Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Халықтың алғысынан асқан құндылық жоқ»

«Халықтың алғысынан асқан құндылық жоқ»

   ...Бұл жолы айдынды Арал өңіріне сапар сәті түсті. Басты мақсат – теңізді өлкенің тіршілігін бағамдап, халық игілігі жолындағы жасампаз істерді саралау. Әрі әлі де болса елге қажет еңбек көзін, басшылықтың алға қойған мақсат-міндеттерін оқырманмен бөлісу.

  Ауданға әкім болып тағайындалғанына үш жылға жуықтаған Мұхтар Оразбаев –мемлекеттік қызметте әбден ысылған, ел мен жердің тарихын, өлкенің өркендеуіндегі барлық істің байыбына бара білетін басшы. Сұхбат емін-еркін пікірлестікке құрылды. Мұндағы елдің тіршілігі, өткеннің өзегі мен болашақ жолындағы батыл да баянды бастамалар сөз болды.
   Сонымен...
   – Мұхтар Әуесұлы, тарихы талайға танымал Аралдың не­бір марғасқа тұлғаларды өмірге әкелгенін білеміз. Алдымен аз-кем өткенге шегініс жасап көрсек... 
   – Сөзіңіз орынды. Қуаң­шылық пен аштықтың  қиын  кезеңінде Арал балықшылары  Волга өзенінің  жағалауындағы халыққа 14 вагон балық жө­нелткенінің өзі үлкен тарих емес пе?!. Одан бөлек, ауданның 16 жұмыскері Социалистік  Еңбек Ері  атанса, 4 Кеңес Одағының Батыры бар. Бізде тарихта аты қалған жаһанға белгілі тұлғалар же­терлік. Жанқожа батыр, Нұр­­­туған жырау, Сартай мен Же­тес бидің туған топырағы еке­нін айтпағанда, бұл – респуб­лика және  шет елдерде  аты  танылған азаматтардың  туған өлкесі. Ғани Мұратбаевтың жақ­­­тасы, мем­лекет қайраткері Шақ­­­пақ Ар­тықбаев, халық  жа­зу­­шысы Әбдіжәміл Нұрпейі­сов, жазушы-ақын Зейнол­ла Шү­­­кіров, Қа­зақстан  Рес­­­­­­пуб­­­­ли­­ка­сының тұңғыш Пре­­мьер-Ми­нистрі Ұзақбай Қа­ра­­манов, мә­дениет майталманы Құ­дай­берген Сұлтанбаев, тұңғыш Ба­лық шаруашылығы ми­нистрі Құдайберген Саржанов, про­фессор Нажмадин Күн­қо­жаев шыққан қасиетті жер. Өз қан­дас­тарымыздан бөлек, 9 ұлт өкілі тізе қосып, тіршілік еткен, бауырмалдықтың ұясы болған аудан.
   Арал десе, біріншіден, сырт адамның көз алдына балық пен тұздың келетіні анық. Сонымен бірге, жергілікті жұрт мал шаруашылығымен кең ай­налысып келеді. Әсіресе, қыр беттегі ауылдардың тірші­лігі осы. Теңізге жақын тұрғын­дар­дың ата кәсібі – балық шаруа­шылығы екенін өзіңіз де білесіз.
  Соңғы үш жылда ауданға 62,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның ішін­де ең қуаныштысы, 33 мың­нан астам халқы бар Арал қаласы толық газдандырыл­ды. Жалпы саны 5810 тұрғын үй мен 192 әлеуметтік және кә­сіп­керлік нысан көгілдір отынға қосылды. Ал биыл Жақ­сықылыш кентіне газ жүргізуге 389,3 млн теңге бөлініп, жұ­мыс басталып кет­ті. Мұнан бөлек, 23,7 млрд тең­генің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік салада 8 мектеп, 150 орындық орталық аурухана, коммуналдық бір­пәтерлі 29 тұрғын үй, өрт сөн­діру депосы,  спорттық-сауық­тыру кешені, сот ғимараты, 3 полиция бөлімшесі, «Арал» ком­прес­сорлық станциясы, мә­де­ниет үйі, «Рәміздер» алаңы, 4 ашық спорт алаңдары, бала­ларға арналған 2 ойын алаңы салынғанын ай­та аламыз. Бұдан бөлек, мемле­кеттік-жекешелік әріптестік ая­­сын­да қосымша 3 дәрігерлік амбу­латория,  6 медициналық пункт, 1 фельдшерлік-акушер­лік пункт салынғанына халық куә.
  «Өңірлерді дамыту­дың-2020» бағ­­дарламасы ая­сын­­­да қы­­руар жұмыс атқа­рылды. Мы­салы, аудан­дағы 17 кондоминимум нысандар­ға жөн­деу жұмысы жүргізі­ліп, Сексеуіл кенті, Аманөт­кел, Қамыстыбас, Шижаға, Арал­құм, Бөген, Конту ауылда­рын­дағы сумен қамту жүйелері жа­ңартылды.
Құрылыс мұнымен тоқта­майды. 250 орындық Оқушылар үйі, Сексеуілдегі 40 төсектік аурухана мен № 231 орта мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусы, Арал қаласынан қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон, Сексеуіл мен Сазды ауылында биотермиялық шұңқырлардың құрылысы жүр­гізілуде.
   Біздің аудан өндірістік-аг­рарлы аудан болып табылады. Соңғы жылдары өндірістік ме­­кемелер арқылы 31 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өн­дірілді. Оның 22,9 млрд тең­гесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласында 14,9 млрд теңгені құрайтын өнім саудаға шығарылды. Мүй­ізді ірі қара 13,1, жылқы 26,2, түйе 18,5, қой мен ешкі 21,5, құс 37 процентке көбейген. Жыл санап ауданымыз егін шар­уашылығына  бейімделуде,  соң­ғы  үш жылда  1092,8  гектар  жерге  егін  егілді. Мұның бәрі экономикалық өсімнің артуына ықпал  етіп, аудан  бюджеті соңғы үш жылда 3,1 млрд тең­геге немесе 24 процентке көбейгенін, осы мысалдар арқылы жеткізуге болады.
    – Ауданда үлкен еңбек ырғағы бар. Дегенмен, қандай түйінді мәселелерді айтар еді­ңіз?
   – Мәселен, Жаңақұрылыс ауылдық ок­ругіндегі 150 орын­дық клуб­тың ескіргені барлы­ғына аян. Ол облыс әкі­мінің «Құрылысын са­луға жа­­та­тын білім, денсау­лық сақ­­тау, мәде­ниет, спорт нысан­да­ры туралы» қаулы­сына сәй­кес, аймақтағы салы­нуы тиіс құрылыс ны­санда­ры­ның қатарына енгі­зіл­ді. Кезек­ті­лі­гіне сәйкес ал­дағы уақытта тиіс­ті жұмыстар жүр­гізілетін болады. Осы қаулыға сәйкес бірқатар ауылдық клуб салынды. Жақында Ши­жаға ауылында 100 орындық ау­ыл­дық клуб пайдалануға берілді.
    Ал Сексеуіл кентінде жалпы орта білім беретін 3 мектеп темір жолдың бергі бетінде орналасқан. Арғы бетінде еш­­қан­дай мектеп болмаған. Атал­ған мектептерде былтырғы оқу жылында барлығы 2643 бала білім алды. Осы балалардың ішінде 610-ы темір жолдың ар­ғы бетінен қатынап оқуға мәж­бүр. Ашығын айтай­ын, оқу­шылардың сапалы бі­лім алуын және жеке бас қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, үш ауысымдық оқуды бол­дырмау мақсатында, темір жолдың арғы бетінен 300 орындық мектеп құрылысына 864 миллионнан астам теңгеге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы сұрап, өтінім тапсырылған болатын. Алайда, бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінен қолдау таппай, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуге ұсыныс жасалды.
   Аудандық білім бөліміне қарасты 50 мекеме бар. Аталған мектептердің 38-і типтік жо­ба­дағы, 12-сі бейімделген ғи­­ма­­раттармен қамтылған. Алай­­­да, №71 орта мектеп об­лыс­­тың ма­мандандырылған ау­дан­­ара­лық эко­номикалық соты­ның ше­шімімен апатты жағ­дайда деп танылды. Енді оның құ­рылысын салу үшін 200 орындық мектеп, 100 орындық интернат құрылысының жобасы мемлекеттік сараптама­дан өткізіліп жатыр. Мектеп об­лыстық бюд­жет есебінен,  2020-2021 жылдар  аралығында салынады  деп күтілуде.
   – Өзіңізге белгілі, аудан­ның кейбір ауылдық округ­тері бір-бірінен шалғай орна­лас­қандықтан, ондағы елді мекендердің халқын жол қа­тынасы алаңдатып келеді. Жол мәселесін біржақты ету­дің шешімі бар ма?
   – Сөзіңізге толықтай қосы­ламын. Басқа аудандарға қа­ра­ғанда Арал ауданының елді мекендерінің көп­­шілігі аудан орталығынан шал­ғай ор­на­ласқан. Бір ғана Бе­ла­ран ауылдық округінің ор­талығы – Құландының өзі Арал қа­ла­сынан 300 шақырым қа­шық­тықта.
   Әйтсе де, жолға қатысты жақсы жаңалық көп. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында біршама жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2017 жылы ұзындығы 20,4 ша­қырымды құрайтын Сазды ел­ді мекеніне кіреберіс, 10 ша­қырым болатын Райым-Водокачка ел­­ді мекеніне кіреберіс автожол түссе, Қызылжар ауылы тұсындағы Сырдария өзеніне қалқымалы көпір қайта салынып, пайдалануға берілді. Бұған жалғасып «Самара-Шым­кент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» жолын, 23 шақырымды құрайтын «Жаңақұрылыс-Бек­арыстан би» трассасын орташа жөн­деу жұ­мыстары жүргізілуде. «Ақлақ-Қаратерең» және «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолдары ор­таша жөндеуден өтуде. 
  Жыл басында 2020-2022 жылдары республикалық бюд­жеттен қаржыландыру мақ­са­тында 67,4 шақырымды құ­­­­райтын аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын ор­таша жөндеуден өткізу үшін, ҚР Ин­дус­трия және инфра­құрылымдық даму министр­лігіне жалпы құны 2 млрд 933 млн 679 мың теңгеге бюд­жеттік өтінім тапсырдық. Олар­дың жалпы саны 7 жоба болып отыр. Оның ішінде 2 шақырым Тоқабай елді мекеніне кіреберіс жол, 10 шақырым «Қаратерең-Жаңақұрылыс» автомобиль жо­­лын орташа жөндеу және «Бө­ген-Ақ­лақ» жолын жөндеу сияқты жобалар бар.
   Біздегі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 681 шақырымнан асады.  Оның 14,78 проценті жақсы, 30,22 проценті қанағат­танарлық дең­гей­де, ал, 54,61 проценті қанағат­та­нар­лықсыз жағ­дайда. Біз ал­дағы 2022 жыл­ға дейін бұл көр­сеткішті тү­бегейлі өзгер­теміз.
    – Кәсіпкерлік саласында қандай қарқын бар? Мал шар­уашылығы белгілі, ал теңіз байлығын игеруде қандай жұ­мыстар атқарылуда?
   – Біздің негізгі миссиямыз – іскер ортаны қалыптастырып, шағын және орта бизнесті барынша қолдап, кәсіп иелерінің ұтымды бастамаларына жағ­дай жасау. Бұған дәлел, сол уақыттағы облыс әкімі Қырым­бек Көшербаевтың бастамасымен былтыр аймақта жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жариялануы. Оның үстіне облыс халқының әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында атаулы жыл тағы да үш жыл мерзімге ұзартылды. Бұл дегеніміз, облыс көлемінде 2018-2020 жыл­дар аралығында бизнес­ке түбегейлі бет бұрып, кәсіп жасауға ниетті азаматтарды толықтай өзін-өзі қамтуға жәрдемдесетін уақыт.
   Ал енді кәсіпкер болуға ұмтылғандардың қарасы қалың. Ауданда қазір 4249 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның жұмыс жа­сап тұрғаны 85,8 процент. Былтыр­ғымен салыстырғанда өсім бар. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасының үшінші легінде жалпы 120 азамат оқу курс­тарын аяқтап, сертификатын ал­ды. Жай оқып, сертификаттарын құшақтап кетпей, кәсібін жандандыруға көмектесу біздің әрдайым басты назарымызда.
   Әлгінде теңіз байлығын сұ­радыңыз. Аралға Кіші те­ңіз­дің қайта оралып, су көле­мінің көбеюі, балық шаруа­шы­лығының өркендеп, өңір эко­номикасының дамуына, ха­лықтың әлеуметтік жағдайы­ның жақсаруына жағдай жаса­ғаны жасырын емес. Бұрын өз теңізімізде, су айдындарында жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көріне бастады, тіпті көптеп кездеседі десем, артық емес. Ал балықтың 22 түрін аулап, сыртқы экспортқа жөнелтуде қыруар жұмыс жү­ріп тұр.
    Дәл қазіргі уақытта ауданда 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Осылар арқылы жыл басынан бері 1705 тонна балық өңделіп, одан 1446 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Олар қай елдер десеңіз, Ресей, Польша, Украина, Қытай, Нидерландия, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, тіпті Германияға дейін біздің балық жеткізілуде. 
   Сонымен бірге, Қосжар ауыл­ында орналасқан «Қамыс­ты­бас» балық өсіру питомнигі мен оның «Тастақ» учаскесінде ба­лық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтар бар. Об­лыс көлемінде табиғи су айдын­дарының балық қо­рын көбейту мақсатында респуб­ли­калық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесі мен Приморский, Қамыстыбас көл­деріне осы питомник арқылы 14 миллионға жуық бір жылғы майда шабақ пен 400 мыңнан астам екі жылғы шабақ жіберіліп отыр.
   – Аралдың басты бренді балық пен тұз екені белгілі. Өзге аудандарда кәсіпкерлік негізінде бірқатар бастама іске асуда. Мысалы күріштен түрлі өнімдер, түйе сүтінен балмұздақ немесе қарбыздан тәтті шырын өндіру сияқты жобалар бар...
    – Дұрыс айтасыз, балық пен тұз – біздің ауданның бас­ты өнімі. Бұлар шет елдерге экспортталып жатқанын жаңа да айтып кеттім. Сіз мысал еткендей, басқа аудандардың жобаларымен таныспыз, дегенмен, бізде өз ата кәсібімізден аттап кетпей, соған қатысты жаңа жобаларға қолдау біл­дірудеміз. Мысалы, Құ­ланды ауылдық округінің жас кәсіпкері консервіленген балық өнімдерін шығару жобасы бойынша мемлекеттік бағ­дарлама арқылы грант қа­ражатын жеңіп алып, өз ісін бас­тап кетті. Жақын арада атал­ған өнімді өңірлердің сауда нысандарының сөрелерінен көретін боласыздар.
    Бізде жылыжай үшеу. Атап айтар болсам, қаланың оң­түс­тік-шығыс бетінен 2015 жылы “Арал Органик”  ЖШС өз қаржысы есебінен 6,5 млн теңге көлемінде аумағы 1 гектар болатын жылыжай қондырғысын салды. Одан бөлек, 2016 жы­лы Аралқұм ауылындағы №61 орта мектебі жанынан Бі­­­ріккен Ұлттар Ұйымының «Да­му» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңгеден астам грант есебінен “Фермер-7,5” жы­­лыжайы орналастырылды. Сол жылы Аманөткел елді ме­кенінде №73 орта мектебі жанынан Аралқұмдағы жобамен бірдей, қаржысы да ұқсас жылыжай салынды. Жылыжай­ларда қызанақ, қияр, картоп, пияз, баклажан өнімдері егіліп келеді. Алынған өнімдер өз шы­ғындарын өтеу үшін аудандағы сауда дүкендерінде сатылуда.
    Бұдан бөлек, түйе жүнін пайдаға жарату. Жылы әрі емдік қасиеті бар түйе шудасын көрші Қытайға тасымалдау жобасы алдағы уақытта іске аспақ. Сонымен бірге, ауданда қолөнер шеберлерінің жұмыстарына қолдау көрсету жағын қа­рас­тырудамыз.
    – Білім, мәдениет, жастар саясатының жүргізілу жайын білсек...
    – Атқарылған жұмыс аз емес. Жасалған жұмысты сана­ма­ламай-ақ,  қысқаша ғана айт­сам. Алдымен, білім беруде ұстаздардың біліктілігін арт­тыру басты мақсат екені белгілі. Бүгінде аудандағы мұғалім­дер­дің көбісі жоғары және бірінші санатты толықтырып отыр. Білім саласын цифрландыру да жүйелі жолға қойылған. Жас ұрпаққа жаңа талаптарды ескере отырып, болашақта сапалы білім алу және креативті ойлау мен техникалық дағдыларын дамыту, білім ұйымдарының материалдық базасын нығайту мақсатында аудандық бюджет­тен 18,6 млн теңге бөлініп, 40 жиынтық интерактивті тақ­та, ноутбук, проектор алынып, аудандағы 40 мектепке тара­тылды. Мұнымен қоса, бі­лім беру нысанында балалар қауіп­сіздігін басты назарда ұстау мақсатында бейне­бақылау камераларымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 14,4 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүр­гі­зілуде.
    Ауданда мәдени шараларға халықты жиі қатыстыру, тәр­биелік мәні бар кештерді кө­бірек ұйымдастыруға көп кө­ңіл бөлінеді.  Биыл жазу­шы-журналист, айбынды Арал­дың төл перзенті Айжарық Сәді­беков­тің 80 жас мерей­тойына орай «Тарихқа қалам тербеген...» атты кездесу ке­ші болды. Мәдени шара А.Сә­дібековтің туған жері – Ақбасты елді ме­кенінде жалғасын тапты.
    Жастар – қоғамның қоз­ғаушы күші. Осыған байланыс­ты, ауданда олардың жан-жақ­ты дамуы мен тұлға болып қа­лыптасуына кешенді жұмыс­тар атқарылып жатыр. Биылғы жыл «Жастар жылы» болып бекітілгені бәріңізге белгілі. Мен аудан жастарымен еркін форматта кездесіп, пікір алмасып келемін. Сонымен қатар, қала, кент, ауылдық округ әкім­деріне аумақ жастарымен бейресми кездесулерді тұрақты өткізуді тапсырдым. Жастар ре­сурстық орталығы ауыл жастарымен жүйелі жұмыс жасауда.
   Айтпақшы, жыл басынан бері «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасымен 34 жас маманға  біржолғы көтерме жәрдемақы төленіп, 4 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие рәсімделді. Сондай-ақ, 41 жас маманға тұрақты жұмысқа жолдама берілген. 145 жас «Жасыл ел» жобасы бойынша көркейту-көгалдандыру жұ­мыс­тарына бел­сенді қатысып, еңбек етуде.
   Жақында ғана аудандағы «Қамбаш» олимпиадалар жә­не қо­сымша білім беру орта­лығында облыс әкімі Қ.Ысқақ­овтың қатысуымен облыс жас­­тарының көшпелі кеңесі өт­кізіліп, мәселелер ортаға салынды. Аудан жастарымен жүйелі жұмыстар жүргізу менің басты назарымда.
   – Ішкі туризмді дамыту жағы қалай?
  – Бізде теңіз және Қамбаш көлінің орналасуы аудан көле­мінде туризм саласының дамуына зор мүмкіндік береді. Жа­сыратыны жоқ, аудан экономикасын  дамытудың  бас­ты  бір  көзі – жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қам­баш» демалыс аймағын құру жұмыстары жалғасын табуда.
    Қазір кәсіпкерлер дема­лыс ай­мағына 104-ке жу­ық ны­­­­сан салып, оған тиі­сінше 30 млн теңгеден аса инвес­тиция құйылып отыр.  Көл жа­ғалау­ында катер, үрле­мелі қайық, катамаран, гид­роцикл сынды жүзу құрыл­ғылары ты­нығушыларға қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыс­тарына 350-ден астам жергілікті жұмысшы тартылса, 108-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтыл­ған. Жалпы демалыс аймағына былтыр 89 мыңнан астам адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 10-15 процентке өседі деп отырмыз.
    Айта кететін жайт, Арал теңізі бүкіл әлемнің наза­рында болғандықтан, тынығушы­лар­дың арасында аудан, облыс тұрғындарынан бөлек, шетелдік азаматтар да көп келіп, демалыс уақытын Қамбаш көлінің жағалауында өткізеді.
    Бұдан бөлек, «Көкарал» бө­геті, «Ақлақ» су тоспасы, Ақеспедегі ыс­тық минералды су бұлағы секілді нысан­дар­ға туристердің қызығу­шы­­лы­ғы зор. Бірқатар кәсіпкерге ұсы­ныс тасталды. Әсі­ре­се, Ақ­ес­пеге Атырау мен Ақ­төбеден адамдар келіп, ыс­тық бұлақты ем ретінде қолда­нып жүр. Неге осыны жандан­дырмасқа?! Сонымен қатар, аудандағы киелі жерлерге сырт елдегі туристерді тарту жұмыстарын ойластырудамыз. Әсіресе, Ақиректегі Арыстан баб жайы. Баба басына барар жолды жаңарту, ауыз су мен электр желісін тарту жұмыстарын алдағы уақытта елге жаны ашитын жігіттер көмегімен іске асырсақ дейміз.
    – Кадр мәселесінде нендей басымдықтарды назарға аласыз? 
   – Өзім 20 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп келемін. 1999 жылға дейін өз мамандығыммен осы Арал қаласындағы автопаркте механик болып қызмет еттім. 1999 жылдан бастап аудандық әкімдікке жетекші маман қызметіне келгенім әлі есімде. Барлық қызмет сатысынан өттім. Бас маман, бөлім басшысы, аппарат басшысы сияқты жауапты жұмыстарды атқардық. 2012 жылдан бас­тап аудан әкімінің орынбасары болдық. Үш жылдан бері аудан әкімі міндетін атқарып келемін.
    Шыны керек, әу баста осы аудан шеңберінде қызмет іс­теген соң, қарамағымдағы қыз­меткерлердің қалай жұмыс істейтіні маған тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Барынша, әр салаға жауапты адамды жастардан қамтуға тырысамын. Неге?! Өйткені, олардың бойында жалын бар. Әрі өзіндік көзқарасын білдіруге қабілетті. Пікірлерімен жиі санасамын. Сәл қисық кетсе, ақыл беріп, түзетеміз.
    Кейде қызмет барысында, бұрыннан жұмыс істескен қа­тар жігіттер немесе үлкен ағалардан «е-е, өзіміз ғой» деген көзжұмбайлыққа салынып, жұмысқа атүсті қарайтындар да кездескен. Амал жоқ, оларды да жиып-тыюға тура келді. Өйткені, жұмыс елдің игілігі үшін жасалуы қажет.
    – Әр адамның сүйікті ісі болады. Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
   – Бос уақытым көп емес. Басшылық қызмет қат-қабат жұ­мыс екені белгілі. Бос бола қалған жағдайда отбасыммен бірге болғанды жөн көремін. Балалар да өсіп келеді. Олар­дың болашаққа деген қадамы, арман-мақсаттары жайлы сөй­ле­семін.
    Кейде отбасымды алып, кешкі Аралды аралаймын. Әдеттегідей спорттық костюмді киіп, кезінде өзіміз құрылысын салдырған спорттық алаң, де­малыс орындары немесе кө­шеде серуендеймін. Мұндай орын­дарда тұрғындардың жиі шо­ғырланып, ата-әжелер­дің немерелерін ойнатып, балалар­дың футбол ойынына берілгенін көрудің өзі ғажап. Бұл енді керемет демалыс. Халықтың алғысы алтын арқалағаннан да керемет күйге бөлейтіні рас қой.
     – «Facebook» желісінде өз парақшаңызды ашқаныңыз­ға көп бола қойған жоқ. Па­рақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе, әлде...
   – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев ха­лық пен билік арасын­дағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында барлық мекеме басшыларына әлеуметтік желіде белсенді болуды тапсырған болатын. Рас, «Facebook» желі­сінде өзімнің жеке парақшам бар. Сол арқылы күн­делікті елі­міздегі және ай­мақтағы  жаңа­лықтармен танысып отырамын. Сондай-ақ, ауданда атқарылған жұмыстар мен өзімнің қатысқан іс-шараларды жариялап, тұр­ғын­дарды хабардар етуді де ұмытпаймын.
    Жеке парақшама тұрғындар тарапынан өтініштер мен сұ­рақтар жиі келеді.  Парақшама жолданған әрбір мәселені ба­қылауыма алып, шешімін табу жолдарын қарастырамын. Кейде түсініктеме беріп өтетін жағ­­дайлар да кездеседі. Түрлі мә­селелерге байланысты өті­ніш­термен танысып, мекеме бас­­шыларынан мән-жайды анық­­­тап, жауапты тіке­лей өзім жа­замын.
    – Осы сұхбатты пайдаланып, аймақтың аға басылымына деген ықыласыңызды білсек...
   – Әдетте, ерте жұмысқа келісімен мерзімді баспасөз құ­ралдарын қараймын. Облыс­тағы барлық жаңалықты шолып шығамын. Бұрын «Ленин жолы», кейіннен өзінің түпкі атауын қайтарған «Сыр бойының» оқырманға жаңа­лық жеткізуде өзіндік нақты­лығы және салмақтылығымен ерек­шеленетінін баса айтуы­мыз керек. Бүгінде жел сөз бен жалғандыққа бұрмалайтын кейбір интернет құралдарына қарағанда, газеттегі ақпарат тұшымды әрі сенімді. Аймақтың ата басылымында жазылған Арал жайлы әр жақсылықты қуана оқып, Арал жайлы әр сыннан қорытынды шығару – біздің міндет. Тоқсан жылдық мерекелеріңіз құтты болсын! Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!
    – Мұхтар Әуесұлы, емен-жарқын сыр-сұхбатыңызға рах­мет. Ауданның абыройы асқақ болсын. Әрбір игі іске тілекшіміз.
    Әңгімелескен
    Ержан ҚОЖАСОВ,
    «Сыр бойы».
    Арал ауданы.
    Суреттерді түсірген
    А.Алпысбаев.
07 қыркүйек 2019 ж. 799 0