Аралдық ұлан Азияны бағындырды
Вьетнамның Дананг қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшесі, аралдық жас балуан Мирас Махамбет алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.Грек-рим күресінен 65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз жарыс барысында жоғары деңгейдегі шеберлігі мен қайсар мінезін көрсетті. Ширек финалда Қытай спортшысы Юнчи Чуды жеңсе, жартылай финалда ирандық Хамид Али Деханзадехтен басым түсті. Ал финалда Өзбекстан өкілі Сардор Махмудовпен белдесіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Мирас құрлық чемпионы атанып, байрағымызды Азия төрінде желбіретті.
Мирас Арал ауданына қарасты Аралқұм ауылында дүниеге келген. Болашақ чемпионның спорттағы жолы туған ауылынан басталды. Ол 10 жасынан грек-рим күресімен шұғылданып, алғашқы жаттығуларын ауылдағы бапкері Әбу Кистановтың жетекшілігімен өткізді. Жас спортшының бойындағы қабілетті алғашқылардың бірі болып байқаған жаттықтырушы оны үлкен спортқа бағыттап, күрестің қыр-сырын үйретті.
Кейін Мирас Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы Ардақ Таңатаровтың қол астында шеберлігін шыңдады. Бапкерінің айтуынша, шәкірті жас кезінен-ақ еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен ерекшеленген.
– Мирас жаттығудан қалмайтын, өзіне қойылған талапты әрдайым орындауға тырысатын. Оның бойынан чемпионға тән мінезді ерте байқадық. Бүгінгі жеңіс – ұзақ жылғы еңбектің жемісі. Бұл – тек Мирастың ғана емес, оны тәрбиелеген бапкерлердің, ата-анасының және туған жерінің ортақ қуанышы, – дейді Ардақ Таңатаров.
Қазір Мирас Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 11-сыныбында білім алып жүр. Елордада тәжірибелі бапкерлер Оралхан Құлсағұров пен Дәурен Кегенбаевтың жетекшілігімен жаттығады.
Азия чемпионатына дайындық кезеңі де қарқынды өтті. Қазақстан құрамасының сапында бірнеше оқу-жаттығу жиынына қатысқан жас балуан халықаралық додаға тыңғылықты дайындалды.
– Азия чемпионатына дейін ұлттық құрама сапында бірнеше оқу-жаттығу жиынынан өттік. Білікті мамандардың көмегімен шеберлігімізді жетілдіріп, жарысқа жан-жақты дайындалдық. Қолдау көрсеткен бапкерлеріме, сенім артқан барша жанға алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – бәріміздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі, – дейді Азия чемпионы.
Мирастың спорттағы жетістіктері бұған дейін де назар аудартқан болатын. Ол 2024 жылы U-15 жас санатындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы болды. 2025 жылы U-17 Қазақстан чемпионатында қола медаль иеленсе, биыл ел біріншілігінде алтын жүлде жеңіп алды. Енді сол табыстар қатарына Азия чемпионатының алтыны қосылып отыр.
Аралқұмның топырағында түлеп ұшқан талантты жас бүгінде Сыр өңірінің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналып отыр. Мирас Махамбеттің бұл жеңісі қазақ күресінің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, жас спортшыларға жігер сыйлады. Алда оны әлемдік додалар күтіп тұр. Азия чемпионы енді халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатуды мақсат етеді.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»
syrboyi.kz









