Тағдыр табыстырған Алаш ардақтылары
Көкейде көптен жүрген бір ойға түрткі болатын жайлар болады. Міне, бүгін де сондай сәт болды. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» желтоқсанның 1-індегі нөмірінде басылған «Ахаңның ұстаздығы Қарағаштан басталған» атты көлемді мақаланы оқып отырып, біздің туған жерімізге қатысы бар екі Алаш ардақтысы туралы жазылған тұсқа ерекше назарым түсіп, осынау ірі тұлғалы қайраткерлердің тағдыр табыстырған, мақсаттас, мұраттас ғұмырларына бір көз жүгіртіп өткенді дұрыс көрдім. Өйткені асыл ардагерлерімізді жерлестері де ұмытып бара жатқандай көрінді. Елі ерек ерлерін ұмытпаса дейміз. Ал ел жадында айбынгерлер бейнесі көмескі тартып бара жатса, қалам ұстаған жандардың бір парызы – жұртшылық есіне қайта бір түсіріп, олардың қаһармандыққа толы тағдырларының ұрпақ үшін, жас буын үшін аса маңыздылығын атап өту, үлгі қылып отыру емес пе. Ақтөбелік белгілі қарт журналист Идош Асқар аталмыш мақалада былай деп айтып өтеді.«Торғай облысында 1872-1891 жылдар аралығында екі болысты басқарған, шекті тілеу руының биі Мырзағұл Шыманұлының да елі үшін азаматтықпен атқарған елеулі істері еленбей, «болыс жаман» дақпыртының тасасында қалып бара жатқаны өкінішті. Азаматтықтың бір белгісі – азаматты тани білуінде. Сол Торғай облысына қарасты Қабырға болысына екі рет сайланып, үшіншісінде патша əкімшілігі тудырған əлгідей пара, сату мен сатылу қитұрқы əрекеттері кедергі болған Ораз Тәтеұлын өңірдегі патша əкімшілігінің келісімінсіз, тоқсан үйлі түтінімен болыстық территориясына көшіріп алған Мырзағұл еді. Ол – бөлек айтар тақырып, елдіктің бір сындарлы мысалы ретінде тағылымдық əңгіме. Тек айтыла кететіні сол, Мырзағұлдың қамқорлауымен көшіп келген Ораз Тәтеұлы Алаш қозғалысындағы көрнекті тұлғаның бірі болатын...».
Автор қос арыстың қадірін білудей-ақ білмедік деп реніш білдіргенімен де, олардың есімдерімен көрші облыс орталығында, аудандарында көшелер аталған, ескерткіштер қойылған, кітаптар шығарылған. Өмірде айнымас ақыреттік достар болған қазақтың қос қадірлісі біздің өңірде, онымен шекаралас аймақтарында өмір сүргені белгілі.
Әңгімемізге арқау боп отырған тау тұлғалы жандар – Шыманның Мырзағұлы кім еді, Ораз би Тәтеұлы кім еді? Бұл кісілер туралы ел ағалары талай-талай аңызға бергісіз әңгімелерді білетін де болар. Алайда Арал өңіріндегі соңғы кезде аттары сирек аталатын, өкінішке орай, шындық-ақ. Сол олқылықтың орны уақытымен толса деген тілекте жүреміз. Қалай дегенде елге еңбегі өлшеусіз сіңген, өз халқының адал ұлдары құрметтелсе, тарихи әділеттілік болып шығар еді.
Шыманның Мырзағұлы көршілес Шалқар ауданында 1847 жылы туған. Екі мәрте болыстық еткенінен әрі елге сыйлы азамат ретінде 1878 жылы қазақ зиялыларының депутациясы құрамында Санкт-Петербург пен Мәскеуге барып, патша ІІ Александр тарапынан марапатқа ие болған. 1879-1887 жылдары Тілеу руының аға биі болған. Шалқар қаласында 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін аштырған. 1882 жылы маусымда өткен Орал, Торғай, Закаспий облысы болыстары мен билерінің құрылтайында патша үкіметінің жер саясатын батылдықпен ашық сынаған. Отаршылдырға жер бермеу үшін күрескені себепті болыстықтан босатылып, Орынбор түрмесінде жарты жыл қамалады. Кейін Орынбор-Ташкент темір жолын салушыларға көмектескен екен. 1903 жылы Арал теңізі мен Мұғалжар тауының аралығындағы қазар руларының бас көтеруін басқарды. 800 адам қатысқан бас көтеру 2 жылға созылды. 1905 жылы қолға түскен Мырзағұл 14 жасар баласы Өтеғұл екеуі өмір бойы түрмеде отыруға кесілді. Ол 1908 жылы Орынбор түрме жендеттерінің қолынан мерт болған. Соңғы демі біткенше «халқым» деп өткен алашшыл тұлғаның ел тарихындағы қайраткерлігінің бағасын атақты Саршолақ шайыр Боранбайұлының:
Атамыз Қарашолақ – бидің соңы,
Софы өзі, Қосымқожа – пірдің соңы.
Кәпірге қылыш сермеп, айбат шеккен,
Мырзағұл Шыманұлы – ердің соңы, – деген өлең жолдарынан қапысыз аңғаруға болады. Ол қайтыс болғанда Шәңгерей Тұнғашин: «Елдің тағы бір шырағы сөнді» деп жазды.
Мырзағұлмен мұраттас болып, тағдыр табыстырған қабырғалы қайраткер – Ораз би Тәтеұлы. Ол 1856 жылы қазіргі Арал ауданының Ақеспе-Сарыбасат маңында (ескіше Ырғыз уезі, Қабырға болысы) дүниеге келген. Тумысынан ел сөзін ұстап, жұртының мұң-мұқтажын көксеп, әділ билік жүргізген дара тұлға – Ораз би Қабырға болыстығына үшіншісінде сайланбай қалғанда, Мырзағұл өз еліне шақырғанда, Ораз би: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» деп бас тартады. Мырзағұл: «Оразжан, сені даралап еліңнен айырам ба?! Соңыңа қанша қаракесек ереді, сонша әкел» дейді. Сонымен Мұғалжар тауының шығыс беткейіне, Үш Қарасай, Ақтоғай, Сырлыбай, Шуылдақ, Шетырғыз өзендерінің бойына тоқсан түтінді қаракесектер қоныстанған. Бұл көш 1895 жылы басталып, бес жылдай уақытқа созылады. Кейін сонда Тау қаракесегі немесе Қыр қаракесегі деген атақты иеленген.
Шыманның Мырзағұлы Торғай-Орынбор аймағындағы игі жақсылар, зиялы қауыммен тығыз байланыста болған. Орыс отаршылдығына қарсы болғаны оған әріден ойлайтын Ораз би сияқты халықшыл адам қажет-ақ еді.
Мырзағұл Орынбор түрмесінде жазықсыз жазаланып жатқанында, бір күні темір тор күзетшісі:
Әй, Шыманов, алыстан бір қазақ келіп тұр, – дегенде, түрмелестері:
Ол кім екен келіп тұрған? – депті. Сонда Мырзағұл:
Келген болса, қара нардай қайыспас, қиналса да майыспас досым, заңғар замандасым, ардақты ақтаңгерім Ораз би болар... –депті. Иә, келген Ораз би екен.
Тар қапастың ыза кернеген бөлмесінде екі арыс ұзақ сұхбаттасыпты.
Орынбордан оралған соң ағайындары Ораз биден: «Замандасыңның хал-жайы қалай екен?» дегенде: «Жердің тоты бетін басып кетіпті. Келеге келе алмас, ажал құрығы жібермес» депті.
Ораз би жаңа қонысында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтармен достық қатынаста болған. Ахметтің ақыл-кеңесімен Ырғыз уезінің Қабырға, Ақтоғай ауылдарында мектептер ашып, мешіт салдырған. Патшаның 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа «солдат» алу туралы маусым жарлығына қарсы ой-пікірін Ақтөбе уезінің бастығы алдында ашық айтқан. «Ақ патша «қазақтан солдат алмаймын» деген уәдесін бұзды» деген екен. Халық наразылығы Ырғыз, Қазалы уездерінде қантөгіске әкелгені аян.
Патша тақтан тайған соң, Ораз Тәтеұлы ел келешегін белгілесіп, Алашорда өкіметі құрамында Сот жүйесі комитетіне сайланады. Ел жұмысында жүріп заманының озық ойлы кісілері – Әйтеке бидің ұрпағы Байзақұлы Байғабылмен, Түгелұлы Қарпық бимен, Беркімбайұлы Дербісәлімен, Сейітұлы Былшық бимен, Тобабергенұлы Алмат секілді жайсаңдармен үзеңгілес, пікірлес, дос-жаран болған екен. Ол туралы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, сұңғыла ақын Сәкен Сейфуллиндер әділ баға берген. Ораз би 1917 жылы кенеттен қайтыс болғанда, ақын Құрманәлі Дәуітұлы: «Артық деп кім айтады, Тәтенің ұлы Ораздан, Әлім-Шөмен ішінде, Бәйгеден келген торы азбан. Қызыл тілге келгенде, Сол сықылды жорғадан, айтар сөзден кім озған?!» деп жырлаған.
Ораз қазақ шежірелік ру таратуы бойынша, Сарыбасат-Ақеспе өңіріндегі қаракесек тайпасының Жақау-Шөй аталығындағы Көшекәлі, одан Қалыбай, одан Тілеуімбет (Құрым) боп келеді.
Қиын да қысталаң дәуірде ғұмыр кешіп, қандай азап-мехнаттарды бастан өткеріп жүрсе де, әр күнін халқына қалтқысыз қызмет етуге, ұлтына үлгі-өнеге көрсетуге арнаған дарабоздардың рухы алдында бас ию – біздің парызымыз.
Отарланған ортада бас биліксіз өмір сүріп жүрсе де, ілгері топтың арасында болып, елдің бірлігін ойлап, азат күнді аңсаған қос арыс достықтың керемет үлгісін кейінгілерге көрсетіп кетті. Қазақ деген қауымға, елге шынайы істерімен ұнай білді, бұлталаң жолдарда, кезеңдерде жол көрсетіп, ағалық ақыл айтатын көшбасшылар бола білді.
Ел газеті «Егеменнен» оқыған үзіндіден соң, аймақ-өңірімізде қайраткерліктерімен дараланған Шыманның Мырзағұлы мен Ораз би Тәтеұлы туралы ой өрбітпей қала алмадым. Біздің өңірімізде де Алаштың артық туған ардақтылары туралы біліп, танып, ертеңгі күндерге ескерткіш болатындай көше немесе басқа да іс-шаралар атқарылып жатса құба-құп болар еді.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі