Ақбай ауылының тұрғындарына жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының өкілдері Ақбай ауылында тұрғындармен кездесті. Басқосудың негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарын түсіндіру, азаматтардың сұрақтарына жауап беру және қоғамдағы саяси өзгерістердің маңыздылығын жеткізу болды. Сол мақсатта тұрғындарға тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір норма мен жаңалық жайлы толық ақпарат берілді.Кездесуге коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов, мүшелері Талғат Қанатов, Дауренбек Мадинов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрсауле Ембергенова және Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязов қатысты.
Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Құжатта сот жүйесінің тәуелсіздігі мен ашықтығын күшейту, халыққа есеп беретін мемлекеттік басқару механизмдерін бекіту қарастырылған.
Жоба әлеуметтік бағыттағы нормаларды да кеңінен қамтиды. Жер және табиғи ресурстар халық игілігі үшін пайдаланылады, мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғауға, сапалы білім алуға және әлеуметтік кепілдіктерді орындауға жауапты болады. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты нақты құқықтық негізге ие.
Сонымен қатар, жаңа Конституцияда адами капитал – білім, ғылым және инновация – ұлттық даму стратегиясының басты басымдықтары ретінде белгіленген. Бұл жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасайды.
Ақбай ауылының тұрғындары ұсынылған реформаларды қолдап, қоғамдағы өзгерістерге белсенді қатысуға ниеттілігін білдірді. Мұндай түсіндіру жұмыстары мен пікір алмасулар азаматтардың саяси-құқықтық білімін арттырып қана қоймай, елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтық белсенділікті қалыптастырады.
#АМАНАТ










