ТУРИЗМ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІ

Аралды да әлем таниды десек болады. Турист тартып, табыс табудың тетігін табу бағытында істеліп жатқан жұмыстар бар. Солардың бірі – «GEOPARK ARAL» жобасы.
Ұлттық геопаркті құру бастамасы Арал әлеміне жол ашып, бір кездердегі теңіз астындағы тіршіліктің қазіргі көрінісін көз алдыңызға әкелмек.
Геопарктер тек табиғи және мәдени мұраны сақтауға ғана емес, тұрақты туризмді, экологиялық білім беруді және жергілікті қауымдастықтардың дамуын қолдайды. Олар адамның табиғатпен қарым-қатынасын зерттеуге арналған алаңдар болып табылады және табиғатты қорғауды қоғамның қажеттіліктерімен қалай теңестіруге болатынын көрсетеді.
Арал геопаркі осы халықаралық желінің бір бөлігі болуды мақсат етіп отырған, біздің планетамыздың табиғи және адам әрекетінің нәтижесінде болған ауқымды өзгерістерінің тірі куәсі болып табылады. Біздің алдымызда тек табиғатты сақтау ғана емес, онымен үйлесімді өмір сүруді үйрену міндеті тұр.

Бұл салада серпін бар. Айталық 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірге 5 мыңға жуық ішкі турист және 400-ден астам шетелдік турист келді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға жоғары.
Бүгінде қала мен ауылдарда 18 қонақ үй, 6 туристік нысан бар. Қамыстыбас көлі жағажайы, Ақеспе ыстық су бұрқағы, Шижаға құмдары, Көкарал бөгеті, Арыстан баб кесенесі, Бегім ана кесенесі және 50-ден астам қоғамдық тамақтану орны қызмет көрсетуде.
Бұл жұмыстардың барлығы Арал өңірінің халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі