Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СОЛТҮСТІК АРАЛДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖЕДЕЛДЕТІЛМЕК

СОЛТҮСТІК АРАЛДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖЕДЕЛДЕТІЛМЕК

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Арал теңізін сақтау және су ресурстарын тиімді басқару мәселесін жедел шешу қажеттігін көтерді. Депутат бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты назарында екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының Астана саммитінде су ресурстарын басқару, цифрландыру және трансшекаралық өзендер бойынша үйлестірілген саясат жүргізу жөнінде берген тапсырмалары – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық ұстаным.
– Арал мәселесі – тек экологиялық түйткіл емес, ол тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және жаһандық экожүйенің тұрақтылығына әсер ететін ортақ жауапкершілік, – деді Мархабат Жайымбетов.
Арал өңіріндегі оң өзгерістер
Соңғы жылдары Арал өңірінде бірқатар оң динамика байқалады. Атап айтқанда, жол, су және әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылып, құрғаған теңіз табанында сексеуіл егу және мелиорациялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар экожүйені қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Сонымен қатар, 2002–2008 жылдары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасы аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, өзеннің өткізу қабілеті 350-ден 700 м³/с дейін артты. Соның нәтижесінде теңіз көлемі 15,6-дан 27,1 км³-ге дейін ұлғайып, тұздылық деңгейі 23-тен 12 г/л-ге дейін төмендеді. Балық шаруашылығы да жанданып, жылдық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін өсті.
Жаңа кезең: Көкарал бөгетін жаңғырту
Қазіргі уақытта аталған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесі қарастырылуда. Жоба аясында Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 42 метрден 44 метрге дейін көтеру, дельта экожүйесін тұрақтандыру, дренаж суларын сулы-батпақты алқаптарға бұру және Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту көзделген.
Жобаның жалпы құны 700 млрд теңгеден асады. Жоспар толық жүзеге асқан жағдайда Солтүстік Арал теңізінің ауданы 3 151 км²-ден 3 913 км²-ге, ал су көлемі 27 км³-ден 34 км³-ге дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Су ресурстарын тиімді басқару – негізгі басымдық
Депутаттың айтуынша, су ресурстарының шектеулілігі, климаттың өзгеруі және тұтынудың артуы жағдайында Арал мәселесі күрделене түсіп отыр. Сондықтан су саясатын тиімді үйлестіру – басты міндеттердің бірі.
Осыған байланысты ол бірқатар нақты ұсыныстарды Үкімет назарына ұсынды. Атап айтқанда, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін жеделдетіп, Көкарал бөгетін көтеру жобасын толық қаржыландыру, теңізге жыл сайын кемінде 4 млрд текше метр су жеткізуді қамтамасыз ету ұсынылды.
Сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, трансшекаралық су келісімдерін күшейту және халықаралық әріптестікті дамыту қажеттігі айтылды.
Экологиялық қауіпсіздік және болашақ
Құрғаған теңіз табанында сексеуіл мен тұзға төзімді өсімдіктерді көбейту жұмыстары да басты бағыттардың бірі ретінде көрсетілді. Бұл шаң-тұз таралуын азайтып, халық денсаулығына әсер ететін экологиялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында балық шаруашылығын дамыту, су қоймаларын жаңғырту және келешекте Есіл – Торғай – Арал жобасын кезең-кезеңімен іске асыру мәселесі қарастырылуда.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтің пікірінше, Арал теңізін сақтау – тек өңірлік емес, ұлттық деңгейдегі стратегиялық міндет. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар экологиялық тұрақтылықпен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға да тікелей ықпал етпек.
Ер-Нұр Теберік
16 мамыр 2026 ж. 45 0