Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады

Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Жеңістің 81 жылдығымен құттықтаймын!
Бұл күн елдігімізді сақтаған ең қымбат кезең, маңызды мереке. Жеңіс күні батыр бабаларымыздың ерлігі мен жанқиярлығына, асқақ болмысы мен рухына көрсетілген айрықша құрметтің белгісі.
Биыл Ұлы Жеңіске – 81 жыл. Бұл тек уақыт межесі емес, халқымыздың қайсар рухын, бірлігі мен ерлігін ұлықтайтын тарихи белес. Сол бір сұрапыл кезеңдерде жауынгерлеріміз майдан даласында, өлім мен өмір арасында арпалысқа түссе, тылдағы еңбеккерлер бір сәт тынбастан табанынан тозып, ауыр мехнат арқалады.
Тарих парақтарына қанмен жазылған қиын кезеңдерде аралдық азаматтар да асқан батырлық пен жанкештілік танытып, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырды.
Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, Ұлы Отан соғысына 12 мыңға жуық жерлесіміз аттанып, жеңіс сағатын соқтыруға өлшеусіз үлес қосты. Сол жауынгерлердің жартысынан көбі майдан даласында қаза тауып, жат жерден топырақ бұйырды.
Мұз жастанып, қар жамылған батыр боздақтарымыздың азаматтық арды ту етіп, қасиетті жерімізге көз алартқан жаудың адуын екпініне тойтарыс беруі шексіз батырлық, көзсіз ерлік. Уақыт алға озған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылым-тәрбиесі мен мән-мағынасы мейлінше тереңдеп, даралана түседі.
Құрметті жерлестер!
Халқымыздың қаһармандығы мен қайтпас қажыр-қайратының айнымас үлгісіне айналған Жеңіс күні баршаңызға құтты болсын!
Бейбіт күннің әр таңы нұрын шашсын, аспанымыз ашық болсын! Желбіреген байрағымыз ешқашан құламасын!
Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев
09 мамыр 2026 ж. 80 0