Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қаладағы бірқатар нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы бірқатар нысандарды аралады

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Алдымен аудан басшысы темір жол вокзалы ғимаратындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Нысан басында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жолаушыларға қызмет көрсететін темір жол вокзалының талапқа сай әрі сапалы салынуы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ құрылыс барысында салғырттыққа жол бермей, әрбір жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.
Қала орталығындағы Ә.Қаюпов көшесі бойында орналасқан ескі темір жол желісін алу жұмыстары да жүргізілуде. Көпшілік тарапынан ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген мәселе енді шешімін табуда. Жоба аясында ескі темір жол алынып, аумағы тегістеліп, ретке келтіріледі.

Аудан әкімі аталған жұмыстармен танысып, жобаның мүмкіндіктері әлі де пысықталатынын жеткізді. Қазіргі кезеңде ескі темір жол материалдарын мұқият жинап, аумақты тегістеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Аталған көшенің автомобиль жолына қатысты жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттен қаржы күтілуде. Қаржы бөлінген жағдайда тұрғындарға арналған аллеялар мен скверлер салу жоспарланып отыр.

Одан әрі аудан басшысы қала орталығындағы Тәуелсіздік алаңында болды. Қазіргі уақытта алаң аумағында тұзды сор белгілері жиі байқалуда. Қала әкімдігі бұл аумақты қайта абаттандырып, брусчатка төсеуді жоспарлауда. Сонымен қатар көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіш-монументті жөндеу жұмыстары да қарастырылған.
Жауапты мамандар аудан әкіміне аумақтың эскиздік жобасын таныстырып, қайта жаңғырту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі ұсыныстарды пысықтап, қаржының мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.

Қазіргі таңда Бақтыбай батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Арал қаласы, Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында автожолдың 1,7 шақырымына асфальт жабындысы төселінді. Осы жоба аясында абаттандыру жұмыстары бойынша Ж.Әлімбетов, І.Жүсіпов көшелерімен және Жетес би көшесінің қиылысына бағдаршамдар орнатылып, іске қосылды. Енді кезекте Әбілхайыр хан және Бақтыбай батыр, Бақтыбай батыр және Ә.Қаюпов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттамада жалпы 6717 шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолының 2475 шаршы метріне бурсчатка төселініп жұмыстар жалғасын табуда.

Сонымен бірге жаңадан орнатылатын 67 дана түнгі жарық шамдарының тірек бағаналарының 42 дана демонтаждалып жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек жобада тынығу аялдамалары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін түрлі жағдай қарастырылмақ. Көше келбетін ретке келтіру бағытында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қаптау жұмыстары да жүргізілуде.

Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

13 мамыр 2026 ж. 43 0