Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата кәсіппен танылған аудан немесе ғасыр тоғысындағы торқалы той

Ата кәсіппен танылған аудан немесе ғасыр тоғысындағы торқалы той

Аралдағы балықшылар тойы кешкі галаконцертпен  жалғасты. Әсем безендіріліген сахнада салтанат құрған ауданның өнер майталмандары тойдың көркін қыздыра түскендей. Солай болуы да заңды. Себебі бүгін – барша балықшылар қауымы үшін ерекше күн. Қасиетті ата кәсіптің берекесімен бой көтеріп, талай ұрпақтың маңдай тері сіңген, дәстүрі мен тарихы жазылған, балық байлығын тасытқан Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толып отыр.
Шаруаны ширатып, бабын білген Арал елі – балыққа бай өлке. Ғасырлық меже теңіз халқының балық кәсіпшілігімен айналысып, теңіздің сарқылмас мол байлығы мен тіршілігіне айналып отыр.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Су – стратегиялық маңызы бар ресурс, ол әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытады» – деген еді.«Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу барысында – Арал өңірінің ата кәсібі, балық шаруашылығы саласы жоғары деңгейге көтеріліп, қарқынды даму үстінде. Атап кәсіптен қол үзбеген өмірдегі ғасыр тойы халықтың берекелі тірлігін бекемдей түскендей. Кеште сөз алған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан жұртын айтулы мерекемен құттықтады.
– Бұл – ғасырлық белес! Баршаңызға құтты болсын! Аралдың қай кезеңін сөзбен суреттесек, балық шаруашылығының тынысы сезіледі. Теңіз суы бір кетіп, бір келіп ел әбігерге түскенімен, ата кәсіп әлі де жағалау жұртының нәпақасына айналып, өз өміршеңдігін дәлелдеуде. Аралдың табанынан су кеткенмен кемеден қалған қаңқа, капитаннан қалған киім балықшылар ұрпағының айбары мен рухына айналды. Көпшілік үшін Арал – ақиқат пен аңыздың тоғысқан мекені. Арал – ежелден ен байлықтың ордасы. Теңіздің сарқылмас мол қазынасын халық ерте кезден-ақ қажетіне жаратып, шаруашылғын шырата білді, – деген аудан әкімі балық шаруашылығын бастау алған тарихы мен бүгінгі толымды жетістігін баяндап өтті.
Мұнан соң бірқатар сала майталмандары мерекелік Алғыс хатпен марапатталды. Және «Балық шаруашылығы саласындағы үздік шаруашылық» номинациясын «Aral Sea food» балық өңдеу зауытының директоры Шүлембай Қуанышов, «Балық өнімдерін экспорттаушы үздік шаруашылық» номинациясын «Арал СДО» балық өңдеу зауытының директоры Әділбек Әйімбетов, «Балық шаруашылығы саласындағы үздік ғылыми қызметкер» номинациясын «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» Арал филиалы ардагері Қайыржан Жұбанов,«Үздік балықшы» номинациясын жеке кәсіпкер «Игликов» шаруашылығының балықшысы Жайық Аманжолов, «Үздік балық өсіруші» номинациясын «Аралрыбторг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Қуаныш Өмірзақов, «Үздік балық қорғаушысы» номинациясын Арал-Сырдария бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмат Ералин иеленді. Ал «Балық шаруашылығы саласын насихаттаудағы үздік журналист» номинациясы аудандық «Толқын» газетінің Бас редакторы Айдар Сайлауовқа берілді.

Теңізден маржан сүзген балықшылар үшін бүгінгі күннің орны ерекше. Бұл – өткенді еске алып, рухани серпілетін сәт. Бүгінгі мерейлі тойға жиналған қонақтар «Арал СДО» ЖШС балық зауытының жұмысымен танысып, Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі бар кәсіпорынның жетістігін көрді. Сондай-ақ, теңіз ерлерінің құрметіне ашылған «Балықшылар» аллеясында және елімізде теңдесі жоқ «Балықшылар» мұражайында болып, тарихтан сыр шертер құнды жәдігерлермен танысты. Аллея аумағында қонақтар ағаш отырғызу акциясына қатысты.Мерейтой аясында жылдық қуаттылығы 6000 тонна болатын «Қарашалаң балық» зауытының ашылуы да маңызды оқиға болды. Кәсіпорын бүгінде ішкі және сыртқы нарыққа өнім шығару ісін бастап кетті.
Ғылыми-танымдық конференцияда ғалымдар мен теңіз жанашырлары Арал тағдырына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, ортақ ой-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, шағын футболдан өткен жарыстың финалдық кезеңі де мерекенің рухын арттыра түсті. Осылайша көшін үзбеген Аралдағы мерекелі күннің галаконцерті халықтың көңіл сарайын аша түсті. Кешке арнайы қонақ ретінде келген өнер жұлдыздары «РАЯН» тобы мен Үкітай Ерниязов шаруа адамдарын шаттыққа бөледі.
Тарихы терең, даңқы мәңгілік Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толу мерейтойы барша Арал жұртына берекелі болғай.
Көк айдын кемеріне келіп, қайыққа құт, ауға ырыс қонар берекелі күндерге жете берейік.
Н.МАРАТ
12 қазан 2025 ж. 26 0