Ауданда сенбілік шарасы белсенді ұйымдастырылды
Бүгін Арал ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары қолға алынды. Бұл жолғы сенбілік жұмыстарының мәні бөлек, маңызы зор деуге болады.«Таза Қазақстан» акциясы – жай ұран емес, еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шараларды қамтиды. Бүгін сол шараның лайықты жалғасы ретінде өткен сенбілік жұмыстарына қала бойынша түрлі мекеме қызметкерлерімен қатар белсенді тұрғындар да атсалысты.
Сенбілік аясында скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандарының айналасы, орталық көшелер мен қоғамдық орындар тазартылды. Атап айтқанда, бордюр жиектерін құмнан тазалау, әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ туған өлке аумағы ретсіз өскен өсімдіктерден, күл-қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтардан арылтылып, арнайы техниканың көмегімен қала сыртындағы полигонға шығарылды.
Қоршаған ортаға қамқорлық жасау, туған өлкені тазарту және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.


"Толқын" ақпарат
		





		
		



