Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңізбен тағдырлас тұлға

Теңізбен тағдырлас тұлға

Ақын Тұманбай Молдағалиевтің "Биіктік" өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем. Ұлттың бар болмысын сомдап берген жырдың мына бір-екі жолы біздің бүгінгі кейіпкерімізді айшықтай түстетіндей. "Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға…" деген жолдар аралдық азаматтың арманы мен тұтастай ғұмырын бейнелейді.

Расында "балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" деп сол бір кездегі аралдық жас буынның көбісі екі мамандықты таңдады. Себебі көзбен көріп, қызығушылығы оянатын да дәл сол екі кәсіп еді. Бір топ жас арман жетегіне ерген сәтте ұшқыш боп әуені кезуді таңдаса, енді бір тобы теңіздің тарланы атануды арман етті. Мектеп бітіріп, оқуға аттанған жастардың арманына жеткендері де аз емес. Бірақ сол армандарын мақсатқа айналдырғаны санаулы ғана. Солардың бірі бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған азамат, теңізді елдің талапты тарланы – Әбдіғали Қоянбаев. Олай деуімізге Аралдан шыққан азаматтың өмір жолы анық дәлел. Жолдамамен Одесса қаласындағы теңіз флоты инженерлері институтынан білім алған. Алған білімін туған жер игілігіне жаратуды мақсат еткен жерлесіміз білім алуына жағдай жасап, оқуына жолдама берген КСРО Теңіз флоты министрлігінің Арал кеме жөндеу зауытында әртүрлі қызметтерде жұмыс атқарған.
Иә, Әбдіғали Анарұлы Одессадағы оқуға бармас бұрын-ақ осы мекемеде кеменің ағаш ұстасы болып еңбек атқарған. Балық шаруашылығы шалқып тұрған тұста дамыған кәсіпке өзіндік үлесін қосу да мәртебе емес пе?!
Иә, бүгінде біреу сенсе, біреу сенбес. Бірақ Арал кеме жөндеу зауытында істелген жұмыстың қаншалықты көлемді екенін айта кетейік. Кеңес Одағының әр жеріне жөнелтілетін сыйымдылығы 100 және 200 тонналық Т-77 және 183 жобалы мұнай және құрғақ жүк тасу кемелері тұрақты түрде жасалған. Ал Әмударияны пайдалануға арналған 1606 жобалы 5 кеме, 424 жобалы кемежайларда өрт сөндіру кемесі, неміс технологиясымен жабдықталған 20, 40 және 60 фунтты жүк көтірмелі теңіз контейнерлері, 500 дана ролл-трейлер, зәкірлер мен шынжырлар жасалған. Міне, осы міндеттің барлығын мүлтіксіз атқарған азаматтардың бірі осы кейіпкеріміз. Қарақалпақ ақыны Бердақтың "Қадірімді халық білер, халық білмесе, балық білер" деген жолдары осыған саяды.
Бұл – кейіпкеріміздің бір сыры ғана. "Жігітке жеті өнер де аз" деп айтып кеткен халқымыздың бейнелеуіндегі нағыз ер азаматтың болмысына сай келетін жерлесіміздің мұнайшылығы өз алдына бөлек әңгіме. Ел егемендікке қол жеткізген тұста республиканың батыс бөлігінде, Каспий теңізінде мұнай кеніштерін салып, оны игеру жұмыстары белсенді қолға алынды. Сол тұста ел байлығын игеру ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруды мақсат тұтқан Әбдіғали Қоянбаев мұнайшы мамандығын да меңгерді. Бұл тұста да еңбектегі табандылығы мен жауапкершілікті жоғары сезінетіндігінің нәтижесінде көптеген жетістікке қол жеткізді.
Иә, бір басына бірнеше өнерді жетік меңгерген азамат жайында қанша айтсақ та болады. Ағаш ұстасы, кеме жасаушы, мұнайшы. Бұлардан бөлек, ғылым мен тіл шеберлігіне де жетік жанның құжат айналымын атқарушы, көркем әдебиет аудармашысы, ғылыми-техникалық аудармашы, ана тілінен бөлек орыс және ағылшын тілінде өте сауатты ағамыздың қай жұмысты да талғамай, махаббатпен істейтіні сол білімділігінен болар.
Ол қарапайымдылықты жанына серік етті. Билікке, байлыққа құштарлардың қатарынан болмады. Тек адал еңбек пен таза табысты ғана қанағат тұтып, өмірде көргенін, көңілге түйгенін, өзінің бойындағы адалдықты кейінгі буынға насихаттауды қалады. Бұл оның жан қалауы еді. Міне, сол жан қалауының нәтижесінде жастарға рухани байлық, азық қалдыра білді. Қолы босай қалса көңілін тербеген сағынышты, сезімдерді өзіне тән әдемі иірімдермен шумақтап, кітап қылып шығарды. Әбдіғали Анарұлының жыр жолдарын жалпы оқырманға жеткізген алғаш жинағы 2001 жылы "Шағала – сезім" атауымен жарық көрді. Бұл бір жағынан шығармашылық мотивация бергендей болды. Өнер әлеміндегі өрісі кеңейіп, араға бес жыл салып, 2006 жылы "Сағыныш сазы" кітабы баспадан басылып шықты. Ал "Толқында туған толғаулар" атты поэзиялық кітабы 2015 жылы оқырманға жол тартты. Бұл барша аралдықтардың, теңіз жұртшылығының мерейін тағы бір өсірді. Толқыннан шабыт алған азаматтың жыр жолдары көпшіліктің көңілінен орын алды.
1954 жылы Арал қаласында туған Әбдіғали Анарұлы жоғарыда айтып өткен Одесса теңіз флоты инженерлері институтынан кейін де білімін толықтырды. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік мемлекеттік политехникалық университетін тәмамдаған. 1970 жылы туған жерінен еңбек жолын бастаған ол 1988 жылдан бастап ҚР Көлік және комуникациялар министрлігінде бас маманнан бастап, басқарма басшысы және Теңіз және Өзен Регистрі мекемесінің директоры болды. Ал 1996 жылдың желтоқсанында Алматыдан Астанаға министрліктің алғашқы шағын тобы қатарында жанұясымен бірге көшіп, 199 жылдан Көлік бақылау комитетінің басқарма басшысы болды. 2000 жылдан бері еліміздің ірі мұнай-газ саласындағы компанияларда қызмет етті. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында білімін арттырды. Ал 2013 жылы жары Наташа Сабыровамен бірге үш тілді "Кеме құрылысы сөздігін" жарыққа шығарды.
Бұл қызметтегі, еңбектегі болмысы. Ал жоғарыда айтып өткендей, қашанда қарапайымдылықтан аттамаған ағамыздың отбасы да өте қарапайым жандар. Білімге құштарлығы жұбайлық өмірге де жол сілтегендей көрінеді. Олай дейтін себебіміз, жұбайы да өзі білім алған Одессада инженерлік білім алған. Бірі – кеме құрылысының инженері, бірі – су қуатын реттейтін гидротехникалық инженер. Жастық шағын, балғын кездерін әзілмен жеткізіп жүретін жайдары жандармен емен-жарқын әңгімелесе қалсаңыз, жары Наташа екеуінің арасындағы сыйластық пен сонау күндегі бір-біріне деген ыстық сезімі әлі күнге сақтаулы екенін анық аңғаруға болады.
Иә, "жар" деген сөздің өзі "еркектің тіреу" дегендей көрінеді ғой. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасылардың бірі.

Оңталап  ЖОЛДАСОВ
05 мамыр 2021 ж. 515 0