Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы балықшылар тойы кешкі гала-концертке жалғасты

Аралдағы балықшылар тойы кешкі гала-концертке жалғасты

Арал қаласында өткен балықшылар тойы кешкі гала-концертпен жалғасын тапты. Әсем безендірілген сахнада салтанат құрған ауданның өнер майталмандары мерекенің көркін қыздыра түсті. Бұл да заңды, өйткені бүгін – барша балықшылар қауымы үшін ерекше күн. Балық байлығын тасыған Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толып отыр.
Шаруасын ширатып, бабын білген Арал елі – балыққа бай өлке. Ғасырлық меже теңіз халқының балық кәсіпшілігімен айналысып, теңіздің сарқылмас байлығын тіршілігінің өзегіне айналдырғанының дәлелі. 
Ата кәсіптің айбынын асқақтатқан мерекелік кеште сөз алған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан жұртын айтулы мерекемен құттықтады:
– Бұл – ғасырлық белес! Баршаңызға құтты болсын! Аралдың қай кезеңін сөзбен суреттесек те, балық шаруашылығының тынысы сезіледі. Теңіз суы бір кетіп, бір келіп ел әбігерге түскенімен, ата кәсіп әлі де жағалау жұртының нәпақасына айналып, өміршеңдігін дәлелдеуде. Аралдың табанынан су кеткенмен, кемеден қалған қаңқа, капитаннан қалған киім – балықшылар ұрпағының айбары мен рухына айналды. Арал – ақиқат пен аңыздың тоғысқан мекені, ежелден ел ырысының ордасы. Теңіздің сарқылмас қазынасын халық ерте кезден-ақ қажетіне жаратып, шаруашылығын ширата білді, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң бірқатар сала майталмандарына мерекелік марапаттар табысталды. «Балық шаруашылығы саласындағы үздік шаруашылық» номинациясын – «Aral Sea Food» балық өңдеу зауытының директоры Шүлембай Қуанышов, «Балық өнімдерін экспорттаушы үздік шаруашылық» номинациясын – «Арал СДО» зауытының директоры Әділбек Әйімбетов, «Балық шаруашылығы саласындағы үздік ғылыми қызметкер» номинациясын – «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Арал филиалының ардагері Қайыржан Жұбанов, «Үздік балықшы» номинациясын – жеке кәсіпкер «Игликов» шаруашылығының балықшысы Жайық Аманжолов, «Үздік балық өсіруші» номинациясын – «Аралрыбторг» ЖШС құрылтайшысы Қуаныш Өмірзақов, «Үздік балық қорғаушысы» номинациясын – «Арал-Сырдария» бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмат Ералин және «Балық шаруашылығы саласын насихаттаудағы үздік журналист» номинациясын – аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов иеленді.
Теңізден маржан сүзген балықшылар үшін бұл күннің орны ерекше. Бұл – өткенді еске алып, рухани серпілетін сәт.
Ертелі өтіп жатқан тағылымға толы рухани шараларда қонақтар «Арал СДО» ЖШС балық зауытының жұмысымен танысып, «Балықшылар аллеясында» және елімізде теңдесі жоқ «Балықшылар мұражайында» болып, тарихтан сыр шертер құнды жәдігерлермен танысты. Аллея аумағында ағаш отырғызу акциясына қатысты.
Мерейтой аясында жылдық қуаттылығы 6000 тонна болатын «Қарашалаң балық» зауытының ашылуы да маңызды оқиға болды. 
Сондай-ақ, өткен ғылыми-танымдық конференцияда ғалымдар мен теңіз жанашырлары Арал тағдырына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, ортақ пікірлерін білдірді.
Ал шағын футболдан өткен жарыстың финалдық кезеңі мерекенің рухын арттыра түсті. 
Бұл күні мерекелік көңіл-күйді серпілтетін ерекше сәттер ел есінде қалды. Бұл күні балық шаруашылығы саласына айтырлықтай еңбек сіңірген бірқатар сала майталмандарына Халықаралық Аралды құтқару қорының «Арал балық шаруашылығы өндірісіне 100 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды. 
Рухани шаралардың түйіні ретінде өткен мерекелік гала-концертте елге танымал өнер жұлдыздары «РАЯН» тобы мен Үкітай Ерниязов балықшылар қауымын шаттыққа бөледі. Сондай-ақ аудан өнерпаздары да ән-жырдан шашу шашты. 
Тарихы терең, даңқы мәңгілік Арал балық шаруашылығы өндірісінің 100 жылдық мерейтойы барша Арал жұртына берекелі болғай!
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
11 қазан 2025 ж. 83 0