Ұлтты ұйыстырған ұлттық Құрылтай
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен дәстүрлі түрде өтіп жүрген Ұлттық құрылтай әр жыл сайын еліміздің ұлттығы мен салт-дәстүрін, өткені мен өшкенін сақтап қалуға мүмкіндік беріп келе жатыр. Тек сақтап қана қоймай, қайта жандандыруға, қолданысқа енгізуге қозғап болып отыр.Сондай-ақ халықтың біргуіне, ауызбіршіліктің сақталуына, ұлттың тұтастығына жасалған үндеу іспетті.Расында жаны бар сөздің соңы баянды боларына біз де сеніммен қараймыз. Соның бірі – жүзшілдікке, рушылдыққа бөлінген қазақты алалықтан алыстатып, төртеуге түгелдеуге шақырған сөз болатын. Алтаудың алалығынан келетін қауіпті тереңірек түсінген Мемлекет басшысы:
«Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.
Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған «Ескерткіштер елі» деп айтатын болды.
Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал» дегені соның дәлелі.
Міне, бұл бағытта ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүріп жатыр. Көңілге қонымды, бірлікті бәрінен биік қоятын бастама төңірегіндегі шаралардың ауданда атқарылуы жайында Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев былтыр редакцияға берген сұқбатында «Ұлттық құрылтайда тілге тиек болған бұл мәселе қай уақытта да өзекті. Атасына ат беріп, бабасына балбал тас орнатқысы келетіндер көп. Осы түйткілді тартқату бойынша идеолог ретінде қандай шешімдер қабылдап жатсыздар?» деген сұрағымызға:
– Бүгінде аудан бойынша аудан әкімі жанынан құрылған ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы тобына жыл басынан бері 50-ге жуық өтініш түссе, оның 32-сі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қатысты сауалдар.
Иә Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналды. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл – жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді» деп, осы салаға қатысты сын-ескертпе жасаған болатын.
Сондай-ақ, Президент құрылтайда: «бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика – ата-бабаларымызға байланысты немесе белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген болатын. Осыған сәйкес, қазір құрамдас бөліктерге, елді мекендер мен мемлекеттік қатысуы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстар алдымен Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылып, келісім алғаннан кейін ғана тиісті жұмыстар ары қарай жүргізілетін болады» деп жауап берген еді.
Сонымен бірге, «Қазақстан республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» №317-НҚ бұйрығымен Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдары бекітілді. Әдістемелік ұсынымда «үлкен көшелер мен даңғылдарға мемлекет тәуелсіздігінің нығаюына ерекше үлес қосқан ұлы тарихи тұлғалардың, белгілі қайраткерлердің есімдерін беру, сондай-ақ құрамдас бөліктерге тарихи тұлғалардың есімдерін беру кезінде көшенің ұзындығына, үй санына, орналасқан жеріне, абаттандырылуына және басқа да ерекше назар аудару» қажеттігі көрсетілген. Яғни, кез келген көшеге атау беруге,өзгертуге немесе қайта атау беруге ұсына алмаймыз.
Мемлекет басшысы Түркістан және Атырау қалаларында өткен Ұлттық құрылтайларда ономастика саласы бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Соған сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бірнеше заңнамалық актілер мен ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары», «Дәстүрлі атаулар» тізімдері өзектендірілді.
Заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер жөнінен 2024 жылы 27 қараша күні облыс әкімдігінде өткен «Ұлттық ономастика: басым бағыттар мен алдағы міндеттер» атты республикалық семинарда ономастика саласына жауапты министрлік өкілі кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атау беру барысында қабылданған нормативтік-актілер мен құжаттарды қатаң басшылыққа алу керектігін баса айтты» деді. Міне, осының өзі Президент тапсырмасының тыңғылықты жүзеге асып жатқанының анық куәсі.
Еске сала кетейік, биылғы Ұлттық құрылтай Сырдың бойында, Қызылорда қаласында өтеді. Кезекті құрылтайда қазақтың ұлттығы ұйытқысы, келешегінің кілті болатын бастамалардың сөз болатынына сенім мол. Ғасырлық шежіресі, терең тарихы бар Сырдағы жиын ел дамуының даңғылын түзер келесі қадам болмақ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










