Өріске малын өргізген...

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында өткен жылы «Бастау-Бизнес» қысқа мерзімді оқу курсын оқып, мал шаруашылығын дамытуды көздеген ол өткен жылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, оған 17 қой сатып алса, «Арал ырысы» ЖШС арқылы 6,9 млн теңге төмен пайызбен несие рәсімдеп, түйе малының басын көбейтуде. Ауыл сыртындағы «Түкпірши» деген өңірде мал бағып отырған жас кәсіпкердің қолға алған ісі ауқымды. Ойға алған мақсаттары да маңызды.

Өзге қатарластары секілді өз күшімен көтерілуді көздейтін Ералхан бүгінде малды ауыл мен Саздының екі ортасын жол қылып жүр. Өз қарамағындағы малдарды ұдайы бақылауда ұстаған ол шаруаның адамына айналған. Алдағы уақытта несиеге алған 10 бас түйенің санын көбейте түсуді көздейді.
– Биылғы қыс аудандағы шаруаларға айтарлықтай күш салмады деген ойдамын. Себебі осы өңірде отырған өзімізге де қыс жайлы болды. Малдың басын аман алып шықтық. Енді төлін күтіп отырмыз. «Арал ырысы» ЖШС арқылы несиеге алған аналық түйелердің алды төлдеп жатыр. Қазір үш түйе боталап тұр. Қалғандары да амандық болса, бірер айдың көлемінде төлдеп болады. Ал уақ малдар енді төлдейді. Осы малдардан төлді толықтай алып болсам, олар отыққан соң несие төлеуді бастаймын. Жалпы, несие алған кәсіпкерлерге осындай мүмкіндіктер ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстары өте көп дер едім. Сондықтан ой үстінде азаматтарға тәуекел ету керек. Сонда барып іс алға басады, – дейді жеке кәсіпкер Е.Мүбараков.
Иә, елдің ішінде жүріп-ақ өз қатарластарына үлгі болып жүрген жастар болашақтың негізін қазірден қалағаны жөн. «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген халқымыз қай істе болмасын жастан үлкен үміт күткен. Сол үмітті ақтай білетін Ералхан секілді азаматтар көп болса, еліміз өркендей түспек.
А.ҚАРАСАЙ