Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елі көш басында

Сыр елі көш басында

Бүгін еліміз үшін ерекше маңызды күн болды. Отандастарымыз жалпыұлттық референдум сайлауына қатысып, Жаңа Конституция жобасына дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, бекем бірлікпен шыққан Сыр елі жұртшылығы осынау маңызы зор, мәні терең саяси кезеңде жоғары жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, азаматтық ұстанымдарының нық әрі берік екенін дәлелдеп, дауыс беруге белсене қатысты. Еліміз бойынша сайлауға қатысу көрсеткіші жөнінде Қызылорда облысы көш бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың тарихи бесінші отырысында өркендеген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға берген болатын. Бүгін, міне облыс халқы тағы да сол биік үдеден көрініп, референдум сайлауын нәтижелі қорытындылады. Референдум сайлауына облыс халқының 93,04 пайызы қатысып, ел болашағы үшін таңдау жасады. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Шын мәнінде, халықтың жоғары жауапкершілікті терең сезінуін – ортақ абырой жолындағы бекем бірлік пен табанды еңбектің нақты нәтижесі деуге болады.

Президентіміз атап өткендей, Жаңа Конституция азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сондықтан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. Әрине, 1995 жылы қабылданған Конституция Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ата-бабаларымыз армандаған азаттығымыздың тұғырын бекемдеуге, келешек ұрпаққа қолдау көрсетуде ерекше рөл атқарғанын атап өтуіміз керек. Еліміз 35 жыл осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа Мемлекет басшысынан бастап ел болашағына алаңдайтын әрбір жанашыр азамат белсене атсалысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Конституциялық реформалар жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі ретінде өзекті ұсыныстар енгізіп, халық көкейіндегі мәселелердің шешілу жолдары контитуциялық деңгейде бекітілу үшін Жаңа Конституция жобасында көрініс тапты. Сондықтан Жаңа Ата заң ел игілігіне, ұрпақ келешегіне қызмет етеді деп сенеміз.

Біз «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында Сырдария ауданындағы аумақтық коалиция мүшелерімен бірге бір айға жуық уақыт халық арасында түсіндірме жұмысын жүргіздік. Аудан бойынша 100-ден аса ұжымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық басқосулар өткіздік. Халық көп шоғырланатын жерлерде үнпарақтар таратып, ақпараттық тақталар, жергілікті басылым мен әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмысын ұйымдастырдық. Бүгін бірлесе атқарған жұмысымыздың нақты нәтижесін сезіндік. Таңертеңгі сағат 07.00-ден бастап аудандағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беруге келген халықтың қарасы көп болды. Түптеп келгенде, референдум сайлауы Ата Заң аясында еңбекқорлық пен жасампаздықты ұлттық құндылық ретінде төрге оздырған тарихи белес қана емес, іргелі өзгерістерге тың бетбұрыс болды. Ал, аймақ жұртшылығының дауыс беруге белсене қатысуы Тәуелсіздігімізді нығайтуға, ата-бабаларымыз армандаған азаттығымыздың тұғырын бекемдеуге, келешек ұрпақты қолдауға деген халықтың ынталы екенін білдіреді. Ұлт болып ұйысып, ел мүддесін биік қойған аймағымыз алдағы уақытта да көш бастап, абырой тұғырынан көріне береді деп сенеміз.

Халық даналығында «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты қағида бар. Иә, бірлік бар жерде жүйелі жұмыс та, жасампаз жетістік те болады. «Бірлігі мықты ел озады» деген тағылымды сөз осындайда айтылса керек-ті. Ендеше, бекем бірліктің, көркем тірліктің туын биікке көтеріп, ырысты ынтымағымен, бір мақсат, бір мүдде жолындағы топтасуымен өзге өңірлерге үлгі көрсеткен Сыр елі халқы алдағы уақытта да жоғары белестерден көріне берсін! Еліміз аман, азаматтардың рухы мен мерейі үстем болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты,
«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы
16 наурыз 2026 ж. 105 0