АРАЛ ҚАЛАСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ТҮНГІ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛУДЕ
Арал қаласы аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кешенді түнгі рейдтік шаралар өткізілуде. Аталған іс-шаралар аудан әкімінің және аудан прокурорының қатысуымен өткен құқық бұзушылық профилактикасына арналған кеңейтілген мәжілісте берілген тапсырмаларға сәйкес ұйымдастырылуда. Рейдтік шараларды жүзеге асыру үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары мен қала әкімі аппаратының жетекшілігі қатысқан 15 рейдтік топ жасақталды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының ерікті қызметкерлері қатары мен полиция қызметкерлері қатысты. Рейд барысында, Арал қаласы аумағындағы қоғамдық орындарда, ойын-сауық мекемелерінде, тойханалар мен кафелерде қоғамдық тәртіптің сақталуына бақылау жасалды. Беймезгіл уақытта жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, олардың заңды өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту, белгіленбеген уақытта 21 жасқа толмағандарға темекі өнімдерін сату мәселелерінің алдын алу бағытында нақты шаралар қабылданды. Рейдтік топ тарапынан қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлініп, белгіленбеген орындарға қоқыс пен кәріз суларын төгу фактілерін анықтау жұмыстары да қолға алынды. Қала көшелерінің санитарлық тазалығы мен жарықтандыру бағаналарының қалыпты жұмыс істеуі де назардан тыс қалған жоқ.
Аталған іс-шаралар, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және білім беру ұйымдарының өзара үйлесімді жұмысының маңыздылығын айқындап, қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін тағы бір мәрте көрсетті. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы мұндай кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Арал ауданы әкімдігі










