Ұлыны ұлықтаған ұжым
Таяуда аудандық Мәдениет үйі рухани сусындауға жаны құмар жұртшылыққа лық толды. Нақтырақ тоқталсақ, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің жопары аясында ұлт мақтанышы, әлемге мәшһүр ойшыл, заңғар тұлға Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай №220 орта мектебінің ұйымдастыруымен «Мектеп театры» жобасы негізінде «Жалғыздық» трагедиялық шығармасының сахналық қойылымы сәтті өтті.Әдебиет сүйер қауымға бәрекелді дегізген қойылымда исі қазақтың құрметіне бөленген Абайдың өлмес туындысы шебер сомдалды. Бардық, көрдік. Аңғарғанымыздай олар қандай бір өнер ордасында дәріс алмаған. Алайда, «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей іргелі білім ұясында оқып жатқан өрендердің өнері талайға таңдай қаққызды. Көрермендердің шексіз қошеметіне бөленген тума таланттар құдды бір кәсіби актерлер сияқты өздеріне жүктелген рөлдерді мінсіз сомдады.
Абайдың теперішке толы тағдыры, айналасындағы сатқындық, болыстыққа талас кезіндегі белең алған парақорлық, данышпанның білуге деген ұмтылысы бәрі-бәрі айна қатесіз паш етілген шарада тынымсыз еңбектің, үлкен ізденістің жемісі айқын аңғарылды. Әсіресе етжақын туысынан, бауыр еті баласынан айрылған сәттегі ақын күйзелісі жиналғандардың көзіне еріксіз жас алғызды. Киелі сахнада өнер көрсеткен әрбір мұғалім мен оқушының әдебиетпен өнерге деген шексіз махаббаты айқын сезілді. Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан Абайдың ұрпақтан ұрпаққа мирас ғұмыры дәріптеліп, ойлы өлеңдері, қымбат қара сөздері ұлықталған қойылымның тәрбиелік мәні үлкен-кішіні толғандырып, ұлттық құндылықты қастерлеудің нағыз үлгісі көрсетілді.
Қайталанбас бейне, қазақ әдебиетінің алыбы насихатталған шара көптің жүрегіне жол тауып, саналарда жаңғырғаны бізді де қуантты. Ұлыны ұлықтаған ұжымға алғаусыз алғысын білдірген аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова сөз алып, шығармашылық ұжымға алғыс білдірді. Сосын бірқатар қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен мектеп оқушыларына алғыс хат тапсырып, еңбектерін еледі. Ол өз кезегінде мәні зор, мазмұны ерек шаралардың көп болуы кейінгі буын үшін маңызды екеніне тоқталды. Бұдан бөлек білім саласының ардагері Нұралы Оспанов ұйысқан ұжымның осындай шараға ұйтқы болуы мектептің зор мерейі екенін алға тартып, оқу мен тоқудың артықшылығы қашанда абыройға бастайтынын тілге тиек етіп, қойылымнан алған әсерін ортаға салды.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ










