Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қоғамдық бірлестік өкілдерін қабылдады

Аудан әкімі қоғамдық бірлестік өкілдерін қабылдады

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Тұран Ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Мұратқызын қоғамдық бірлестік өкілдерімен бірге қабылдап, аудан көлеміндегі қоғамдық маңызы бар бірқатар мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдады.

Кездесуге аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ облыстық бірнеше басқарманың өкілдері «Zoom» платформасы арқылы қатысты.
Қабылдау барысында қоғамдық бірлестік өкілдері аудан бойынша өзекті саналатын бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, «Аралтұз» АҚ-дағы еңбек қатынастары мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, Арал қаласындағы экологиялық және санитарлық мәселелер (қоқыс полигондары, кәріз суы жиналатын орынды қоршау), сондай-ақ қаладағы №5 мөлтек ауданда орналасқан су айдау насос станцияларының жұмысы мен олардың техникалық жай-күйі сөз болды.
Көтерілген мәселелерге байланысты тиісті басқарма өкілдері, аудан әкімдігі мен мекеме басшылары жан-жақты жауап беріп, аталған бағыттар бойынша талдау жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.

Кездесу барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ел назарындағы мәселелерге бей-жай қарамай, ауданның дамуына жанашырлық танытып жүрген азаматтар тарапынан көтерілген әрбір мәселе заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

06 ақпан 2026 ж. 123 0