Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбаш жағасында тоғысқан ізгі ниет пен үлкен үміт

Қамбаш жағасында тоғысқан ізгі ниет пен үлкен үміт

Кейде адамзаттың үлкен өзгерістері алып мінберлерден айтылған ұрандардан емес, жүрегінде жанашырлық оты маздаған жандардың бір жерге жиналып, ортақ мақсат жолында қол ұстасуынан басталады. Өйткені табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, келер ұрпақ алдындағы қасиетті аманат. Ал сол аманатқа адалдық таныту жүрек таңдауы.
Міне, осындай ізгі мұратты ту еткен «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық еріктілер апталығы қасиетті Сыр өңірінің орталғы Қызылордада бастау алып, Қамбаш көлінің жағасында жалғасын тапты.

Көк аспан мен көгілдір көл тоғысқан Қамбаштың көркем табиғаты аясында әртүрлі елдер мен өңірлерден келген еріктілердің басын қосқан бұл кездесу табиғатқа деген сүйіспеншіліктің, адамзатқа ортақ жауапкершіліктің және шекараға бағынбайтын достықтың жарқын көрінісіндей-ақ.

Қонақтарды ұлттық нақыштағы әсем әуендермен қарсы алу, дәстүрлі киім киген жандардың ілтипаты, жыршы-жыраулардың жырдан шашуы мен ақжарма көңілден ұсынылған ұлттық дәмдер – қазақы қонақжайлықтың кеңдігін танытып, алғашқы сәттен-ақ ерекше жылылық сыйлады. Салт-дәстүрдің салтанаты мен заманауи экологиялық бастаманың жарасымды үндесуі бұл кездесуге айрықша рең берді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қамбаш жағасы бір ғана өңірдің емес, ортақ болашақтың мінберіне айналды. Аралдың кең құшағында бас қосқан жандарды бір арнаға тоғыстырған мұрат табиғатты аялау, Арал өңірінің экологиялық ахуалына назар аудару және ізгі істер арқылы жасыл болашаққа жол ашу.

GREEN ARAL – табиғатқа жанашырлықтың ғана емес, адамзаттың ортақ тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның да көрінісі. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды. Оның идеясы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 15-бағытымен – құрлық экожүйелерін қорғау, шөлейттенуге қарсы күресу және биоалуантүрлілікті сақтау міндеттерімен сабақтасады. Ал еліміздегі «Таза Қазақстан» бастамасымен үндескен бұл игі жоба қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың ортақ мәдениетін қалыптастыруға үндейді.

Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетовке берілді. Ол өз сөзінде «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE – 2026» халықаралық еріктілер апталығының маңыздылығына тоқталып, игі бастама аясында бас қосқан форум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Арал және Қазалы аудандары әкімдерінің орынбасарлары Нұрмұхамет Бохаев пен Жәнібек Әлиев сөз сөйлеп, халықаралық апталықтың өңір үшін маңызын атап өтті, белсенді жастарға ақжарма тілектерін білдірді. . Ерікті жас Фариза Елеусізова жастардың ізгі бастамаларына сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Жалынды жастардың көтеріңкі көңіл-күйімен ұштасқан басқосу мерекелік бағдарламаға ұласып, Қамбаш жағасын ән мен күйге бөлеп, рухани жарасымның әдемі үлгісін көрсетті.

Қамбаш жағасында тұтанған осы жасыл үміт әр қатысушының жүрегінде жалғасып, игі істерге ұлассын!

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

21 қазан 2026 ж. 48 0