Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіректі ауылдың "Тағзым" алаңы

Тіректі ауылдың "Тағзым" алаңы

...Қай істің де өзіндік мақсаты болады. Әсіресе, рухани құндылықтарды ұлық-таған кез келген жұмыс жұртшылық жадында қалады. Кеше Шижағада өткен мазмұнды шара соның тағы бір айғағы еді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы уақыт өткен сайын ерекше сипат алып, ел төңірегінде берері мол бастама аясында сауапты істер атқарылғаны баршаға мәлім. Мақаламызға туған жер деп айдар тағуымыздың сыры да осында...
Иә, Октябрь ауылдық округінің орталығы – Шижаға аудан орталығына таяу ор-наласқан тіректі мекендердің бірі. Жергілікті халық мемлекетіміздің сындарлы сая-саты негізінде қолға алынған игі істерге куә болып, жарқын жобалардың жемісін сезініп келеді. Оған осы сапарымызда анық көз жеткіздік. Салынғанына 10 жылдан ас-қан Алланың жердегі үйі – мешіт алыстан мен мұндалайды. Талай шәкіртті қияға қанаттандырған №57 орта мектеп ұстаздары да өздеріне жүктелген міндетке адалдық танытып, жеткіншектерге саналы тәрбие, сапалы білім беруді басты мақсат тұтқан. Бұдан бөлек, құмға ойнап өскен жастардың ауыл ажарын айшықтауға құлшыныстары ерек. Алақандай ауылда жаңа құрылыстың да іргесі қаланғаны байқалады. Бұл– жергілікті мәдениет үйі-тұғын. Енді міне, көпке бәрекелді дегізген «Тағзым» алаңы да салынып үлгіріпті.
Алаңның ашылу салтанатына келушілердің қарасы қалың. Батыстан төнген сұм соғыс кім-кімді де бейжай қалдырмағанынан қатпарлы тарих беттерінен қанықпыз. Мамыражай тірліктің берекесін қашырғандарға тосқауыл қою үшін үлкен-кіші түгел жұмылды. Кеудесінде оты бар жігіттер қару асынып, Отан қорғауға асықты. Барды, белуардан қан кешті. Бақайшағына дейін қаруланған неміс басқыншыларының езгісінен құтылу үшін аянып қалмады. Ерлікті ту етіп, туған жерге деген сүйіспен-шілікті бәрінен жоғары қойған жауынгерлер ұрыс даласында шыңдалып, ашкөз дұшпанның бетін қайтарды.
Міне, көптің көз алдындағы көрініс сол бір қасіретті жылдарды ойға оралтқандай. Бір сәт үнсіздіктен соң, аудан әкімінің ықылас гүлі «Мәңгілік алау» жанына құрметпен қойылды. Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйлеп:
–«Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қағиданы санаға сіңірген майдангер аталарымыз жерін, ұрпағын жаудан азат етуге бар күш-жігерін жұмсады. Қанымызға сіңген батырлықтың ерен үлгісін көрсетіп, Берлинге жеңіс жалауын тікті. Олардың арасында жүзден астам шижағалықтар да бар. Топырағы жат жерде қалған боздақтардың есімін жаңғыртып, кейінгі буынның жадында сақтау үшін арнайы алаң салған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өткеннен сабақ алып, сауапты істерді атқаруға шақырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын іске қосқан еді. Біз куә болып отырған шара осы мақаламен үндестік тапқандай. Салт-дәстүрімізді дәріптеп, патриоттық тұрғыда іс қылу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Яғни, мұның бәрі ауылдың ауызбіршілігін,
азаматтарының өсіп-өнген жеріне деген сүйіспеншілігін аңғартса керек,–деп, баршаны сауапты істердің жаршысы болуға шақырды.
Сондай-ақ келушілерді рухани тұрғыдан қанаттандырған шара аясында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов «Өлі риза болмай, тірі байымайтынын» еске салып, майдангерлерді ұлықтау ортақ парыз екенін жеткізді. Ал ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұралы Алманов Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақ-тардың атын мәрмәр тасқа қашап жазған бастамашы азаматтарға алғаусыз алғысын айтты.
Аудандық орталық мешіттің наиб имамы Нұржан Кеңесханов аруақтар рухына Құран бағыштап, артынша ауыл тұрғындары аталарының есімін ізіне ерген немерелеріне көрсетіп, кішкентай жеткіншектердің жүректерін қуаныш сезімі кернеді.
* * *
«Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын Ұлт Көшбасшысының мақаласында сайгүліктер туралы жан-жақты қаузалған. Исі қазақ жеті қазынаның біріне балаған тұлпарлар жер тарпып тұр. Бәйге десе делебесі қозатын қауымның көкейлерінде «кімнің аты топ жарады екен» деген жалғыз сұрақ. Түс ауа топтастырылған бәйге аттар тартқан тізгінді босатып қоя берді. Ат бегілерде де маза жоқ. Әр айналым сайын қосқан аттарына ілесе қиқулай айқайлайды.
Сонымен, сұрақтың да жауабы белгілі болды. Кең далада еркін көсіліп, желмен жарысқан жүйріктердің алды қара көрсетті. Нақтырақ тоқталсақ, Сырдария ауданынан келген Орынбасар Өтешовтің «Алтын тайы» бәрінен оза шауып, І орынды қанжығаға байласа, Шижаға ауылының тұрғыны Серік Амановтың «Көкжалы» онымен құй-рықтаса жетіп, ІІ орынды еншіледі.
Сондай-ақ, қазалылық Тұрмағамбет Шайымовтың «Қара көгіне» ІІІ орынның жүлдесі табысталды. Құнан бәйгеде 13 тұлпар бақ сынап, бабы келіскен аттар қалың топтың арасынан суырылып алға ұмтылды. Атап айтсақ, І орынды Аралқұм ауылынан әкелінген Қосат Жұмамұратовтың «Астрасы» 12 шақырымға алқынбай жетіп, І орын алды. Саздыдан келген Аман Молдиевтің «Балақайы» ІІ орынды, бәйге деп арнайы Көктем ауылынан келген Нұржан Абылғайыптың «Чики торысы» ІІІ орынды місе тұтты. Ат жарысы десе, ішкен асын жерге қоятын қауым алысқа көз тігіп, әне-міне дегенше топ бәйгенің жүйрігін де анықтады. Бас-аяғы 18 шақырымды құрайтын 6 айналым бойынша І орынды Шөмішкөл елді мекенінен келген Бексұлтан Нұрғалиевтің «Крутой» аты І орынды қанжығаға байласа, Сырдария ауданындағы Ғалым Уәлиевтің «Сыр сұлуы» ІІ орынға иелік етті. Шижаға ауылының ат сейісі Нұрбол Жандәулетовтің күрең «Ақбақайы» үшінші болып келді.

А. ЖАЙШЫЛЫҚ
02 мамыр 2019 ж. 627 0