Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халқына әуен сыйлаған

Халқына әуен сыйлаған

Достарымыздың ішінде музыкаға құмарлар көп болатын. Қолдарына домбыра, гитара алып қыста үйдің бір бөлмесінде, жазда кешқұрым көшеде айналаны ән-сазға бөлеп отыратын. Олар Мырзахан, Жалғасхан, Қайырбек, Алпысбай, Әбіш, Аманғос, Бақтыбай, тағы басқалар еді. 70 жылдардың аяғында өз жұмыстарынан қол үзбей жүріп, өнерпаз достарымыздың арасынан Мырзахан, Жалғасхан, Әбіш Арал балық комбинатына қарасты «Балықшылар» (Жұрт оны «Рыбник» дейтін) клубында құрылған. «Алау» атты вокальді-аспапты ансамбльдің құрамына енді. Бұл эстрадалық ансамбльді құруға ұйтқы болған әрине, клуб директоры, атақты компазитор Мұрат Сыдықов болатын. Балық комбинатының директорының орынбасары Телағыс Қалымбетов пен мекеменің кәсіподақ ұйымы үлкен қолдау білдірді. Сол алғашқы ансамбльдің бір мүшесі Сәбит Нұрқожаев еді. Қатардағы бір мүше емес, ұжымның нағыз жетекшісі болды. Ансамбльде достарымыз ойнайтын болғандықтан да, Сәбитпен жақсы танысып кеттік. Оның бізден үш-төрт жас үлкендігі бар болатын. Сол жылдары өнерпаз жігіттер арасында бірнеше Сәбит аттылар болды. Сондықтан да әрқайсысына қосымша ат қойылған еді. Содан да айналасындағылар оны «Музыкант Сәбит» деп айдарлап кетті. Музыкант десе, нағыз музыкант еді... Иә, өткен ғасырдың 70-жылдарында Сәбит Нұрқожаевтың есімі аралдықтарға, соның іш¬інде әсіресе жастар қауымына әжептәуір белгілі болды. Ол өнер десе ішкен асын жерге қоятын, домбырамен де, баянмен де жүрек тебірентіп ән айтатын, нақылдатып терме де айтатын, күмбірлетіп күй де тартатын. Киіктің асығындай шағын шымыр денелі, шалт қимылды елгезек жігіт бәріне де уақыт тауып үлгеріп жүретін.
Дос-жарандарға деген ашықтығы, қылаусыз ақкөңілділігі арқасында кім-кіммен де тез тіл табысып кететін. Екінің бірі сөз ете алмайтын өнер әлемі, саз жайлы, ондағы бағыттар, жұлдызды тұлғалар туралы әсте айтудан жалықпайтын. Әсіресе, бір жайларды армандағанда ұшқыр қиялымен біраз жерді шарлап кететін. Аралда тұратын өнерпаз азамат-тармен, өнерлі орталармен ерте араласқаны көрініп тұратын.
1979 жылы жазғытұрым «Балықшылар» клубының директоры Мұрат Сыдықов ағамыз «Таланттармен таныс бол» атты керемет кездесу кешін өткізеді. Оған Аралдың дарынды ақындары Мешітбай Құттықов, Сағындық Тұрдалиев, Серік Сейітмағанбетовпен қатар енді-енді көрініп жүрген мені де қонақ қылып шақырады. Ол кездің адамдары ақын-жазушыларды қатты құрметтейтін еді ғой. Әжептәуір үлкен-ақ клуб іші лық толды. Өздерімізді таныстырып, жазғандарымызды жастарға мәнерлеп оқытып, сұрақ-жауап бергізіп отырды. Әрқайсымыз сөйлеп болған кезде Сәбит бастаған «Алау» вокальды-аспапты ансамблі әннен сәлемдеме жолдап, олар да көрерменнің ду қол шапалағына бөленіп тұрды. Олардың орындауындағы әндер сол кез үшін әжептәуір жаңалық еді.
Осы уақыттарда торқалы той-домалақтарда, түрлі кештерде кездесіп, әңгімелесіп жүріп Сәбитті жақын біле түстім.
Сонымен жас та дарынды жігіт орта мектепті бітірген соң, Арал аудандық Мәдениет үйінде еңбек жолын бастады. Өнердің даңғыл жолына түсті. Қолы қысқалықтан үлкен қалаларға барып үлкен оқу орындарында оқи алмаса да, болашағына бағдар болатын ортаға келгеніне дән риза еді. Ол аудандық Мәдениет үйінің даңқы елімізге белгілі Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестірінде бірнеше жыл бойы аспаптарда ойнады.
Болашақ жары Алматай Жүсіпқызымен осында танысты. Жүрегінен орын алған сұңғақ бойлы қыз да домбыра тартатын, әуелетіп ән айтатын күміс көмейдің өзі еді. Екеуі жараса қосылып, сахналарда қос дауыста дуэт болып ән шалқытқанда, тыңдармандардың көңілінен шығатын. Әнқұмар жұрт қызыға қарап, сүйкімді жас жұбайларды қол шапалақтап қолқалап, қайта-қайта ән шырқататын кездер көп болатын.
Сәбит Мәдениет үйінде қызмет ете жүріп, өңірдегі ауыл сахналарында, балықшылар мен малшылар ауылдарының түкпір-түкпірінде өткен ондаған концертке қатысты. Ол атақты оркестр құрамында Қазақстандағы үлкен қалаларға да өнер сапарларымен барды.
Өрелі өнерімен ғана емес, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен де ерекшеленіп көзге түскен, танымал бола бастаған жас Сәбит Нұрқожаевты Арал балық комбинатының басшылары сенім білдіріп өздеріне қарасты «Балықшылар» клубына директорлық қызметке тағайындады. Осы басшылық қызметке келген соң, мекемеге өнерлі қыз-жігіттерді жинап, түрлі-түрлі мәдени шараларды өткізуді қолға алды.
Ол құрған вокальды-аспапты ансамбль клубтың жазғы бағында жастардың би кештерін өткізіп, үлкен абырой-беделге ие болды. Сол жылдары эстрадалық аспаптар сатылымда жоқ еді, қолға түсіру тіпті оңай емес. Комбинат кәсіподағынан қаржы бөлдіріп, содан жалғыз өзі жер түбі Одесса қаласына барып, мекемелерге бас сұғып біраз жүріп, ақыры діттеген музыкалық аспаптарды әкеліп, жерлестерін қатты қуантқан.
Қатар жүреміз, кейде сырласа әңгіме шертеміз, сонда аңғарғаным жаны жасампаз, арманшыл Сәбит мектеп бітірген шақтарында, яғни дер кезінде музыкалық жоғары білім ала алмағанына кейде налитын. Сондай сәттерде өзіне-өзі күш-жігер бергендей, намысын жонығандай болып:
– Жігіттер, мен келер жылдары Қызылордаға, иә болмаса Алматыға міндетті түрде оқуға барамын. Консерватория бітерсем деймін, – деп қоятын. Сол кездері оның жасы отызды толтырып қалған болатын. Ал бұл жаста оқудың ауылы алыстап кеткенін білеміз. Сонда да оған:
– Сырттай оқисың ба? – дейміз. Ол біздерге жалт қарап:
– Жоқ, сырттай оқымаймын. Қайтсем де күндізгі бөлімде оқып, керекті білім аламын, – дейді нығарлап.
– Әйел, бала-шағаң бар емес па? - деп сұраймыз тағы. -Ауылда тастап кетесің бе?
– Жоқ, өзіммен бірге ала кетем. Оларды да асыраймын, – дейді Сәбит көздерінен от жанып, жұқа жүзіне қан жүгіріп.
Жігіттер оның сөзіне сенбесе де, талабын қоштайтын. «Сен оқысаң, біздер де оқимыз» деп оның жолын жалғастырушылар табылатын. Бір қарағанда жаны нәзік көрінетін, бірақ тас қайрақтай қайтпас қайсарлығы бар Сәбит біздерге үнемі айтып жүретін арманын, берген сертін орындады. Анау мынау емес, 32 жасында Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетінің даярлық курсына барып, емтихан-дардан сүрінбей өтіп оқуға түсті. Талайлар оның бұл мақсаткерлігіне таңданды, талайлар тамсанды. Даярлық курсын қосқанда алты жыл оқыды.
Жігіттер оның болашағы мықты өнер иесі болатындығын сөз ара-сында айтып жүрді. Бұл кезде оның мектеп жасына келген екі ұлы болатын. Мойнында жанұяның ауыртпалығы болғаны шындық. Алайда өмір мектебінің бел-белестерінен өтіп ысылған Сәбит кездескен қиындықтарды жігері жасамай жеңе білді. Каникулдарында кейде Аралға келгенде кездесіп қалғанымызда, институтта оқып жүріп, Қызылорда қаласындағы балабақшаларда, «Зағиптар» қоғамында, қалалық Азаматтық хал-актілерін тіркеу сарайында музыкант, орындаушы болып жұмыс істеп, отбасын асырап жүргенін айтатын. Кейде облыс¬тық теледидарда түрлі шараларда, салтанат сарайларда ән-терме айтып тұрғанын көріп жүрдік.
Басынан қанша тұрмыстық қиындықтар өтіп жатса да, «Өмірім өнерімде» деп білген Сәбит шығармашылықпен де айналысатын. Бір кездескенімізде ол түрлі тақырыпта әндер жазып жүргенін айтып, менен ұстаздарға арналған ән мәтінін жазып беруімді өтінді. Көп ұзатпай жазып бердім.
Мәтінді алып кеткен ол біршама уақыттан соң қайта соғып, бір-жар тармақтарын буын санына қарай өзгеруімді сұрады. Сөйтіп екеуміздің «Ұстаздарым жүрегімде» атты әніміз дүниеге келді. Бұл әнді өзі де айтты, өзгелер де үйреніп айтып, сол жылдары жұртшылық арасында біршама тарады.
Балабақшаларда бөбектермен жұмыс істеп жүргендіктен Сәбит балаларға арнап әндер жазуға талаптанып жүрді. Бір келгенінде:
– «Лағым» деген ән шығардым,-деп өзі ыңылдай отырып айтып берді.
– Кішкентайларға арналған әндер аз ғой, айтуға жеңіл екен, – дедім мен жақсы әнді тыңдап болған соң..
Қазақтың белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиевтің сөзіне жазылған «Лағым» әні республикалық «Балдырған» журналына шығып, еліміз көлемінде тарады. Ол осы әнін мақтаныш етіп айтып отыратын. Қазіргідей емес, ол кезде әрбір ән түрлі редакция¬лардан өтіп барып радиодан берілетін не газет-журналдарда жарияланатын. Осындай деңгейде жариялануы «Лағым» әнінің бір сәтті туған туынды екенін білдіреді емес пе.
– Мен әлі де ән шығарам, сен соларға сөз шығарасың ғой,-деп қоятын.
Алайда Сәбит кейін Қызылордада тұруына да байланысты арада шығармашылық бірлестікте жұмыс істеуге мүмкіндік болмай қалды. Дегенмен оның әндер шығарып жүргенін естіп жүрдім.
Сазгер Сәбит Нұрқожаевтың «Жалғыз шағала», «Бір тамаша жас» күйлерімен бірге «Домбыра үні», «Болашағым-борышым»,«Қызғалдағым-шынарым», «Әйгерім», «Тыныштық күзетінде», «Гүліндейсің кестенің», тағы бас¬қа әндері өзіндік әсем сазымен, лирикалық нақыш, мәнерімен ерекшеленді. Жүректен шыққан әрлі әуендер тыңдаған адамның жүрегінен орын алып жүрді.
Ұлы Абай айтқандай, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» десе де, музыка әлеміне іңкәрлығы оның алда алатын асулары көп болатындай-ақ еді. Десекте аз ғұмырында бәріне үлгерсем деп зыр жүгіріп жүретін Сәбит өзінің өнердегі әсем әлемін қалыптастырып кетті.
Сырлы сазгер Сәбит Нұрғожаевтың әндері 2000 жылы Сыр елінің әуесқой сазгерлерінің туындыларын топтастырған «Сыр әуендері» жинағына бірнеше әндері енгізілгенін көрдік.
Айдынды Арал, кейін Сыр елінің жұртшылығы арасында өз өнерімен дараланған дарын иесі Сәбит Нұрқожаев 2011 дүниеден мезгілсіз өтіп кеткен.
Алайда артында сарқылмас сезімге, шынайы сағынышқа, мұнарлы мұңға, жарқын болашаққа деген құштарлыққа толы музыкалық туындылары - әндері мен күйлері қалды.
Айдынды Арал топырағында туып, сыр өңіріне аты мәлім болған тамаша өнер иесі тірі болғанда бүгінде жетпістің желкенін керіп, арманының ақ кемесімен әуен-саз әлемінде жүрер еді...
Е.АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
15 маусым 2024 ж. 1 645 0