Аралда кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды
Арал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары өткізілді. Туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне бағытталған шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, түрлі ұйым өкілдері және аудан тұрғындары белсенді қатысты.Сенбілік барысында қоғамдық орындар, саябақтар мен скверлер, тарихи-мәдени нысандар және орталық көшелердің аумақтары тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, жол жиектеріндегі құм-қоқыстар тазаланып, бордюрлер әктеліп, сырланды.
Сонымен қатар, елді мекен аумағындағы ретсіз өскен өсімдіктер орылып, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстар жиналды. Арнайы техникалардың көмегімен шығарылған қалдықтар белгіленген полигонға жеткізілді.
Осылайша тазалық шарасы аудан тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, туған жердің келбетін жақсартуға өз үлесін қосты.
Аудан көлемінде санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
kyzylorda-news.kz










