Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаламгер бақыты

Қаламгер бақыты

«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын інілер» деген хакім Абайдың барша қазақтың құлағына сіңісті болған сөзі бар. Осы сөз теңіз жағалауында өскендер үшін ерекше жанға жақындығымен көңілді көріктендіреді. Өйткені теңіздің тайдай тулаған толқынын күнде көріп жүрген жағалау жұрты толқынның өзіне бірнеше атау беріп қойған ғой. Ал ұлы Абай бейнелеп айтқан «алдыңғы толқын» адамзат көшіндегі үлкен бу-ынды ерекшелеп тұр емес пе? Жарық дүниеге теңіз толқынындай бірін-бірі қуалап келген адамдар осы ғаламның сәнін келтіріп, адамдық борышын атқарып кетіп жатыр.
Бүгінде қазақ журналисти­касының алдыңғы толқын қа­тарына кірген белгілі қа­лам­гер Еркін Әбілов – Арал теңізі жағасындағы Жалаңаш деген ауылдың тумасы. Бұл ауыл – ежелден теңіз емген балықшылардың құт мекені. Ес біліп, етек жинағаннан-ақ қара қайыққа мініп, ескек ұстап, ау жайып көк теңізден шү­пірлетіп балық сүзу – бұл ауыл балаларының қашанғы арманы. Ал, Еркіннің әкесі Аққали өңірге белгілі, көреген ұстаз еді. Қолды-аяқтай бала­сының икемін ерте байқап, елгезек те қайсар мінезді ұлын іргеде жатқан теңізге емес, ауқымы да, айдыны да үлкен сөз мұхитына, ой теңізіне ке­ме салдырып, ақ желкенін ұстаздық ұлылықпен керіп берді.

Бала Еркін мектеп қабыр­ғасында жүріп-ақ аудандық «Толқын», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Ле­ниншіл жас», «Қазақстан пио­нері» басылымдарына шағын-шағын очерк­те­рін, суреттеме мақалаларын конвертке салып жіберіп жататын. Теңізді көріп өскен, толқынына қарсы жүзіп шынық­қан шымыр бала балықшы қауымның, сондай-ақ өзі оқитын білім ұясындағы жаңалықтарды қаламына ар­қау еткен.

«Ұстазсыз шәкірт тұл» дейді ғой. Бала Еркіннің журналист болуды армандауына тағы бір түрткі болған осы Жалаңаш ауылындағы мектептің Әбді­рейім Есендіков деген аяулы ұстазы болды. Кейін осы ауылдан мықты-мықты журналистер, филолог-ғалымдар дүр­кін-дүркін шығып жатса, соның бәрі Әбдірейім ағаның бағыт-бағдар беріп, жас тү­лектердің қанат қағуына жан-жақты септігін тигізуінде еді.

1968 жылы Арал қаласын­дағы №15 орта мектепті бі­тірген Еркін асыл арманын аялап облыс орталығы Қы­зылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титуттың филология факуль­тетіне оқуға түсті. Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бі­тір­ген, қаламының желі бар жас жігіт еңбек жолын өзінің жүрегіндегі арман-мұраты бол­ған жур­налистикаға қа­рай алып келді. 1973 жылы Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызмет­кер болып орналас­ты. Қалам­герлігі мен іскерлігі, қайрат-жігері жас жігіттің өсуіне мүмкіндіктер ашып, бертін келе осы газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редак­тордың орын­басары қыз­меттерінің бас­палдақтарынан өткізді.

Бұл жылдар Еркін ағаның журналист ретінде қалыпта­суының үлкен мектебі болды. Қай кезде де шындықты шырқыратып жазу, ақиқатты айқын­дау, әділдікке жету оның ойынан еш шыққан емес. Содан да болар, журналист ретінде білім мен білігін ке­ңейту мақсатында 1978-1982 жылдары Алматыдағы М.Киров атындағы Қазақ Мем­лекеттік университетінің журналистика факультетінен дәріс алды. Еркін аға басқа салаларда да абырой биігіне көтеріліп, бірнеше жыл қыз­мет істеді. 1984-1988 жылдары Тереңөзек кентіндегі №126 орта мектебінің директоры болып, білім саласында өзінің жаңашыл басшы екенін танытты. 1988-1992 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін аудандық атқару ко­ми­тетінің іс бас­қарушы қыз­меттерінде болды. Партия қызметкері ретінде халықпен, жұрт­шылықпен қойын-қолтық жұмыс істеді. 1992 жылы туған өңірі Арал ауданы әкімінің кеңесшісі қызметіне келді.

– Менің қаламымның ұш­та­луына, бірте-бірте танылуыма мәңгілік сапарға мезгілсіз аттанып кеткен жан достарым, үзеңгілес қаламдастарым көп әсер етті. Олар шетінен талантты жігіттер болатын еді, – дейді Е.Әбілов өз жүрек түкпіріндегі сырын ашып.

Иә, адамды орта өсіреді ғой. Қаламдастары Қази Данабаев, Құттыбай Сыдық, Асқар Кіребаев сияқты қа­рымды журналист-жазушылар, ақындар болатын. Осы жі­гіттермен иықтаса жүріп, қаламын бір сәт те тастаған емес. Елдің, аймақтың қоғам­дық-саяси өмірінде болып жатқан әрбір жаңалықты жазып отырды. Туған жердің тұ­ғырлы азаматтарын насихаттаудан еш тынған емес. Еңбек жолы туған жері Аралда әкімнің кеңесшісінен кейін 1996-2004 жылдар аралығында Арал аудандық «Толқын» газеті ре­дакторлығы қызметінде жал­ғасты. Кейін аудандық мә­де­ниет бөлімінің басшысы қызметін атқарып, өңірдің мә­дениеті мен өнерінің басында болды. 2005-2012 жылдары Еркін Әбілов қаламгерліктің даңғыл жолына қайта түсіп, республикалық «Заң» газеті мен қазақ баспасөзінің қа­ра шаңырағы – «Егемен Қа­зақстан» газетінің Қы­зыл­орда облысындағы мен­шікті тілшісі болды. 2012-2015 жылдары облыстық «Сыр бойы» га­зетінде Сырдария, Жалағаш аудандарындағы меншікті қыз­меттерін атқарып, зейнет­керлікке шықты.

Қаламгердің журналистік жолында «Адам бір көшкен керуен», «Үлкен сая­сат: тұлғалар мен тағдырлар», «Өтпелі ке­зеңнің қайсар қазағы», «Те­ңізбен тағдырлас», «Жер-анамен тамырлас тұлға», «Қос қайың», «Абзал» атты көр­кем және хикаятты деректі кітаптары жарық көрген.

Бүгінде шығармашылық қызметін жалғастырып келеді. Халықаралық Жа­­зушылар, Қа­зақстан Журналис­тер ода­ғы­ның мүшесі, «Қа­зақ жур­на­листикасының қай­рат­кері» төс­белгісін иеленген. Баспа­сөз сала­сындағы ұзақ жылдардағы ең­бегі еленіп, Елбасының Ал­ғыс хатымен, Мәдениет, Әді­лет министрліктері мен басқа да жоғары органдардың Құр­мет грамоталарымен мара­патталған. «М.Шолохов» атын­дағы және бірнеше мерекелік медальдардың иегері.

Еркін Әбіловтің журналис­тік шебер­лігінің жан-жақты та­нылған тұсы – ел газеті «Егемен Қазақстанның» об­лыс­тағы меншікті тілшісі болған кезі. Қарт Қаратау мен айдынды Арал аралығындағы ел-жұрттың тыныс-тіршілігінен кө­сіліп жазған мақа­лаларымен, көкейтесті мә­селелер көтер­­ген, жақсылығын жадырата, даралата жазған дүниелерімен молынан танылды.

Сөзіміздің басын ұлы Абай­дың ұлағатты сөзімен бастап едік. Еркін ағаның жазған-сызған дүниелерін жіті қарап жүрген адам Абайдың рухани әлемін өте жақсы білетіндігін, терең­дете оқып ой-парасатын барынша байыптағанын аң­ғарар еді. «Бұл қазақ Абайдан ой түйді ме?», «Біз осы қайда барамыз?» сияқты дү­ниелерінде қалың қазақтың қа­мын жеген Абайдың мұңын, ойын, сындарлы сынын бү­гінгі күнмен, осы заманмен қатар қойып салыстырған. Оның мақалаларын оқи оты­рып, алысты шолатын ой­шыл­дыққа, қа­пы­сыз айтатын сыншылдыққа, тіке айтатын шыншылдыққа бе­йім екенін кө­реміз.

«Бәрінен де шындық қым­бат», «Ақиқат айтылуға тиіс» деп білетін Ерекең ешқашан кө­кейдегі сөзін, қалам ұшындағы шынайылылықты іркіп қалған емес. Тәуелсіздік алған тұста жалпыламай дақпыртқа ілескен біреулер «барлық республи­ка­лық, жер­гілікті газеттердің аттары өзгеріп жатыр. «Коммунизм жолы», «Социалистік Қа­зақстан», «Ленин туы», «Көкшетау правдасы» сияқ­тылар өзгеріп, заманауи ат­қа ие болды. Біздің кешегі толқып-шалқып, арнасынан асып жатқан теңізіміз тар­тылып, табаны көрініп, ба­лық­шылық кәсібіміз жо­йылып, ел-жұрт тек қана төрт түлік малға қарап қалды. Ау­дандық «Толқын» га­зетінің аты да артық болып тұр. Осыны өзгерту керек» деп жиындарда белсене сөйлеп, әкімдердің құлағына салушылар көбейген еді. Сол тұста «Теңізіміз қайтып келеді» деп өзгелерден бұрын аудандық газеттің «Толқын» атын сақтап қалуына, өтпелі кезеңде өз­гермей қалуына бірден-бір себеп болған.

Аралға келген бір сапа­рында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов: «Еркіннің шығар­машылығын журналистикамен ғана байланыстырамыз. Ал мен оны сатирик деп білемін. Жазғандарынан өмір мен қоғамның қиюы кеткен тұстарын батыл сынағанын көремін» дегені бар еді. Шынымен де бүкіл ғұмырын қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігінің, қоғамдағы өзгерістердің сан-салалы қырын көрсетуге ар­наған қаламгердің осынау бір ерекшелігін бүгінде барша жұрт танып отыр.

2000 жылдардың басында Еркін аға Аралда «Арал ақиқаты» атты тәуелсіз газет шығарып тұрды. Аты айтып тұр­ғандай, өңірдегі барша қоғамдық-әлеу­меттік жағ­дайды саралай жазған. Мен де журналистік қызметімді осы бір шағын газеттен бастадым. Тәжі­рибелі ағаның жазуына, газеттің бетін айқындаудағы әрбір сөзін қалт жібер­мей тың­дап, көңіліме тоқып алатынмын. Оның бойын­дағы ірілікті, ерекшелікті сол кездері таныдым десем болар.

Намысы найзағайдай жар­қылдаған, өткір ойы өзектілігінен танбаған, қала­мы ұшқыр қаламгер, дара бі­тім­ді журналист Еркін Әбілов жетпістің желкенін керіп, шы­ғармашылықтың шыр­қау шыңына шығып отыр. «Еге­меннің» Еркіні» деп ел таны­ған ағаның өз халқына, әз жұртына берері әлі де көп деп білеміз.

Ерғали АБДУЛЛА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

syrboyi.kz/​​​
02 ақпан 2021 ж. 820 0