Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІНІҢ 80 ЖЫЛДЫҚ ШЕЖІРЕСІ

ШИЕЛІНІҢ 80 ЖЫЛДЫҚ ШЕЖІРЕСІ

  Бүгін Шиелі аудандық "Өскен өңір" қоғамдық-саяси газетінің 80 жылдық мерейтойы өтті. Сөз өнерінің зергері Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығымен бірге аталып өткен мерейтойлық шараға Алматы, Шымкент, Қызылорда қаласынан арнайы меймандар келді.  Шараны Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы ашып, газеттің қоғамдағы орнына, тарихына тоқталды.
  Тарих қойнауынан сыр шертер басылым 1939 жылы алғаш «Стахановшы» атымен жарық көрсе, 1956 жылы Шиелі, Жаңақорған аудандары бір шаңырақ астында біріккен тұста «Коммунизм жолы» аталынды. Ал 1963 жылы Шиелі дербес аудан болып қайта құрылған кезінен бастап газет «Өскен өңір» аталып, жұртшылықты жаңалықтарымен сусындатып келеді. Шиелі ауданының шежіресіне айналған үнжария тәуелсіз елімізбен бірге жасап келеді. Ауданның айнасы аталынған басылымда көптеген қаламгерлер қалыптасып, республикаға танылды. 
  Айта кететіні, басылымда жаңақорғандық қаламгерлер Мырқы Исаев, Адырбек Сопыбеков, Айдархан Бибасаров, Әкім Мейірбеков және т.б еңбек етті. Аудандық басылымды дамытуда Мәді Молдыстамов, Дүйсенбі Смаилов, Зәкім Жайлыбаев, Қалмақан Әбдіқадіров, Өркен Исмайл, Елтай Айып және т.б еңбегі зор. Ал Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ақайдар Ысымұлы, Нұртөре Жүсіп, Мұрат Күлімбетов, Базарбай Исаев, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейтова, Нәзира Жәрімбетова сынды елге танымал қаламгерлер шыңдалды. Бүгінде Нұрболат Пірімбет, Елдос Жүсіп сынды бастамашыл азаматтар басылымның туын түсірмей, абыройын асыруда еңбектеніп келеді. 
  Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Мақашов облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың құттықтау хатын оқып берді.
  Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сәрсенбек Бекмұрат түсімде де, өнім де "Өскен өңір" газетін көремін, себебі басылым менің өмірімнің бір бөлшегі екенін айтты. Қуандық Түменбайұлы басылымның тарихына тоқталып, естелігінен бөлісті.
  «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Оңғарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ақпараттық заманда бәсекеге сай дамудың жолдарын айтып, серіктестікте атқарылған жұмыстарды баяндады. Әсіресе, жаңа медиа: сайт өндірісі, әлеуметтік платформаны тиімді игерудің жолдарын сөз етіп, журналистердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
  «Салтанат сарайында» Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы Бақыт Сарыбалаұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сықақшы Нұрмахан Елтай "Өскен өңір" атты кітаптың тұсауын кесті.
  Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бір топ еңбек ардагерлері мен журналистерге мерекелік медальдарымен марапатталды.
Соңынан мерекелік шараға арналған концерт қойылды.
Нұрлат Байгенженің фейзбук парақшасынан.
13 қазан 2019 ж. 1 688 0