Ұрпақ бақытына кенелген ұстаз
Анасы жақсы қандай-ды,
Қамқорлығы таудай-ды.
Қалқам деп шықса алдыңнан,
Кеудеңде қайғы қалмайды, – деген термелі өлеңнің төрт жолына қаншама мән-мағана сыйдырған Майлықожаның ақындық құдіретінен айналайын. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың», – деп әдетте балаларға қаратып айтылады. Қайсыбір ана «балам маған қарыз еді» деп ешқашан да айтпаған. Бұл барлық аналарға тән қасиет, бәлкім, жазылып қойылған қағида ма дерсің. Иә, аналардың жасы да, кәрісі де осындай. Олар тағы да «Баламның табанына кірген шөңге, маңдайыма кірсін» деп те отыратындарын қайтерсің?! Не деген кеңдік, не деген мейірімділік, не деген даналық, не деген парасаттылық десеңші.
Осы ретте сөз еткелі отырған осындай аналардың бірі де бірегейі – ұлағатты ұстаз, мейірбан ана, ардақты әже, Аралдың төл тумасы Бақытгүл Мұханқызы Сермағанбетова апай. Кейіпкеріміз осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, туған жеріне тарих пәнінің мұғалімі болып оралады. Қызмет атқарған жылдарында көптеген марапаттарға қол жеткізіп, оның ішінде «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпазы атанады. Тағы да сол сияқты білім берудегі көптеген жетістіктерінің нәтижесінде еліміз енді ғана егемендік алып жатқан тұста «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болады. Бертін келе «Ерен Еңбегі үшін» медалін иеленеді.
Бақытгүл апайдың бір естелігін есіме алатын болсам, білім беру саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарған әкесі, марқұм Сермағанбетов Мұхан ағаның сол кездегі омырауында жарқыраған «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» медалін көріп, қолымен сипап тұрып, "шіркін, мен де осындай марапатқа қол жеткізсем ғой" деп күбірлеп айтқан арманым алдамаған сияқты дейді.
Бұл күнде Бөгенде үлкен мешіті бар Тәжімбет ишанның қызы Әмиша анасынан жақсы үлгі алғанын сағынышпен еске алып отырады. Қазір әкесінің орнында ошағының отын маздатып Күнзираш анасы отыр. "Қыздың өз жолы мен мұраты бар" дегендей, жоғары білімді мұғалім мамандығын алған шынашақтай қыз бала, аз -кем уақыттан соң, алтын ұясынан, туған үйінен ұзатылып Жетесовтер әулетіне келін болып түседі. Келген жеріне тастай батып, судай сіңіп кеткені сол, әдепкіде бала келін болып, үйіне келген үлкендерге сәлемін салуды үзбеген. Балалары дүниеге келгенде ана келін атанып, бір әулеттің үлкендерімен қоса өзінің кішкентай балаларын қамқорлығына алады. Қызметте жүріп-ақ, ата-енесінің шай-суын әзірлеп, балаларының кір-қоңы мен сабақтарына да зер салуға үлгеріп отырады. Арасында үйге келіп-кетіп жүретін ағайынның да ризалығын ала жүреді.
Қазақ өзі көпшіл, қонақшыл халық қой, отбасынан қонағы арылмайтын үйдің біреуі осы үй болатын. Себебі, қайын атасы ауданға белгілі Жетесов Жақсылық аға «Құланды» кеңшарын 27 жыл басқарған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері, республикалық деңгейдегі дербес зейнеткер болған. Ал енесі Шәкен апа "өте шебер, қолынан келмейтіні жоқ, іске де, асқа да тиянақты, қазақтың ұлттық тағамдарын жасағанда қолынан балы тамып отыратын еді" дейді келіні есіне алып. Осындай ана қарапайым отбасының ұйытқысы болып, Бақытгүлдей келінін ата-баба жолымен тәрбиелеп, өздерінің қыздарындай етіп өсіреді. Жастарды қызметтерінен айырмайық деген оймен қалаға әкеліп бір үй етіп қояды. Соның да арқасы шығар, бүгінде апайымыз, ата-енеден көрген тәлім-тәрбиесін қазіргі өзінің отбасында көрсетіп, үлкендердің орнын басып, дана келін атанып отырған жайы бар. Олай дейтінім, қазіргі күні де отының басынан кісі арылмай, біреулері кетсе, екінші біреулері келіп жатады. Үйіне бара қалсаң, бала келді, үлкен келді демей, құрақ ұша жөнеліп, жайылып жастық, иіліп төсек болып, ас үйден бір-ақ шығатынын қайтерсің. Біз мұны, әрине келіндері бар болса да, соларға үлгі болсын деген ойы болар деп топшылаймыз. Бұл үйге келген қонаққа деген құрметтің бір белгісі десек те болатын шығар. Ең бір өкініштісі, жан жолдасының бұл күнге жете алмай кеткендігі.
Марқұм Алмас аға ауданға белгілі білікті дәрігер, басшы болды. Алланың ісіне ара тұра алсын ба? Тірі адам тіршілігін жасай беретіні анық. Өмірдің де заңы солай ғой. Ендігі кезекте қолды аяқтай болып қалған балаларды жеткізу керектігі тұрды. Мұны Бақытгүл апай сол кезден-ақ сезінді, белін буды, көзінің жасын сүртті, езіліп отырып қалған жоқ. Ағайынмен араласты, қызметімен қайта қауышты. Еңбекте жүріп тапқан абырой-беделінен айырылмады. Бәрі де ананың балаға деген махаббаты болар, олардың мөлдіреп түрған көздері Бақытгүл апайдың өмірге деген құштарлығын арттыра түсті. Балаларын оқуға, адал еңбек етуге баулыды.
Тұла бойы тұңғыштары Жанар – Алматы қаласындағы, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ағылшын тілінен магистрлік дәрежесін алып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультеті, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушы қызметінде. Ұлдары Әлімжан Атырау мұнай-газ институтын бітіріп, мұнай-газ инженері мамандығын меңгерген. Қазір кәсіпкерлік салада. Келіні Эльвира фармация мамандығын игерген. Кенже қыздары Анар әке жолын жалғастырамын деген бетінен қайтпай, мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина академиясының резентурасын бітірді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы облыстық балалар ауруханасында лор дәрігері болып абыройлы еңбек етіп, білікті маман екендігін дәлелдеп жүр. Балалардың бәрі де грант иегерлері болған. Осылардың бәріне ана көңілі алаңдай жүріп, бәрінің де жоғары білім алуларына қол жеткізді. Ананың ең басты арманы да осы болатын. Балалары аяқтанып, отбасылы болып, өз жолдарын тапса да, анасының балаларына деген қамқорлығы таудай. Туған үйлеріне келген балаларының алдынан «қалқам» деп шығатын ананың орны қашан да бөлек қой.
Ата-бабасының көрсетіп берген жолын үзбей, ошақ отын өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған Бақытгүлдей ана қандай сый-құрметке де лайық. Бүгінде Әсем мен Әлинұрдай тәтті бүлдіршіндердің қамқор әжесі. Міне, «Анасы жақсы қандай-ды......» деген өлең жолдары адамның осындай істерінен кейін ғана өрнектеліп, ажарлана түсетіні анық. Біз де ендігі кезекте жақсылардың жолы осындай даңғыл болып, еш үзілместен ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсе екен деген тілегімізді қосамыз.
Шолпан БАЛМАНОВА ,
Нұр-Сұлтан қаласы