Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2026 жыл: Арайлап ат Аралымның әр таңы

2026 жыл: Арайлап ат Аралымның әр таңы

Бүгін Арал қаласының орталық алаңында 2025 жылдың қорытынды мерекелік «Жаңа жыл – жаңа серпін» атты концерті өтті.

Салтанатты кеште аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Қайырлы кеш, қадірлі жерлестер! Алдымен баршаңызды босағамыздан аттап, санаулы сәттерден соң төрімізге енгелі тұрған жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Жылқы жылы еліміз үшін берекелі де мерекелі жыл болсын. Берекесі мен ырысын молынан ала келетін Жылқы жылы елімізге татулық пен тұрақтылық, еңбегімізге толайым табыс, отбасымызға амандық пен бақ-береке сыйласын. Бастысы еліміз аман, ауданымыз қарыштап дами бергей. Міне, көз ашып-жұмғанша тағы бір жылды тарих қойнауына тоғытқалы тұрмыз. Жылыстап бара жатқан Жылан жылы Арал халқы үшін мол жетістіктер мен торқалы тойларға толы сәтті жыл болды. Әр саланың тамырына қан жүгіріп, аудамыныздың дамуында оң динамика қалыптасты. Шаңырақтарыңызда күтпеген қуаныштар көп болсын! Жаңа жыл баршамызға жаңа мүмкіндіктер мен жарқын жетістіктер әкелсін. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Мейрамның көркін қыздарған Аяз ата мен Ақша қар тұрғындарға тілегін арнап, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан өнерпаздарының ән-шашуы жиылғандарға ерекше әсер сыйлап, жаңа жылдың мерекелік мазмұнын байыта түсті.

Думанды кеш, онан әрі мерекелік отшашумен аяқталды.

Осылайша 2026 жылдың алғашқы сағаттарын аралдықтар ерекше әсерде, жоғары деңгейде соқтырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі

01 қаңтар 2026 ж. 59 0