Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Амал мерекесімен құттықтауы
Баршаңызды әз Наурыздың бастауы – Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – еңсесі биік елдіктің, іргесі берік бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Ұлыстың ұлы күні Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтуде.
Мерекелік онкүндік татулық пен сыйластықты дәріптейтін Амалдан бастау алады. Наурыз мерекесі қарсаңында алыс-жақындағы ағайынның көрісуі бірегей дәстүр ретінде бүкіл елімізге тарады.
Бүгінде ата-бабаларымыздың ізгі жолы жалғасын тапты. Амал келгенде ағайын-туыстың амандығын білу, жастардың қарт кісілерге сәлем бере барып, батасын алуы жалпыұлттық сипат алып келеді. Бағзыдан бүгінге жеткен осы дара салтымыз бауырмалдықты нығайтып, өскелең ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіреді.
Адамдарды игі іс жасауға үндейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет үлгісін дәріптейді. Өткенге салауат айтып, ескі өкпе-ренішті ұмытады.
Амал күні жасалатын осы ғұрыптар адамдар арасындағы түсіністік пен татулықты арттырып, бірлікті бекемдей түседі.
Амал мерекесі әр шаңыраққа бақыт пен шаттық, ырыс пен береке әкелсін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, еліміздің еңсесі биік болсын!
Жыл құтты болсын, ағайын!










