Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ...Аманат жырдың иелері хақында

...Аманат жырдың иелері хақында

Осы жылдың 11 қыркүйегінде «Толқын» газетінде жарық көрген Ерғали Абдулланың «Азалы жылдардан жеткен аманат жыр»атты жүрекжарды мақаласын оқып, сол аманат жыр иелерінің артында қалған ұрпағының атынан өз пікірім мен ризашылығымды білдіруді парыз санадым.
Ең алдымен «Аза» кітабындағы өлеңге ерекше қызығушылық танытып,  өлеңнің орыс тіліндегі нұсқасын аудармашы Дархан Аманжолұлына аудартқызуға үлес қосып, тарих қойнауында жасырын жатқан бұл жырды айрықша бағалағаны үшін мақала авторы Ерғали Абдуллаға алғысымыз шексіз. Сонымен қатар бұл кісінің «Аза» кітабындағы мәліметтерге сүйене отырып өлеңнің авторлары туралы деректерді жазумен қатар, «...жырдың авторларының кейінгі тағдыры, ұрпағы бар болса, олар туралы мағлұмат біз үшін әзір белгісіз» деп, алдағы уақытта ізденудің қажеттілігін ескертіп өтуі де бізді қуантты.
Енді осы ізгі ниетімен қоса, жырдың нақты кімге тиесілі екендігі туралы болжамдарына қатысты сөз қозғамақпын.
Мақалада «Толғау жырдың авторы Әбдіқалық Адаев молда мен Әуез Қазыбаев деп көрсетілгенмен де, ол заманда екі адам бірігіп жазды дегенге көңіл сенбейді» дей келе, бұл жырдың бірінші авторы Әбдіқалық бола тұрса да негізгі авторы Әуез Қазыбаев болуы мүмкін деген болжам жасалған. Жазушының бұлай ойлауына, сірә, жыр авторлары мен кейіпкеріне қатысты «Аза» кітабындағы жаңсақ мәліметтер себеп болғанға ұқсайды. Яғни, «Аза» кітабының 72-бетінде ағайынды Адаев Қарасай мен Адаев Әбдіқалықты бір жылда 1886 жылы туған деп, сондай-ақ Әбдіқалықты сауатсыз деп қате берілуі, Әуез Қазыбаев туралы деректегі «... ағасы Адаев Қарасайды...»  («Аза», 126-б.) деген мәлімет те Әуезді өлеңнің негізі авторына жақындата түсетіні анық. Оқырмандардың да біле жүруі үшін жыр авторлары мен кейіпкерінің бір-бірімен қандай жақындығы барын алдымен қамтып өтейін.
«Аза» кітабының 126-бетіндегі өлеңнің басында берілген «Перевод из контрреволюционной песни, составленной муллой Адаевым Абдыкалыком и Казыбаевым Ауезом» деген деректегі бірінші автор Адаев Әбдіқалық – менің туған атам да,  Қазыбаев Әуез – атам Әбдіқалықтың бірінші ағасы Қазыбайдың баласы болып келеді. Тарқата айтсақ, үлкен атам Адайдан он ұл, екі қыз дүниеге келген: Қазыбай, Қази, Шолпан, Қарасай, Қожбан, Айшуақ, Әбдіқалық, Жұмали, Қыпшақбай, Шөмекей, Болтай, Орындық. Сонда жыр кейіпкері Қарасай – Әбдіқалықтың туған үшінші ағасы да, Әуездің  көкесі болып келеді. Міне, сонау зұлмат заманда Адайдан тараған үш ұрпақ: екі ұлы мен бір немересі "халық жауы" болып жазықсыз ұсталған еді.
Енді Әбдіқалық атам туралы айтсам, ол – бала оқытқан сауатты молда, араб әрпімен өлең жазған ақын. Атамның ұстазы – Арал, Қазалы өңіріне белгілі Нұрсейітұлы Тілеулес ишан. Бұл кісі туралы Тәңірберген Дәрменовтің «Ишандар өткен ғұлама, Хабар берген Алладан» атты 1-кітабындағы келтірілген ишан, ахундарға арналған өлеңде былай сипатталған:
«...Жүрегіне шам жанған,
Құйылған иман нұры екен.
Құрылған сегіз пейіштің,
Тілекемнің орыны,
Қай бөлмеде тұр екен.
Басында абзал жаралған,
Мұсылманның ұлы екен.
Жаратушы құданың,
Шынымен сүйген құлы екен.
Тілекең өтіп кеткен соң,
Сөнгендей діннің шырағы...» (97-бет).
Осылайша, жергілікті ақындар тебірене жырлағандай, Тілеулес ишан – діни сауаты жоғары молда ғана емес, ерекше қасиеттерімен де ел арасында аңыз болып таралған үлкен тұлға. Ал осы Тілеулес өз қызы  Құндызды қаншама айттырған адамдарға бермей, «менің күйеу балам бір күні келеді» деп күткен екен (бұл оқиға өз алдына ұзақ әңгіме). Сөйтіп, менің атамның адалдығы мен діни сауаттылығына сүйсінген ишан өз қызы Құндызды Әбдіқалыққа қосыпты. Сонда ел қадірлеген Тілеулес ишанның қалауымен менің атам оның шәкірті ғана емес, туған күйеу баласы болды.
Атам 1937 жылы "халық жауы" болып ұсталғанда, әкем Сәдір небәрі 9 жастан жаңа асқан бала еді. Жастық шағын тек үмітпен өткізген әкем Сәдір өз әкесі туралы хабарды арада 30 жыл өткеннен кейін білді. Нақтылап айтсам, 1960 жылдардан былай халық жауы болып ұсталғандар ақтала бастағанда әкем де көп іздеу салып, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының депутаттар кеңесінің басқармасы, облыстық соттарға дейін тоқтаусыз өтініштер жіберіп, жанұшыра ізденді. Әкемнің қолжазба папкаларындағы сарғайған анықтамалардың бірінде «15 сентября 1967 года. №1/3 - 4604.
 Согласно Вашего заявления о розыске отца АДАЕВА Абдыкалыка, 1887 года рождения, сообщаю что он умер 3 декабря 1939 году в Красноярском ИТЛ.
Сотрудник УООП Кзыл-ординской области /Н.Михеева/» деген мәлімет берілсе, тағы бірінде «11 июнь 1968 г. №566/2
Дело по обвинению Адаева Абдыкалык 1887 года рождения пересмотрено в Президиуме Кзыл-ординского областного суда от 31 мая 1968 года.
Решение бывшей тройки УНКВД по Актюбинской области от 29/ХІІ–1937 года в отношении Адаева Абдыкалыка отменено и дело производством прекращено.
По суду Адаев Абдыкалык считается реабилитированным.          
И.о.председателя Кзыл-ординского областного суда:/А.Кенжекараев/» деп берілген.
Мінекей, осы құжаттар бойынша атам Әбдіқалық 1887 жылы туып, 1939 жылы 3 желтоқсанда дүниеден озған, 1968 жылы 31 мамырда "халық жауы" деген айыптан біржола ақталған.
Ал атамның түрмеде отырған екі жылынан бізге екі мұрасы (310 жолдан тұратын өлеңі) жетті. Бірі – атамның Ақтөбе қаласының түрмесінде отырғанда жазған өлеңі (206 жол) болса, екіншісі – Ресейдің түрмесінде бірге отырған Аман жолдасының әкеме арнайы келіп табыстаған өлеңі (104 жол). Аман молданың айтуынша, Әбдіқалық атам қарапайым хатты да өлеңмен жазатын болған.
206 жолдан тұратын бірінші өлеңді әкем Сәдір жоғарыдан төменге дейін тексерттіріп, облыстық соттан атамды ақтаттырғаннан кейін де іздену кезінде Әбдіқалыққа қатысты делодан  тауып, көшіріп алған. Және де араб әрпімен жазылған бұл өлеңді сол уақытта арнайы мамандарға барып, қазіргі қолданыстағы әріпке ауыстырған. Өлең 1937 жылдары атамның Ақтөбе қаласының түрмесінде тергеусіз алты ай жатқан уақытында шығарылыпты. Ал бұл  өлең сол уақыттағы түрме милициясының қолына түсіп, делоға тіккіздіріп қойған екен. «Әлжекең мен Қәзекең тындағын мына ғазалды» деп басталатын осы өлеңді екінші ағасы Қазиға хат арқылы жолдаймын деп жазыпты. Ол уақытта бірінші ағасы Қазыбай тірі емес, ал қоян-қолтық араласқан үшінші ағасы Қарасай өзінен бұрын "халық жауы" болып ұсталып кеткен. Өлең мазмұнында еліне, игілік руы мен туыс ағайындарына сәлем жолдап, 9-ауылының хал-жағдайын сұрап, еліне қамқор болар азаматтардың аман болуын тілеумен қатар,  өз жағдайынан да хабардар етеді. Ақтөбедегі түрмеде тергеусіз 6 ай жатқанын, «Тірідей көрге түскендей мойынға алып қамауды» деп өздерінің жазықсыз ұсталғанын да өкпе-назымен айтып өткен. Осы өлеңде «Аза» кітабында берілген Қазыбаев Әуезге қатысты мәліметтегі (126-бет) Битенов Нағымет есімді азаматпен  (осы кітаптың 87-бетінде бұл кісінің 1937 жылдың 31 желтоқсанында атылғандығы жайлы мәлімет бар...) бірге түрмеде  жатқандығы туралы деректі кездестіреміз. Мәселен, мына жолдардан көруге болады:
...Әбдіқалық пен Нағымет,
Жүйрік бала атандық,
Қапаста шырақ жаққандай.
Көп аузына ілініп,
Мойынға таққан тұмардай.
Хош қылдық көптің көңілін,
Біреуіне дақ салмай...
         Әкем атамның ақын болғанына көзі жеткенде ұсталғанға дейінгі шығарған өлеңдерінің бар-жоқтығы туралы шындықты әжемнен сұраған көрінеді. Анамның айтуынша, Құндыз әжем «Ойда-жоқта ескертпестен әкеңді тұтқындауға келген адамдар үйді тінтіп, бар қағаздарды қапшық қалтаға салып, өздерімен бірге алып кетті» деп жауап беріпті. Кейіннен ауыл арасында айтылып жүрген «мынау Әбдіқалықтың өлеңі» деген қағаздарды да жинап алып, сақтауды құнттамапты. Себебі, жалғыз ұлына кедергісі тиер деп қорқыпты. Бір жағынан жазықсыз сотталған күйеуінің қайтып оралатынына үміттенгенге ұқсайды...
        Ал екінші өлеңнің қолымызға қалай түскендігі жайында тоқталып өтейін. Атам ақталғаннан кейін оның қалай қайтыс болғанын, жалпы ол туралы мәліметтерді білгісі келген  әкеміз түрмеде бірге болған жолдастарынан тірі қайтқандары бар ма екен деген оймен  ізденіп, сұрастыра бастайды. Бұл хабар Арал ауданының Мергенсай ауылдық округінің тұрғыны Аман молданың да құлағына жетеді. 1975 жылдарықасына бір-екі молданы ертіп атаммен бір түрмеде отырған әлгі ақсақал біздің үйге келеді. Сол кісі түрмеден осы өлеңді көйлегінің ішіне жасырып алу арқылы қиындықпен алып шыққанын айтып, әкеме табыстайды.
Сол уақыттағы ел азаматтарын жазықсыз "халық жауы" деп ұстап берген шолақ белсенділерді сынаған тұстарынан үзінді келтіріп өтейін:
Заман да заман, заман-ай!
Заманнан көріп қайтеміз,
Жауыз болды-ау адамы-ай.
Өтірікке айналды
Басқан ізі қадамы-ай.
Жол бермеді шындыққа
Осы болды жаманы-ай.
Күнә тақты аямай
Бет жүзіңе қарамай...
Нақақтан күйіп біз кеттік
Жазбасқа барма амал-ай...
...Сүйікті болып ауылға
Үкіметке ұнаған.
Шаш ал десе бас алып,
Өз керегін қоса алып,
Мүсәпір, мүскін сорлыны
Көк бөріше талаған.
Белсенді келсе ауылға
Бесіктегі жас сәби
Шырылын қойды жылаған...
         Атамның түрмедегі хал жағдайы туралы шындықты айтқан уақытта мен де өз құлағыммен естіген едім. Әсіресе, екі оқиғасы  9 жастағы бала болсам да есімде қатты сақталыпты. Соның біреуіне қысқаша тоқталып өтейін. Аман молданың айтуынша, атам қандай жағдайға тап болса да намазын бұзбайды екен. Яғни, «Түрме күзетшісі, орыс офицерлері кіріп келгенде бәріміз оқып жатқан намазымызды тоқтатып, жайнамазымызды дереу жинап аламыз. Әйтпесе, таяқтың астында қаламыз. Алайда, жалғыз Әбдіқалық қана намазын тоқтатпай оқи береді. Мылтықпен басына қанша соққыласа да қайтпай, әбден басынан қан ағып, қалжырап құлағанда ғана дауысы естілмейтін... Өз-өзіне келгенде біз олай жасамауын өтіндік, ол өзінің діни ұстанымына берік екенін айтып, құлақ аспады. Мұндай іс-әрекет жиі қайталанып, ауырып көз жұмды.  Ол уақытта өлген адамдарды сыйғанша бір шұңқырға көме салатын. Бірақ бұл кісінің қайсарлығына тәнті болған орыс офицерлері жерлеу рәсіміне құрметпен қарап, жеке көмуге мүмкіндік берді... Егерде біз сияқты жағдайға қарай өзгергенде әкеңнің тірі оралуы да мүмкін еді...» деген өкінішті оқиғасын жеткізген болатын (бұл оқиғаның да айтылатын ұзақ әңгімесі бар).
        Сонымен, бұл айтылғандар атам туралы қысқаша мәлімет ғана. Әкем атам туралы көп деректер жинастырып, үлкен естеліктер жазам деп жүргенде 54 жасында дүниеден озды (1981 ж.). Алайда, өз атасы Адайға тартып он екі баланың, яғни жеті қыз, бес ұлдың әкесі атанып, жинастырған құжаттарын бізге аманат етіп қалдырды.
Адайдан тараған немерелер де бір-бірімен тығыз араласып, «он шаңырақтың балалары» атанды. Қарасайдың баласы Тілеу ағамыз үйге жиі келетін. Әңгіменің майын тамызып айтатын ағамыздың оқыған көркем шығармаларын  баяндағанда да елді ұйыта тыңдататын қасиеті болды.  Әкесі Қарасай туралы айтқандары да, жазғандары да баршылық (мұны өз алдына сөз еткеніміз орынды болар).
Ал Әуез Қазыбайұлы туралы әжемнен естіген оқиғалардың біріне тоқталып өтейін. Ол жітіттік жасап, ұнатқан қалыңдығын алуға бел буғанда қыздың бұрынғы айттырған жағы мен біздің ағайындар арасында үлкен дау туып, шешілместей мәселеге айналған көрінеді. Әуез Әбдіқалық көкесіне  арнайы жүгініп, ушыққан мәселені шешуге көмек сұрайды. Сонда атам  қалыңдықты екі жаққа да бұйыртпай, әділ төрелігімен  дауды шешіп берген екен (Әрине, бұл оқиғаның тарихы өз алдына бөлек әңгіме...). Осындай қасиеттерін ұнатқан болар, Әуез бозбала шағында да көкесі Әбдіқалыққа өте жақын жүрген көрінеді. Оның үстіне әкесі Қазыбай дүниеден озғаннан соң көкелерінен ақыл-кеңес сұрап, жандарында жүруі де қалыпты жағдай. Аталарымыз жайындағы естеліктерден Әуездің ақын атанғанын естімеппін. Бәлкім, Әбдіқалық көкесіне еліктеп, өлең жазуы да мүмкін. Бірақ осы өлеңдегі «Білгейсің, ой, бауырым, Қарасай!» дейтіндей әке орнына әке болған Қарасай көкесіне ақыл айтатындай дәрежеде болмағаны тағы белгілі.
Жалпы, сөзімді қорытындылай келе, «Азалы жылдардан жеткен аманат жырдың» иелері – біздің аталарымыз. Жырды бір ғана авторға телу керек болса, онда оның негізгі иесіне де атам Әбдіқалықты көрсету орынды деп есептеймін. Біріншіден, қарапайым хатты да өлеңмен жазатын ақындығы, екіншіден, орысша нұсқасындағы «Пишу письмо родной брат Карасай» дегеннен-ақ өлеңнің негізгі иесі нақты туған інісі Әбдіқалықты нұсқап тұрғаны айдан анық.Оның үстіне өлеңнің басындағы түсініктемеде көрсетілгендей бірінші автор. Үшіншіден, өлең мазмұнындағы ағасына хат жолдау арқылы ішкі зарын жеткізу стилі атамның стилі екендігін Қази ағасына арнаған хатынан да аңғаруға болады.
Сонымен, 1937 жылдарда жазықсыз құрбан болған Арал өңіріндегі боздақтардың тағдыры мен ел жағдайын сөз еткен осындай асыл мұраларымыздың әлі де зерттеле түсуіне мен де  ниеттеспін.
Болат ӘБДІҚАЛЫҚОВ,
Арал қаласының тұрғыны
05 қазан 2021 ж. 654 0