Ақбайдағы ақындар аламаны
Әр ауылдың өзінің жылдар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлері болады. Жыл сайын қыргүйек айының басында Ақбай ауылында өлеңқұмар қауым жиналады. Оған себеп–осында тұрақты түрде ұйымдастырылатын аудандық жазба ақындар мүшәйрасы. Міне, биылғы жылдың кезекті жыр бәйгесіне де куә болдық.Мәдени шара әуелі Ақирек ауылдық кітапханасында бастау алды. Ауыл кітапханашысы Айжан Жұмамұратова жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан жасалған «Көркем әдебиет – көңіл тілі» атты кітап көрмесімен таныстырды. Кітап көрмесіне жерлес қаламгерлердің әр жылдары баспадан шыққан кітаптары мен фотосуреттері қойылған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Жұмабай Жақып пен Ерғали Абдулла кітапхана көрмелері туралы өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Қос қаламгер кітапхана қорына өздерінің соңғы жылдары шыққан кітаптарын тарту етті.
Мұнан кейін мәдени шара қонақтары ауыл клубының фоэсінде ұйымдастырылған «Ақбайдың бал-шырын дәмі» атты бақша өнімдерінің көрмесімен танысты. Ақбай ауылының брэнді — оның дәмі бал татыған қауын-қарбызы екені белгілі. Шынымен де бақша өнімдерінің сан алуан түрлері көздің жауын алатындай екен. Жергілікті тұрғандар өсіріп отырған қауындардың өзінің ондаған түрі бар екенін көріп, таңдай қағып көп болды.
Ақирек ауылдық округінің әкімі Қайрат Аманжолов елді мекеннің қазіргі тұрмыс-тірлігі туралы кеңінен әңгімелей келіп:
– Ауылымызда 45 отбасылық шаруа қожалығы тіркелген. Олар мал, егін шаруашылығын негіздеп алғанымен де, бақша өнімдерімен айналысып, өнімдерін алыс-жақын өңірлерге, қалаларға шығарып сатады.
Біз осы егін шаруашылығын дамыта беруге барлық жағдайды жасап отырмыз. Түрлі зиянкестерге қарсы жұмыстарды тиісті мекемелерге хабарласып уақытында әрекет жасаймыз. Суды реттеп егетін жеріне дейін жеткізіп береміз. Арнайы техникалар жағынан көмек береміз. Биыл «Үлгілі ауыл» байқауына қатысамыз деген талабымыз бар. Былтыр қатысып, 15 миллион теңгелік жүлдені алғанбыз. Ауылда «Ардагерлер аллеясын» жасау ойымызда бар, – деп, осында атқарылып жатқан шаруалардан хабардар етті.
Ақирек ауылдық клубы ұйымдастырған «Ұлт өнерінің ұлы тұлғасы – Ахмет Жұбанов» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасын клуб басшысы, мәдениет майталманы Нартай Маханов ашты. Ол өз сөзінде атақты композитордың шығармашылық жолы туралы айта келіп, қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.
Шараны клуб әдіскері Әскербек Есжанов жүргізіп отырды.
Алыс-жақын ауылдардан елді мекендерден келген ақындар әуелі берілген тақырып А. Жұбановқа арнаған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңінде еркін тақырыптағы жырларын жұртшылыққа ұсынды. Ең бастысы, бұл мүшәйрада көрермендердің көңілінен шыққан поэзиялық туындылардың көркем де мазмұнды болуы еді.
Ақын Жұмабай Жақып жетекшелігік еткен әділ қазылар алқасы шешімімен бірінші орынға Қосжар ауылы атынан қатысқан №2 мектеп мұғалімі Аида Мырзабекова лайық деп табылды. Ақын Аида бұрын да талай өлең бәйгесінен оза шығып жүрген дарын иесі. Екінші орынға Ақбасты ауылы атынан қатысқан №22 мектептің мұғалімі Данияр Тәңірбергенов екінші орын иеленді. Данияр да өнерге құштар боп, тың туындылар туындатып жүрген талапкер ақын. Үшінші орынды ақбайлық ақын Ғалымжан Нарегеев алды.
Жүлдегер ақындарға белгілі ақын Ерғали Абдулла ағалықт жанашыр лебізін жеткізсе, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын Айдар Сайлауов тыңдармандарды өзі оқыған өлеңдерімен бір серпілтіп тастады.
Сондай-ақ шара барысында ауыл өнерпаздары өз өнерлерін көрсетсе, 4-сынып оқитын биші бүлдіршін Башура Бимұрат мың бұралып саэна сәніне сән қосса, әнші Ертуған Байжанов әннен шашу шашты.
Қазақстан халқы тілдері мерекесі күні Ақбай ауылын рухани байлыққа кенелткен жақсы шараны ұйымдастыруда мәдениет саласының саңлағы, клуб басшысы Нартай Махановтың көп ізденгені көрініп, көңілден шығып тұрды.
E.ЗЕЙНЕТҰЛЫ










