Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Толқынға" арнап ән жазған танымал сазгер

"Толқынға" арнап ән жазған танымал сазгер

Қайбір елдің болмасын ұлттық болмысында музыка өнерінің алатын орны ерекше. Ұлттың ұлылығын да, өзгеге ұқсамас айрықша қасиетін де танытатын осы киелі өнер. Біздің де сан ғасырдан жалғасқан төл өнеріміздің шашауын шығармай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде талантты музыканттарымыздың еңбегі өлшеусіз. Сондай жандардың бірі – аудандық өнер мектебінің мұғалімі, сазгер Октябрь Ізбанов.

Киелі өнерді бойға дарытқан Октябрь Ізбанов 1965 жылы 7 қазанда Арал ауданы, Аманөткел ауылында дүниеге келеді. Заманында ол дүниеге келген күн Конституция күні болып тойлайтын болған. Сол себепті айтулы күні өмір есігін ашқан ұлын әкесі «Октябрь» деп ат береді. Ауылдағы мектепті бітірген соң, өнерге құмар болып өскен бозбала өзінің шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында оқуға аттанады.
– Негізінен, мен ата-анамнан ерте айырылдым. Анам өмірден озғанда тіпті жөргектегі бала болғам. Ал әкем бірінші сыныпта оқып жүрген шағымда дүниеден озды. Көзкөргендердің айтуынша, әкем домбырада ойнайтын болған екен. Тіпті менің де әкемнің домбыра шертіп отырған кездері есімде бар. Бірақ ол кезде мән бермеген екенмін. Кейін ауылдағы өнерлі азаматтардың қасында жүріп, соларға қызығып, домбырада ойнай бастадым. Бірақ мынау менің ұстазым деп айта алмаймын. Бәрін өз бетімше үйрендім. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бұл өнерім шыңдала түсті. Осылайша болашағымды музыкамен байланыстырып әкеттім. Кейін, 1990 жылы Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту колледжінің музыка бөліміне оқуға түстім, – деді Октябрь Ізбанов.
Оқу орнын бітіріп келген соң, 1993 жылдан бастап аудандық өнер мектебінде жұмысқа орналасады. Содан бері 27 жылдан астам уақыт оқушыларды домбыра шертуге үйретіп келеді. Бұған қоса, аудандағы өнер иелерінен құрылған Қазанғап ұлт-аспаптар оркестрінің белді мүшесі. Октябрь аға домбырашы, әншілігімен қатар, сазгерлік қырымен де көпшілікке таныс. Оның авторлығынан туған 15-тен астам ән бар.
– Көбіне Ерғали Абдулла, Шолпан Балманова, Аманқос Есмырзаев сынды ақындардың өлеңдеріне ән жазып жүрмін. Негізінен, 2009 жылдан бастап ән жаза бастадым. Ол да аяқ астынан пайда болды десем де болады. Сол кезде мектепте оқитын қызым Нұрбала ән айтушы еді. Сол өтініш жасады «Папа, маған ұстаз туралы өзгеше бір ән тауып беріңізші» деп. Әрі- бері қарап көрдім. Бәрі ел жадында жатталған бұрыннан келе жатқан әндер екен. Содан ең алғашқы рет "Ұстазым" әні өмірге келді. Одан соң біртіндеп жаңа әндердің тұсауы кесіле бастады, – дейді ол.
Ол біздің «Толқын» газетінің 90 жылдығына арналған «Толқыным» әнінің де сазын жазды. Осылайша төл басылымға керемет тарту жасады. Әннің қалай өмірге келгені туралы да әңгімелеп берген еді.
– «Толқын» газетін ес білгеннен бастап білеміз. Ауданның бар жаңалығын "Толқыннан" оқып отырамыз. Аудандағы жалғыз басылымның 90 жылдық мерейтойы дегенде үнсіз қалғым келмеді. Бірақ бастапқыда жүрегім дауаламай көп жүрдім. Не дегенмен, мұнда қаншама мықты азаматтар жұмыс жасаған, ауданның айнасы болған соң елдің назары түсетінін білдім. "Көпшіліктің көңілінен шықпай қалса қайтемін" деген ой болды. Не керек, тәуекелге бел буып кірісіп кеттім. Бір жарым айға жуық уақытта ән толыққанды өмірге келді. Көптің көңілінен шықты, – деген сазгер мұны үлкен жетістікке балайды.
Октябрь Ізбановтың балалары да өнерден құр алақан емес. Бес баласы да әке жолын жалғаған. Еліміздің әр түкпірінде бірі өнер саласында қызмет етіп жүрсе, енді бірі – өнер академиясының студенті.
Төл мәдениетімізді төрге сүйреп, өнерлі жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген ағамыздың жеткен жетістіктері де баршылық. Респуликалық, облыстық, аудандық жарыстарда топ жарғаны үшін Алғыс хаттармен, медальдармен марапатталған. Ал 2020 жылы аудандағы З. Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік атынан «Жылдың үздік сазгері» атанды.
Ол жетістікке масаттанбайды. Қарапайым, адами болмысынан айнымаған жанды да құрметті еткен осы болмысы болса керек. Үнемі шығармашылығын шыңдап отырады. Алдағы уақытта "жеке ән кешімді өткізсем" деген жоспары да жоқ емес. Бәрін уақыттың еншісіне тапсырған өнер адамының жүрек түкпірінен әлі де талай тамаша туындылар өмірге келері сөзсіз.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
21 мамыр 2021 ж. 520 0