Аудан дамуына атсалысқан азамат
«Бір мектеп – жүз тағдыр, мың ғұмыр» деп даналарымыз айтқандай, ауданымыздың білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте саналы ғұмырым өтті. 30 жылдан астам қызмет етіп, талай жетістіктерге жеттік. КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері төсбелгісін омырауыма тақтым. Қатардағы мұғалімнен жоғары санатты ұстаз атандым. Осының барлығы төккен маңдай тердің қайтарымы іспетті. Мектеп қабырғасында талай шәкірттерге біліммен қоса еңбек тәрбиесінің алғашқы әліппесін үйреттік. Қазір сол шәкірттеріміз білім дәрежесін көтерумен қатар, тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерекелік мәртебесін көтеріп, тұғырын бекемдеу мақсатында әрқайсысы бір-бір кірпіш болып қаланып, отбасында да, қоғам ортасында да зор беделге ие болып, үлкен жауапты қызметтерді де еңсерген шәкірттеріміздің баршылығына қуанамыз. «Ұстаз да ақ пейілді ана сияқты» демекші, кейбірі зейнет жасынан асып, немере жетектеп жүрген шәкірттерімізге кездескенде бір қуанып қалатынымыз рас.
Шағын архивімді парақтап отырсам, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өткен сандарының бірінде ауданды үш жыл басқарған, тәуелсіз еліміздің кәсіпкерлік саласының алғашқы қарлығашы, мектеп қабырғасынан алған білім дәрежесін жоғары оқу орнымен жалғастырған өзіміздің төл перзентіміз Алашыбай Баймырзаев туралы «Кеден одағы кепілдік береді» деген үлкен мақаласын көзім шалды. Сондай-ақ теледидардан кәсіпкерлік жұмысының ауқымды екенін көргенім бар еді. Солар есіме түсіп, шәкіртім жайында мақала жазуға бекіндім.
1991 жыл Кеңестік экономикалық байланыс желілері біржола үзілген кезі. Әр мекеме, әр кәсіпорын өз бетінше тіршілік жасауға кіріскен. Ақтау қаласында аяқ киім фабрикасын саламыз деген жастардың үкілі үміті мен сенімін арқалаған А.Әбдіғазыұлы «Ақбөбек» аяқ киім фабрикасын салу туралы іске кіріскен.
– Сонау Маңғыстау өңіріндегі мұнайшыларға арнап аяқ киім тігіле бастады. Оған еліміздің әскери ведомстволары назар аударып, алғашқысында 5 мың аяқ киімге тапсырыс беріп, кейін 50 мыңға жетті. Сол кезде Ақтауға іссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев: «Бұл – біздің экономикалық саясатымыздың алғашқы қарлығашы» деп баға берген. Елбасынан қолдау тауып, қанағаттанған Алашыбай Әбдіғазыұлы Италия мемлекетінен әріптестер тауып, «Zanata» фирмасының директоры Франческо Занатамен келісіп, Қазақстанда тұңғыш рет бірлескен кәсіпорын құрылған. Нәтижесінде фабриканың сапалы өнімінің өнімділігі артқан. «Индонезияда, Сингапурда, Таиландта, Оңтүстік Кореяда әлемдік рынокқа тек қана жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы шығып отыр. Сондықтан да әлемдік аренаға шығу үшін алып фабриканы салу шарт емес» – дейді А.Әбдіғазыұлы өз сөзінде.
«Ерінбеген етікші болады» дейді қазақ. Маңғыстау өңірінде аты аңызға айналған Қайып есімді етікші өткен екен. Іскер жігіттің ғашығына арнап «Ақбөбек, кеткенің бе серттен тайып...» деп шығарған әні осы күнге дейін ел аузында жүр деседі. Сырлы теңіздің жағалауындағы сұлу қаланың төрінен сырбаздана бой көтерген сәнді ғимаратқа «Ақбөбек» атауы да содан туған екен.
Өткенге шегініс жасайын. Мектеп оқу шеберханасында өтетін еңбекке баулу сабағы оқушылардың еңбекқорлығына жол ашатын алғашқы әліппесі іспетті. Еңбек тәрбиесінде мамандық таңдау жолдарын оқытумен қатар, еңбек салаларының әр түрлерінен мағлұмат алатын алғашқы қадамдары қалыптасады.
Айтайын дегенім, оқушылардың еңбекке деген ынтасын арттыру мақсатында оқу шеберханасында «Еңбек» атты қабырға газетінде оқушы Алашыбай Әбдіғазыұлы мақалаларымен қоса суреттері жиі шығатын. Бірде мен "Алашыбай, түбінде сенен еңбекқор үлкен азамат шығады" деп айтқаным бар. Шәкіртім осы сөзді санасына құйып алса керек.
1995 жылдың аяғы. Алашыбай Әбдіғазыұлы ауданымызға әкім болып тағайындалды. Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасында Қыдыр ата болып бата беру маған жүктелді. Жаңа жылдық шырша әкімшілік залында орналасқан. Залға аудан әкімі кіреді. Зал қараңғыланған. Аңдаусызда тұрған мені біреу иығымнан түртіп:
– Саламатсыз ба, ағай, есіңізде ме оқып жүргенде «Түбінде сенен еңбекқор азамат шығады» дегенсіз. Міне, мен әкім болдым, – деп күліп тұрған Алашыбай екен. Сонда шәкіртімнің әкім болғанына да, оның ішінде өзімнен озып, үлкен азамат болғанына шаттандым. «Өзінен шәкірті озған ұстаз – бақытты» деген қасиетті сөз де осыған саяды.
Алашыбаймен 1996 жылы көшеде кездесіп қалдым. Жұмыс кабинетіне алып келіп: «Ағай, қандай мұқтажыңыз бар?» деп сұрады. Ол кезде мұқтажсыз адам болды ма? Айлап зейнетақы, еңбекақы ала алмай жүрген қиын уақыт еді ғой.
– Айналайын, рақмет, менің мұқтажымды сұрап жатқаныңа. Біреуден ілгері, біреуден кейін ұлы көшпен бірге өмір сүріп жатқан жайым бар. Алайда менен де күнкөрісі төмен отбасылар жетерлік. Маған жасағыңыз келген қамқорлығыңызды соларға жасаңыз, – дедім.
– Жұмыс сұраған туыстарым, басқа да адамдардың өтініштерін орындай алмай, реніштеріне қалып жүрмін. Рақмет, аға, түсінгеніңізге, үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Амандық болса, заман түзелер, Құдайға шүкір, тәуелсіздік тұғырын жаңа қалап жатырмыз. Туған жердің төл перзенті ретінде халқыма қызмет етуден артық бақыт бар ма? Үлкен арманым, теңізді қалаға жақындатсам деймін, – деген еді.
Әкімдік қызметінде де оқып білім алған алтын ұясы – мектебін де ұмытқан емес. Ұстаздарына сәлем беріп, жағдайларын сұрап отыру шәкіртімізге жарасатын қасиет. Оның ішінде оқу шеберханасына келіп "Еңбек етуімнің алғашқы іргетасы осы оқу шеберханасынан басталды" деп дәріс берген бізге де ризашылығын білдірген ақ ниеті десе болады.
Алашыбай Баймырзаев, Егіншібай Жұбанбаев, Жұмабай Сақалов, тағы басқа 1968-1969 оқу жылғы түлектер болып, әрбір он жыл сайын туған жерге жиналып, мектепке келіп, білім нәріне сусындаған парталарына отырып, ұстаздарына сәлем беруді де ұмытқан емес.
Осындай көңілді кездесудің басына ұстаздарын шақырып, әрқайсысы өз жетістіктерінен сыр шерте отырып, оқушы кезіндегі қызықты әңгімелерін айтып, шырқалған әсем әндеріне тербеп, иығымызға шапан жауып, шын ниеттерімен ризашылығын білдіріп, бір марқайтып тастайтындары да бар.
1994 жылы Маңғыстау облысынан Парламент депутаты болып сайланған республиканың бас прокурорының орынбасары қызметін атқарған әділет генералы Сағындық (Сәкен) Кемалұлы Жүрсімбаев та Алашыбайдың үлкен жүректі, ортаға сыйлы, беделді азамат екенін, сайлау кезінде көмегі тигенін айтып, ризашылығын білдіргені бар. Ал Арал ауданының білім бөлімін ширек ғасыр басқарған елге белгілі Ебейсін Исаев та Ақтауға барғанда тұрғындардың және олардың азаматтарының Алашыбай туралы айтылған жақсы пікірлерін, азаматқа жарасымды қасиеттерін таңдана айтып отыратын.
«Жер сүмесін емген халықпыз» демекші, Алашыбай Әбдіғазыұлы Қапшағай маңындағы Шеңгелді ауылында шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысты. Әуелі 50 гектар жерді игеріп, кейін 850 гектарға дейін ауқымын кеңейтіп, негізгі өнімі картоп, пияз болды. Сол жылдары құрылған «Даму» деп аталатын кәсіпкерлікті қолдау қорынан несие алып, істерін әрі қарай жүргізуге мүмкіндік туды. Сол кезде өнімдерді шетелге шығару үшін кедендік рәсімдеу жұмыстарында көптеген қиындықтар кездесіп, жүйке жұқартып, түрлі оралымсыздықтар аяқтан шалып, шығындалып жүрсе де, өнімдерін Ресейдің Новосібір, Барнауыл секілді аймақтарында орналасқан әскери базарларға өткізіп жүрді. Өнімдер ұлғайған сайын сұраныс та көбейді. Барнауылдан бастап Алтайға дейін Омбы, Том, Новосібірге одан әрі Владивосток, Сахалинге дейін өнімдерді жеткізіп тұрды.
– «Шағын бизнес ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деген қағида бар. Мен де жасым ұлғая бастағасын кәсіпкерлігімнің тізгінін ұлым Алматтың қолына ұстаттым. Ол бірнеше тілде еркін сөйлейді. Тапсырысты компьютер арқылы қабылдайды. Заманауи кәсіпкерге осылардың бәрі ауадай қажет. Одан ақыл-кеңесімді аямаймын. «Ұлыңды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейсің, қызынды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейсің» деген, – дейді Алашыбай ағынан жарылып.
А.Баймырзаев – тәуелсіздік жемісін терген елімізге белгілі кәсіпкерлердің бірі ретінде жетістіктері үшін Елбасының Алғыс хатын алған. Сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтқаны үшін «Көршілес мемлекеттердің компаниялары ұсынған тауарлардың ішінде ресейлік мамандардың көңілінен шыққаны үшін Ресей Президенті В.Путиннің жарлығымен бірінші дәрежелі «Ұлы Петр – І» орденімен марапатталған. Оның кәсіпкерлікті ілкімді жүргізуіне экономика ғылымдарының кандидаты болуы да септігін тигізгені анық. Алашыбай Әбдіғазыұлы туған жерді құр алақан қалдырған жоқ. Ауданға жасаған адал қызметі үшін «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Арал ауданы әкімі болып тұрғанда Алашыбай Әбдіғазыұлы Көкарал бөгетін бөгеп, теңіз Арал қаласына жететіндігі дәлелденген. Абай атамыз: «Бақытты көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» дегеніндей, төккен маңдай тердің жемісін көрген жан бүгінде жары Ләззат екеуі ұл-қыздарының қызығын көріп отырған қазыналы қария.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы