құрал - жабдықтары алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Жоба құны 700 млн. теңге. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстарының 95% аяқталды. Зауыт іске қосылған кезде сағатына 160 тонна асфальт өндіреді деп күтілуде.