Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ІСМЕР

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ІСМЕР

Қазақ халқы қашанда ысырап¬шылдыққа жол бермей, жоқтан бар жасауды әдетке айналдырып отырған. Мәселен, мың¬ғырған қойдан қырқылған жүн¬дерді өңдеп, одан түрлі пайдалы бұйымдар дайындаудың хас шеберлері болған. Соның бірі – киіз басу ұлттық өнерлер қатарына жатады. Қазақтар бұл қолөнермен өте ертеден таныс. Ғасырлар бойы көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыстық бұйым¬дардың бірқатарын киізден жасап келгендіктен, оның технологиясын әбден меңгерген. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға, фетр басу мен байпақ жасау процесстері де киіз басу әдісімен бірдей. Еңбек пен шыдамдылықты қажет ететін бұндай кәсіпке екінің бірінің көңілі дауалай бермейді. Қазіргідей мобильді уақытта көпшілігі дайын дүниелерді қолдануды жөн көреді. Ал ескіні жаңартып, қайта өң беру кез келгеннің қолынан келе бермес. Мұндай істі бастамас бұрын өжеттілік пен табандылық қажет. Себебі, киіз өндірісі – белгілі бір шеберлікті қажет ететін күрделі шаруа. Қазалы ауданында осындай ерік күші мықты жастардың бірі – Айдана Дүйсенбаева байырғы өнерді ұршықша иіріп, халыққа сапалы өнім ұсынуда. Ол Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Көбек бекетінде тұрады. Өнерлі жас тәуекелге бел буып, қолөнер бұйымдарын жасауды бес жыл бұрын қолға алған.
Бүгінде Айдана киізден жасалатын бұйымдарды кәдесый ретінде тапсырыспен әзірлейді. Сыйлық және кәдесый өнімдерін табиғи материалдардан дайындайды. Оларды кестелеп әдемілеп тігеді. Киіз бен түйе жүнінен өнім өндіру өз ерекшелігімен үлкен сұранысқа ие. Оның табиғи қасиеттері: бойында жылу ұстап тұратындағы мен төзімділігін көптеген әлем елдері мойындаған. Киізді декоративті бағытта қолдануға болады. Декоративті киізбен жұмыс жасайтын шеберлер арқасында ол сән трендіне айналды. Қазіргі дизайнерлер оны киім үлгілерінің бөліктеріне қолданып қана қоймай, одан жеке костюмдер тігетін болды. Соңғы кездері киізден жасалған сырғалар, алқалар, білезіктер кең тарауда. Сонымен қатар, сөмкелерді, ұялы телефондарға арналған қапшаларды, аяқ киімдерді, тағы басқаларды да атауға болады.
  «Кезінде киіз кілем беті мен киімдерді және киіз үй дайын¬дауда қолданылған. Өйткені, оның ыстық пен суықты және ызаны өткізбейтін ерекшелігі бар. Сондықтан қанда бар төл өнерге еуропалықтар қызығушылық танытып, қолға алып жатқанда неге өзіміз жандандырмасқа деген ой келді. Негізгі мамандығым дизайнер болғандықтан оқу орнында алған ілімдерімді де жүзеге асыруды жөн көрдім.
  Жалпы, кішкентай балаларға арналған жеңсіздер мен аяқ киімдерді заманауи әдіс бойынша жасаймын. Түйе жүнінен көрпе тігемін. Өткен жылы қайтарымсыз грантқа ие болып, 2 тігін машинасын сатып алдым. Бұл тігін машиналарымен аяқ киімдер мен көрпелер тігемін, жылқы әбзелдерін дайындаймын. Қолөнер бұйымдарын жасауға қой мен түйе жүндерін ауыл тұрғындарынан алып, оны жуып-тазалап, өзім түтемін. Дайын өнімнен киіз бен текемет басамын. Тоқыма, жүн шұлық пен белдемше тоқимын. Жүнмен жұмыс істеу барысында рухани ләззат алып, тынығып қаламын. Өйткені, көзмайын тамызып әзірленген әрбір дүниенің адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Мысалға, қой жүнінен жасалған аяқ киім цис-тит болудан сақтаса, жеңсіздер кеудеңді жылы ұстап, қан айналымын жақсартады.
  Сондай-ақ, қалқанша безін емдейтін киізден жасалған моншақ пен балаларға ойынға, ересектерге уқалауға арналған доп көпшіліктің көңілінен шығуда», – дейді жас кәсіпкер.
  Айдана Әділбайқызы Жанқожа батырдың 240 жылдық тойында гүлдер мерекесінде жүлделі орынға ие болған. Бұдан бөлек, «Қол өнер – сырлы өнер» республикалық қол өнер шеберінің көрме-жәрмеңкесіне үлес қосқанына, экология жасыл әлем байқауына белсене қатысқаны үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының сертификаты табыс¬талды.
  Ал, Астана қаласында өткен «Қазақ хандығының 550 жыл¬дығына» белсене қатысқаны үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының дип-ломымен марапатталды. Жас кәсіпкер ретінде облыстық «Қобыз үні» атты көрмеден «Жас ше¬бер» номинациясы бойынша бірін¬ші орын иегері атанды.
  Алдағы уақытта Айдана мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алуды жоспарлап, тиісті құжаттарын дайындап жүр. Арманы – кәсібін кеңейтіп, ісін ілгерілететін жүн тарайтын құрылғыға қол жеткізу.

09 сәуір 2018 ж. 2 773 0