Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда мыңнан астам түлек мектеп бітіруде

Ауданда мыңнан астам түлек мектеп бітіруде

Бүгін аудандағы барлық білім ұяларында мектеп бітіру кештері өтті.

Осы күн білім мен тәрбиенің қасиетті ордасында тағы бір оқу жылы қорытындыланып, жас түлектер үлкен өмірге қанат қағатын айтулы күн.
Бұл күні түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Болашақтың биік баспалдағына қадам басқан түлектер үшін алда қызықты да жауапты жолдар жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Сексеуіл кентіндегі №294 орта мектебі биыл алғаш рет өз түлектерін қияға ұшыруда. Бұл да тарихи сәт. Кең көлемде ұйымдастырылған осы шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, бітіруші түлектерді мерекелерімен құттықтады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан Ы.Лекерова мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақжарма тілегін жеткізді.
Мұнан соң, қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі. Осылайша №294 орта мектепті бітірген 28 түлек алға қойған арман-мақсаттың жетегімен үлкен өмірге қадам басуда.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша барлығы 1093 оқушы мектеп бітіріп жатыр. Олардың 76-і «Алтын белгіге» үміткер болса, 64 оқушы– «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Оның ішінде І лекке ҰБТ-ға 777 оқушы қатысуға өтініш берсе, ІІ лекке 774 оқушы қатысады деп жоспалануда.

25 мамыр 2026 ж. 49 0