Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балықты баптай білсең…

Балықты баптай білсең…

Сол сапарда Арал қаласындағы «Арал» СДО балық өңдеу зауытында болғанбыз. Өмірінің тең жартысын осы кәсіпке арнаған Әділбек Әйімбетовтің өзі қарсы алды бізді. Зауыт бұрынғы қираған балық комбинатының орнына салынған. Демек, ілгеріде болған өндірістің ізі жоғалмаған деп түсіндік бұны.Кәсіпорын жылына 4500 тонна балық өңдеуге қауқарлы. 50-ден астам жұмысшысы бар серіктестік балық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұмыстарымен айналысады. Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда шабақ жібереді. Ал Польшаға тістіден филе дайындап, экспортқа шығарып отыр.
Тісті демекші, оны теңіздегілер «алтын балық» дейді. Қабыршағының өзі қатты, аты айтып тұрғандай, бір жеріңнен тістесе айырылмайтын, қатыгездеу, жыртқыш балық. Жергілікті тұрғындар ас ретінде пайдаланбайтын осы балықтың бағасынан ат үркиді. Келісі 1000 теңгеге дейін барды бір жылдары. Сырт елдерге тасылды. Өйткені, шетелдіктер осыны сүйсіне жейтін көрінеді. Сұранысқа қарай, бағасы да қымбат. Теңіздегілерден тікелей саудаласаңыз, келісіне 500-600 теңге сұрайды. «Алтын балық» атануы да сондықтан.
– Осы тістінің басына бақ қонғалы біраз жыл болды, – дедім мен жай тұрмай. – Өзіміз неге жемейміз осыны? Еуропаға артқалы көп болды ғой.
– Оның рас, – деді Әділбек аға. – Қазақ майлы әрі семіз балықты жақсы көреді. Сорпасын ұрттап, сазанды асып не қуырып жегенді кім жек көрсін?! «Ал мынада не құнар бар?» деген ой бәрімізде де бар. Бірақ түрлі дәруменге бай балық осы – тісті. Орысша судак деп жатады. Еуропада мұны мейрамханада құнарлы тағам ретінде ұсынады. Көрдіңіз бе?! Жалпы ресейліктер бір жылда 14 келі балық тұтынады. Орташа есеппен айтып отырмыз. Ал өзіміз жылына 4 келі жейміз бе, жемейміз бе? Балық – дәруменді, жеңіл тағам. Буын мен көздің жақсы көруі осы балық етіне байланысты. Жас та, жасамыс та жей беру керек.
Әділбек ағаның айтуынша, зауыт бұрынғы «Аралрыбпромның» ізімен 2009 жылы құрылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шығып, он жылда өнім көлемі 17 есеге артты. Теңіздегі 5 участок, қосымша көлдерден балық ауланып, дайындалған өнімді шетелдерге шығарып отыр. 2012 жылдан бері «Еурокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберуде.

Біз көзбен көрген аралдық зауыт өз мүмкіндігін кеңейтуде қомақты қаржы алып, біршама жұмыстар атқарған. Мысалы, Бөген ауылында серіктестікке қарасты мұздату цехы және жатақхана іске қосылған. Әділбек Әйімбетовтің айтуынша, енді Қарашалаң ауылына жақын «Домалақ» көлінен тауарлы балық аулау шаруашылығын құрып, Қамбаш жағасынан туристік орталық тұрғызылмақ. Сондай-ақ, «Арал» СДО ЖШС қалдықсыз өнім шығаруға бет бұрған. Тазаланған балықтың қабыршағы мен ішкі құрылысы далада қалмайды. Олар әбден мұздатқышта қатырылып, Шымкенттегі жем дайындайтын арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Балық сүйегінен дайындалған жем мал шаруашылығына өте қажет екені белгілі. Балықты баптай білсең, ұтарың көп.

Ержан ҚОЖАС

syrboyi.kz​​​
22 қыркүйек 2021 ж. 840 0