Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтілді
Бүгін аудандық мәдениет үйінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілері күніне арналған «Адал еңбек – мемлекеттік қызметтің негізі» атты салтанатты мерекелік кеш өтті.Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызы ерекше атап өтіліп, ел дамуы жолында абыройлы еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев құттықтау сөз сөйлеп, саладағы бірқатар жетістіктер мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мемлекеттік қызмет саласында кәсіби шеберлігімен және адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерге облыс, аудан әкімінің марапаттарын табыстады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметшілер күніне орай жергілікті атқарушы органдар арасында ұйымдастырылған аудандық спартакиаданың қорытындысы жарияланып, сайыс бойынша ІІІ орын алған «Aral stars» командасы, ІІ орынды иеленген «Бірлік» командасы және І орынға қол жеткізген «Алтын көпір» командасы мен бас жүлдеге ие болған «Әділет» командалары арнайы диплом, кубоктармен марапатталды.
Көпшіліктің көңілін көтеріп, мерейін тасытқан мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, жауапты қызметтеріне толағай табыс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық және ел игілігі жолындағы еңбектеріне жаңа жетістіктер тілейміз!
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












