Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атқарылған жұмыстар сараланып, жоспарлар нақтыланды

Атқарылған жұмыстар сараланып, жоспарлар нақтыланды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Мәжіліске дербес бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары туралы айтылып, 2024 жылда атқарылар жұмыстар барысы сараланды.
Алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындылары туралы баяндады.
«2023 жылы ауданда негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіш 100 пайыздан жоғары деңгейде орындалды. Есепті мерзімде 31,4 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 103,9%. Ауданда өткен жылы 11,9 млрд. теңгеге бөлшек сауда жасалынды. Аталған кезеңде барлығы 24,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 140,3 пайызға жетті. Бюджеттің кірісі 17,5 млрд. теңгені құрап, болжам 101,5 пайызға орындалды. Оның ішінде ауданның өз кірістері 3 млрд. 515 млн. теңгеге жетті»,- деп қалыптасқан даму динамикасын тізбектеп шықты.
Аудан басшысы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуде нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Өңдеу өнеркәсібі негізінен балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Бүгінде ауданда балық өңдеу көрсеткіші төмендеген. Теңізге түсетін су көлемінің азаюына байланысты айдын суының уақыт өткен сайын тұздыланып бара жатқанын біліп отырмыз. Сондықтан да ащы суға төзімді, нарыққа бағалы балық түрін өсіру керек. Алдағы уақытта, ата кәсіпті жандандыру үшін балықты аулап ғана қоймай, балық қорын көбейту мақсатында елді мекендерде «Тоғанда балық өсіру» жобасын қолға алу қажет. Бұл бағдарлама дария, теңіз жағалауындағы елді мекендер үшін ғана емес, аумақтарында тұщы су көзі бар кез-келген ауылда бастауға болатын кәсіп. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларды да пайдалануға болады. Сондықтан ауыл әкімдері осы бағыттағы жұмыстарды шұғыл қолға алу қажет»-, деп нақты тапсырмаларды жүктеді.
Сондай-ақ, аудан әкімі мәжілісте өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін көтерудің бірден бір жолы - жоспарланған жобаларды уақытылы іске қосу екендігін айтты. Тиісінше, жауапты сала басшыларына «Полимер қалдықтардан құмды-полимер плиткасын өндіру» және «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобаларын жыл соңына дейін іске қосу мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін міндеттеді.

Жиында ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар барысы мен алдағы міндеттерге тоқталды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына Арал ауданынан 698,1 млн. теңгеге 93 жоба ұсынылды. Комитеттің шешіміне сәйкес 497,0 млн. теңгені құрайтын 81 жобасы мақұлданып, оның 72 жобасының 438,5 млн. теңгесі қаржыландырылды. Жобалар толығымен іске асырылғанда 79 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Ал, 2024 жылға аудан бойынша барлығы 135 жоба облыстық басқармаға ұсынылды. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егін саласы, балық пен мал шаруашылығы және құс шаруашылығының жобалары да енгізілген»,- деп бағдарлама бойынша жасалған жұмыстарды атап өтті.
Өз кезегінде аудан әкімі бұл бағдарламаны әлі де болса тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды, қала, кент, ауылдық округ әкімдері барлық жоба бастамашыларының құжаттарына сүйемелдеу мен қажетті көмек көрсету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.
«2024 жылға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша облысқа 5,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Өнім арттыру бағытында осы бағдарламаны тиімді пайдалануға тиіспіз. Сондықтан, жоспарланған жобаларды іске асыру мақсатында ауданға барынша көп қаражат тартуымыз қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасында бірінші кезекте кооперативтердің жобаларына басымдылық берілген. Сондықтан, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, әрбір бизнес жобаға сүйемелдеу жұмыстарын үйлестіруді тапсырамын»- деді.
Әкімдік мәжілісінде аудан әкімі тиісті сала басшыларына ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бойынша жан-жақты шараларды қабылдауды тапсырып, бизнесті әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстарды қолға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, межеленген жоспарды орындау барысында бірлесе жұмыс жасауды жүктеді.

"Толқын" ақпарат 
06 ақпан 2024 ж. 114 0