Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс мінберінде өзекті мәселелер талқыланды

Мәжіліс мінберінде өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтіп, күн тәртібіндегі өзекті деген бірнеше мәселе қаралды.

Жиынға Үкімет отырысында көтерілген көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі арқау болып, шаруашылықтың негізгі бағытына айналған аграрлық саланы дамыту бойынша бірнеше мәселе пысықталды.
Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов мәлімет беріп, көктемгі егіс жұмыстарына әзірлігін баяндады.
Аудан басшысы егін егу науқанында су үнемдеу технологиясын пайдалануды басты назарда ұстау керектігін айтты. Мұнан өзге «Ауыл аманаты» бағдарламасының аудан көлемінде орындалу барысы әлі де көңіл көншітпейтінін сынға алып, жобаны қарқынды жүргізу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеді.
Мәжілістің күн тәртібіндегі келесі мәселе, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды салалардың бірі – құрылыс, автомобиль жолдары, Арал қаласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер және аудан бойынша жұмыспен қамту жөнінде баяндамалар тыңдалып, кемшіліктер бойынша бірқатар жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген баяндама жасады.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы аталған салада әлі де қордаланған мәселелер бар екенін ортаға салып, қоғам талқысындағы сынға ұшыраған кемшіліктерді қысқа мерзімде қалпына келтіру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді. Әсіресе жол құрылысы мен жол белгілеріне қатысты сыни ескертпелер айтылып, қоғамдық көліктер мен тұрғын үй кезектілігіне қатысты мәселелерге басты назар аударды.

Мұнан соң аудандағы құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Қонысбаев хабарлама жасады.

Аудан басшысы өткен жылы және жыл басында ел игілігіне берілген түрлі әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға қатысты тоқталып, қазіргі таңда пайдалануға берілген әлеуметтік нысандардағы анықталған кемшіліктерге тоқталып, немқұрайлылық танытқан жауапты басшылардың жұмысын сынға алды. Тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесінің де маңызды екені жиында көтеріліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігі айтылды.

Жиын барысында Арал қаласы бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде Арал қаласының әкімі Б.Ұзақов хабарлама жасады. Қала аумағында атқарылған санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстары баяндамада кеңінен айтылып, бірқатар алдағы міндеттер пысықталды.
Аудан басшысы қаланың жұмысы тазалық немесе көгалдандырумен ғана шектелмейтінін жеткізіп, инвестициялық жобаларға қаржы көздерін тарту, демеушілік арқылы іске асырылуы тиіс өзге де жұмыстар мен жобалардың өз мәнінде орындалмай отырғанын атап өтті.

Мұнан соң халықты жұмыспен қамту шаралары қаралып, бұл мәселе бойынша аудандық «Мансап» орталығының директоры Ж.Алдашев хабарлама жасады.

Аудан әкімі қоғамның әлсіз тобына қолдау көрсету мемлекеттің міндеті, ал оны іске асыру жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі екенін атап өтіп, халық талабынан жиі туындайтын жұмыссыздық мәселесін реттеуде заңдылық аясында жұмыс жүргізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ кәсіп істеуге ниетті жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсетіп, тиімді шарттар ұсынатын бағдарламалар арқылы өз-өзін жұмыспен қамтуға бейімдеу қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысымен жұмысты өз мәнінде үйлестіре алмаған, орындаушылық тәртіпті көп жағдайда назардан тыс қалдырған кейбір әкімдер мен бөлім басшыларына тәртіптік шара қолданылды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

25 ақпан 2026 ж. 56 0