Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмолалық жас кәсіпкерлерге 39 млн теңге грант бөлінді

Ақмолалық жас кәсіпкерлерге 39 млн теңге грант бөлінді

Жастар жылы аясында Ақмола өңіріндегі жас кәсіпкерлерге 39 миллион теңгенің қосымша мемлекеттік гранты бөлінді. Облыс аймақтарындағы 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасылар «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатыса алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлім болды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы жетекшісінің орынбасары Жасұлан Айдархановтың хабарлауынша, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, 586 млн теңгесі игерілген.
«Кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1002 млн теңге жоспарланса, оның 55 пайызы игерілген. Несиені бөлшектеп кепілдендіруге 170 млн теңге, гранттық қаржыландыруға 40 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 1000 млн теңге мақсатты трансферттер қарастырылған, қаражат осы жылдың қарашасында игеріледі. Биыл 300 жоба субсидияланады, 60 кепілдеме, 18 грант беріледі, 6 жоба бойынша инфрақұрылым жасақталады деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 30%, қызмет көрсету саласында 20%, сауда саласында 19% бизнес-жобаларға қолдау көрсетілді. Өңдеуші салада 7% ғана мақұлданған», - дейді Жасұлан Айдарханов.
Осы ретте Үкімет тарапынан бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, басым жобаларды банктер арқылы несиелендіруге 600 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім шығарылды.
«Бұл алдымен өңдеуші салаға, тағам, жеңіл, химия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары индустриясы, АӨК саласы мен басқа да қызмет түрлері жобаларына қатысты. Бизнес үшін жылдық мөлшерлеме 8 %, АЭК саласы жобалары бойынша 5% құрап отыр. Республика бойынша субсидия төлемдеріне 30 млрд теңге бағытталды. Жалпы, өкінішке орай, кәсіпорындар тарапынан белсенділік бәсең», - дейді Жасұлан Айдарханов.
«Даму» қоры өңірлік филиалының директоры Руслан Ахметовтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің тиімді шартпен қаржы тартуға мүмкіндігі бар.
«Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 15% дейін, қарыз алушыға мөлшерлеме 8%, қалған 7%-ды мемлекет субсидиялайды. Инвестицияға субсидиялау мерзімі 7 жылға дейін. Айналым қаражатын толықтыруға өзгерістер енгізілді. Бұрын 70% инвестиция, 30% айналым қаражатын толықтыру бір жоба шеңберінде болды. Қазір бұл 50-де 50. Несиенің ең жоғары сомасы шектелмеген. Бағдарламаға 9 банк қатысады. Бүгінгі күні «Даму» қоры Атбасар ауданында жүгері таяқшаларын өндіретін зауыт құрылысы жобасына қолдау көрсетпекші. Биылғы жылдың сәуірінде субсидиялау бойынша 650 млн теңгеге 3 келісімшарт жасалды. Сондай-ақ Зеренді ауданында құны 214 млн теңгенің сүт фермасы құрылысының жобасы бекітілді», - дейді Руслан Ахметов.
03 маусым 2019 ж. 755 0