Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Абитуриенттік өмір де бір белес

Абитуриенттік өмір де бір белес

Осыдан 51 жыл бұрын, яғни 1970 жылы Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепті бітіріп, арман жетегінде Алматыға оқуға аттанған сол кездегі ару қыз, қазірде Алматы қаласының тұрғыны, медицина саласының ардагері Майрамкүл Хакимованың абитуриенттік кездегі қызықты күндері жайлы жазған естелігін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.  

...Жақсыкылыш кентінің  №19 мектебін "Ерекше белгімен" бітіріп, аңсаған мамандығыма деген оқу талабым басталды. Бала күннен арманым  – дәрігер болу. "Ленинградқа барамын, мединститутқа түсемін" деп жолға дайындалып жатырмыз. Марқұм Ералы бауырым "бірге барамыз, орналастырып келемін" деп жұмысынан сұранды. Ол кісі билет алуға барайын деп Сольтресте аялдамада тұрса, класс жетекшіміз Әжібаев Махмуд ағай  қолында бір қағазы бар бауырымды көріп:
– Ереке, қарындасың оқуға қайда талаптанып жатыр? – деп сұрапты.
– Осы бір-екі күнде жолға шығамыз. Алла қаласа, билетке бара жатырмын. Ленинградқа барамын деп тұр қарындасым, – деп жауап берген.
 – Оу, Ереке, ондай алысқа барып, әрі пересадкісі бар, жол қиын ғой. Міне, жолдама, Алматы медицина институтының педиатрия факультетіне конкурссыз түседі. Соны Майрамкүлге жеткізейін деп шығып, асығып келе жатқаным, –депті.
Сол жолдама кағазды бауырыма ұстата салыпты. Ералы бауырым ұшаққа мінгендей, үйге үлкен қуанышпен оралды. Бейнебір осы сәтте-ақ Майта қарындасы дәрігер болып кеткендей. Ай, жүрегіңнің лүпілінен айналайын, бауырым-ай!
– Сәті болды, сәті болды, Майтажан! Алматыға баратын болдың. Міне, сенің арманың педиатрия факультетіне жолдама. Махмуд ағай беріп жіберді,– деп жүзі нұрланып, қолдары дірілдеп, жолдаманы қолыма ұстатты. Мен ол кезде ештеңе түсінбеймін ғой.
– Бұл жолдаманың жеңілдігі бар, конкурсқа қатыспайсың,– деп қуанып жатыр Ералы бауырым.
Ал Алматыға баратын болдым Алла қаласа. Дайындық  басталды. Құжаттар дайын, үш қыз баратын болып билет алдық. "Екі-үш адам болып барсаңдар, мен бармай-ақ қояйын" деп бауырым бармайтын болды.
Пойызға шығатын күн де келді. Вокзалда тұрмыз, чемоданым өте ауыр. "Немене тас салып алғанбысың?"дейді бауырым, чемоданды көтере алмай.
 – Ой, аға, бәрі кітап қой. 24-25 кітап, киімдерім және бар. Қазіргі заманда рахат қой, нотбук, планшет, ұялы телефон, емтихан тест, онлайн түрінде алынады. Не деген жеңілдіқтер! Ал біз болсақ,  әр пәнге 4-5 кітаптан арқалап жүргеніміз ғой. Программа дегені тағы бар. Пойызға мінетін кезде құстай ұшып Нұржан көкем келді вокзалға.
– Майтажан, почтаға барып телеграмма салдым, күтіп алады. Бәрі жақсы болады,– деп құшағына кысып, маңдайымнан сүйіп, шығарып салды.
"Қазақстан" пойызы, вагонда жанымда Аққалқа деген кластас досым, тағы бір досымыз бар, ол басқа вагонда. Вагонға мініп,орналасып алдық. Мінгеннен әр жердің адамдары өз саудасын жүргізуде. Пойызда Сексеуілден мінген апаларымыз: "шерсти бери", "маечка бери", "носки бери" деп жүр. Ол кезде орыстар көп жүретін еді ғой пойызда. Апаларым Қамбаштан түсіп қалды. Енді Қамбаштан бір-бірімен байластырып алған "копченый тырандары" бар апалар мінді. Олар да өз балықтарын саудалауда...
 Сонымен, Алматыға да жеттік-ау. Жалдаған пәтерге кіргіміз келмей, сыртта отырдық. Әбден шаршаған соң үйге кірдік. Кеш болды. Есіктің қонырауы шырылдаса, ұшып барамыз. Ауылдасымыз Әмірхан да келді-ау. Ол Қызылжар ауылының жігіті, №19 мектептің түлегі, сол кездері медициналық институттың фармацевтика факультетінде үшінші курста оқитын. Әмірханның келгеніне жас баладай қуанып, досым екеуміз жүгіріп шықтық. Екеуміз оны құшақтап жылай бердік, жылай бердік. Ол "не болды?" дейді. Біз "қарнымыз ашты" деп жылап тұрмыз. Ол подъезді басына көтеріп, рахаттанып бір қарқылдап күлсін.
 – Қой, жүріңдер, тамақ алып берейін, асхананы көрсетейін,– деп алып шықты.
Әй, орысша білмегеніміз-ай, шекемізге тиді ғой сонда. Сөйтсек "Никольский базар" дегеннің жанында тұр екенбіз. Не көп, тамақ көп. Әр жатақхананың астында студенттік асханалар тұр.
Ақ тер-көк тер болып бір тойдық-ау. Осы күндер есіме түссе күлкім келеді. Бүгінде Аққалқа досым Таразда тұрады. Кездескен сайын абитуриенттік өмірді бір еске алып, күліп аламыз. Әмірхан біздің көкеміз сияқты.  "Тойып алыңдар, ертең алып кетемін, ертерек оқу орындарыңа барып құжат тапсырамыз, жатақхана алып беремін" деп қуантып кетті.
Әй, кішкентай ғана қарнымыз тойды-ау, әйтеуір. Қазір есіме түссе рахаттанып бір күлемін. Балаларыма, немерелеріме айтып беріп, мәз-мейрам боламыз.
Пәтер иесі әйел бізбен шаруасы жоқ, өкпесі қара қазандай, мені алдап, бала-шаға жіберген несі деген шығар. Әй, ақ көкем-ай, жүрегіңнен, аппақ пейіліңнен айналайын.Таңды атырдық. Сағат 8-ден өтті. Әмірхан да келді. Затымызды алып, біржола шығып кеттік. Апа, рақмет деп қоямыз. Ол әйел бізге қараған да жоқ.
Бір күнде сәті түсіп, дос қызым Қыздар педагогикалық институтының, мен медициналық институттың жатақханасына орналастық. Құжаттарды өткіздік. Әмірхан бізді орналастырып, ауылға каникулға кетті. Алла оны бізге жол көрсетсін деп кідірткен ғой. Өте риза болдық, жақсы достар болып қатысып кеттік. Кейін жылдар өте келе Әмірхан екеуміз шаңырақ көтеріп, перзент сүйіп, бақытты ғұмыр кештік...
Бүгінде барша мектеп бітірген түлектер үшін абитуриенттік өмір басталды. Оқуға ниеттенген балаңызға бір жол білетін адам еріткен жақсы болар еді, оң жақ, сол жағын көрсетіп дегендей. "Ой, өзі кете берсін, жол көреді, ашылады, үйренеді" деп қала бергеніміз дұрыс емес сияқты. Ата-ана да баланың бірінші қадамына, өмір талабына жол көрсеткені дұрыс-ау деп ойлаймын.
Қымбатты балаларым, Алла бәріңіздің білім жолдарыңызды, ғылым жолдарыңызды ашып тұрсын. Қалаған мамандықтарыңның иесі болып, туған жерде адал еңбек етуді бұйыртсын. Өмір жолдарыңыз ашық болсын. Бір Алла қолдап жүрсін!

К. МАХСҰТ 
31 шілде 2021 ж. 248 0