Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Қаратерең ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды

Аудан әкімі Қаратерең ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында Қаратерең ауылдық округіне барып, өңірдегі бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.

Сапар «Көкарал» бөгетінен бастау алып, ондағы су деңгейі мен гидрологиялық жағдай қаралды. Бұл нысанның өңір үшін маңызы зор екені атап өтіліп, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Одан әрі аудан әкімі жеке кәсіпкер А. Сейітжановқа тиесілі балық шаруашылығына барып, тоған шаруашылығының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпкерлік нысандағы өндіріс көлемі, жұмыс орындары және саланың даму әлеуеті талқыланды.

Сапар барысында жаңадан салынған мәдени-демалыс саябағы да қаралып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған жағдайлар бағаланды. Саябақ ауласында биыл мектеп бітіруші түлектермен бірге тал отырғызып, санаулы уақыттардан соң үлкен өмірге аяқ бастан жас талапкерлерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, №82 орта мектепке барып, білім беру мекемесінің материалдық базасы мен оқу процесінің ұйымдастырылу деңгейі зерделенді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, Өткен жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды, нәтижелі жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, сумен қамту, жол жөндеу, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кеңінен айтылды.
Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Кездесуде Қаратерең мен Жаңақұрылыстың екі ортасын байланыстыратын жол мәселесі, ауылішілік электр желілерін жаңғырту, ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында қазақ күресінен үйірме жұмыстарын қолға алып, арнайы маман тағайындау мәселелері сөз болды. Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Қаратерең ауылдық округінде алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етілетін болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

03 сәуір 2026 ж. 46 0