Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкімдік мәжілісінде маңызды мәселелер қаралды

Әкімдік мәжілісінде маңызды мәселелер қаралды

Кеше аудан әкімі А. Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе талқыланды.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе ауыл аймақтардың даму перспективалары мен экономикалық өсу әлеуеті жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т. Рашев хабарлама жасады.
2025 жылдың 9 айында негізгі капиталға 31,3 млрд. теңге инвестиция салынып, көрсеткіш 63,2 пайызға артса, ауылдық жерлерге 16,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 80,8 пайызға артқан.
«Биылғы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 жоба іске асырылып, кейбірі жалғасын табуда. Ал "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы соңғы 3 жылда 153 жоба несиелендірілген.
Бүгінгі таңда аудандағы 4 елді мекен тіректі елді мекендер қатарында болса, оларға Шижаға және Жаңақоныс елді мекендері қосылды. Аудан басшысы қыр беткейдегі әлеуеті жоғары, халық көп қоныстанған Абай ауылын тіректі елді мекендер қатарына енгізу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Сонымен бірге, мемлекет тарапынан ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігін айтып, кәсіпкерлік бағыттағы бірде-бір жобалары қолдау таппаған, гранттық қаржыландыруға жоба ұсынылмаған ауылдық округ әкімдерін қатаң сынға алды. Жауапты орынбасарға кәсіпкерлік саласын дамыту мен инвестиция тарту бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімімен бірлесіп, тиісті шараларды ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.
Бұдан бөлек, дәрігер тапшылығын жою, мал басы санын арттыру, тазалық жұмыстары бойынша рейд жұмыстарын күшейту жауапты басшыларға жүктелді.
Қала, кент және ауылдық округтерде салық саясатының жүзеге асырылуы мен мүмкіндіктерін Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров баяндады.Мұнымен қатар, келесі жылдан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексін түсіндірді.
Аманжол Сақыпұлы ауданда тиімді бюджеттік және салық саясатын жүргізу, салық түсімдерінің толыққанды орындалуын әрі тиімді жоспарлануын ұйымдастыру басты міндет екендігіне тоқталып айтып, қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің салықтық түсімдерді жоспарлауда салғырттық орын алған әкімдерге ескерту жасады.
Қала, кент және ауылдық округтердегі жеке секторды дамыту мүмкіндіктері туралы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р. Жанаев және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Н. Ембергенова баяндап өтті.
Биылғы жылы аудандағы жеке кәсіпкерлердің 94 жобасына қаржылай қолдау көрсетілді. 146 азаматқа кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруы үшін қайтарымсыз гранттар берілді.
Аудан басшысы бұл мәселе бойынша айламен бюджет қаражатын басқа мақсатқа жұмсауға жол берілмеуі керектігін айтып, Мемлекеттің қаражаты тек өңдеу саласына, қажетті деген кәсіп түрлері мен заманауи бизнестерге, төлем қабілеті бар шынайы жұмыс жасайтын өміршең жобаларға бағытталу қажеттігін жеткізді.
Әкімдік мәжілісінде берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы жіті бақылауда болатындығын айтты.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі 
05 қараша 2025 ж. 76 0